ХРАПУНОВ ҚҰРЫҚТАЛА МА?

ХРАПУНОВ ҚҰРЫҚТАЛА МА?

ХРАПУНОВ ҚҰРЫҚТАЛА МА?
ашық дереккөзі
450

Талай жоғары лауазымды қызметтi атқарған Алматының экс-әкiмi Храпуновтың үстiнен қылмыстық iс қозғалды. 2007 жылы Швейцария асып кеткен экс-әкiм бүгiнде миллионерлер қатарында. Оның қандай жаза алатыны белгiсiз, белгiлiсi – тергеу амалдары құпия жүргiзiледi.

Еңбек жолын слесарлықтан бастаған, одан кейiн Алматы қаласы мен Шығыс Қазақстан облысының әкiмi, ҚР Төтенше жағдайлар жөнiндегi министр, ҚР Энергетика және көмiр өндiрiсi министрi, ҚР Энергетика және табиғи ресурстар министрi қызметiн атқарған Виктор Храпунов 2007 жылдың 1 қарашасында премьер Кәрiм Мәсiмовтiң ұсынысы бойынша әкiмдiк қызметiнен босатылған. Араға 5 жыл салып барып, 2011 жылдың 27 мамырында Алматы қалалық қаржы полициясы қолындағы билiгi мен лауазымдық мiндетiн асыра сiлтеу бабы бойынша, В.Храпуновтың үстiнен 2 қылмыстық iс қозғалды. Бiрақ тергеу амалдары құпия түрде жүргiзiлмек. Алматы қаласы прокурорының орынбасары Тимур Сүлейменовтiң айтуынша, ҚР Қылмыстық-процессуалдық кодекстiң 205-бабында көрсетiлген талаптарға сәйкес, тергеу жұмыстарының мүддесiне қайшы келген жағдайда алдын ала тергеу құжаттары жалпыға жария етiлмейдi.

2007 жылы Алматы маңайындағы сатуға тыйым салынған жерлердi заңсыз сатып, талан-таражға салды деген айыппен, әкiмдiк қызметiнен аластатылған Виктор Храпунов қазiргi кезде Швейцарияда тұрып жатыр. «Bilan» журналының 2009 жылғы қорытындысына сәйкес, ол Швейцариядағы ең бай 300 адамның қатарында. Экс-әкiмнiң есепшотындағы қаражат 300-400 миллион швейцариялық франктен (360-480 млн. АҚШ доллары) асып жығылады. Кейбiр дерек көздерiнiң хабарлауынша, миллионер оның өзi емес, асырап алған балалары. Мысалы, былтыр швейцариялық бұқаралық апарат құралдарында жарияланған деректерде оның 27 жастағы ұлы Iлиястың (ол қазiр Swiss Development Group компаниясының президентi) 350 миллион ($343 млн.) швейцар франкi бар деп көрсетiлсе, Iлиястың әпкесi Эльвира Храпунова-Бельдиманидiң иелiгiнде Женевадағы ең бай кварталдардың бiрiнде зергерлiк дүкенi мен зәулiм сарайы бар екендiгi айтылған. 2007 жылы Эльвира Храпунова Колоньи ауданындағы сарайын 32 млн. франкке сатып алғанда да шетелдiк ақпарат құралдары бiраз шулаған едi.

Оның үстiне, отандық басылымдардың бiрiнде жарияланған деректерге сүйенсек, экс-әкiмнiң ұлы Iлиястың Горная мен әл-Фараби көшелерiнiң бойына орналасқан 8 үйi, «Шымбұлақта» жер учаскесi, әл-Фараби даңғылының бойында 16 гараж бен ақылы түрде көлiк қоятын алаңдары бар көрiнедi. Ал зайыбы Ләйла Бекетова-Храпунованың қожалығында Алматыдағы бiрнеше көшедегi ғимараттар, жерасты гараждары, Шымбұлақтағы коттедж, жер учаскесi, сауда орындары, Талғар ауданына қарасты Қотырбұлақ шатқалында орналасқан «Лесная сказка» демалыс аймағы, Алматы қаласы Бостандық ауданындағы №270 балабақшаның ғимараты, Горная мен Меңдiқұлов көшелерiнiң бойындағы 57 шаршы метрлiк, 56 шаршы метрлiк, 809 шаршы метрлiк жер учаскелерi, «Весновка» бау-бақша серiктестiгiндегi 2226 шаршы метрлiк жер бар. Храпуновтар отбасының ресми және басқа адамдардың атынан тiркелген нысандарын есептесек, ұзын-саны 32-ге жететiн бiрнеше нысан, 16 шұрайлы жер учаскелерi (оның iшiнде «Шымбұлақ» тау-шаңғы кешенiндегi 2489 шаршы метр жердi қоса алғанда) бар. Қазақстандық құқық қорғау органдарының өкiлдерi экс-әкiмнiң үстiнен 2 қылмыстық iс қозғалғаны туралы ресми түрде мәлiмдеме жасағанмен, оның қылмысы не екенiн ашып айтпады. Бiрақ қаланы экс-әкiм басқарған кезде Алматыдағы әуежайдың жаңа жолаушылар терминалын салуға бөлiнген 10 млн. доллар қаржының «ұшты-күйлi жоғалып» кеткенiн, 2002-2003 жылдар аралығында Алматы әкiмшiлiгi тарапынан көпшiлiктiң пайдалануына арналған 54 учаскенi сыртқы жарнама жасайтын «Viled-Алматы» мен GeFest компанияларына басыбүтiн «сыйға» тартқанын (екi компанияның құрылтайшылары арасында экс-әкiмнiң жұбайы Ләйла мен ұлы Iлияс бар), сыртқы жарнамадан түскен жыл сайынғы кiрiс 1 млн. 300 мың долларға жуық болғанын ескерсек, Храпуновты сотқа сүйреуге себептер жеткiлiктi екенi даусыз. Сондай-ақ, «Медеу», «Емендi тоғай» алқаптарындағы 4 гектар жердi Храпуновтың немере iнiсi Сергей Стряпчевтiң «Гүлмира» ЖШС-не 1 млн. 800 мың теңгеге сатып жiберуi, «Шымбұлақ« маңындағы 2,5 гектар жердi де Стряпчевтiң өте төмен бағаға иеленуi – қылмыстық iске мұрындық болатын сияқты.

04.08.2011.

Серіктес жаңалықтары