Қазақ нарығын жаулаған қатерлi тағамдар

Қазақ нарығын жаулаған қатерлi тағамдар

Қазақ нарығын жаулаған қатерлi тағамдар
ашық дереккөзі
222

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Бала өмiрiне қауiп төндiретiн ойыншықтар, ауыр металдар мен күшәла қосылған шай, қалайыдан қайнатылатын арпа ботқасы, кадмиймен қуырылған пiсте, сапасы сын көтермейтiн шұжық, консервi, жанар-жағар май. Қазақстанға сырттан тасымалданатын импорттық тауарлардың тiзiмi – осы…

ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлiгi Мемлекеттiк мониторинг және сараптау басқармасының бастығы Асқат Хасеновтiң айтуынша, 2011 жылдың алғашқы жартыжылдығында Қазақстанға сырттан тасымалданған бiрқатар азық-түлiк құрамында улы заттар бар екендiгi анықталған. Мәселен елiмiзге Ресейден әкелiнетiн консервiдегi бұқтырылған сиыр мен шошқа етi, қақталған және пiсiрiлген шұжықтар, сондай-ақ қырғызстандық «Веселый молочник» сары майының құрамынан iшек таяқшалары табылған. Сорақысы сол, алты ай iшiнде импортталған азық-түлiк өнiмдерiне жасалған 585 тексерудiң 371-i, яғни 63,4 пайызында заң бұзушылыққа жол берiлген.

Құрамында улы заттары бар өнiмдер арасында ресейлiк тауарлар алда тұр. Мысалы «Целебный дар» шәй сусынынан – күшәла мен басқа да ауыр металдар, «Каша особая перловая» ботқасынан – қалайы, «Потеха» қуырылған пiстесiнен кадмий табылыпты. Сонымен қатар микробиологиялық көрсеткiштер талаптарына сәйкес келмейтiн өнiмдер де жетiп артылады. Өкiнiштiсi, улы тағамдар ересектерге ғана емес, балаларға арналған өнiмдер арасында да кездеседi. Атап айтқанда, «Я» алма шырыны, балапан етiнен дайындалған «Добрая долина» консервiсi т.б.

Бүгiнде базар, дүкен сөрелерiнде самсаған ойыншықтан көз сүрiнгенмен, олардың көпшiлiгi сапасы нашар қытайлық тауар екенi белгiлi. Республика бойынша өткiзiлген 35 тексерудiң 30-ында заң бұзушылық анықталып, сатушыларға әкiмшiлiк жаза ретiнде 952,5 мың теңге көлемiнде айыппұл салынған. Қытайлық ойыншықтардың басым бөлiгi бала өмiрiне аса қауiптi деп табылғандықтан, Қазақстанға кiргiзiлген трансформер, трактор, экскаваторлар мен тiкұшақ, ұшақтар сияқты ойыншықтардың 300 партиясын (23,2 млн. теңгенiң тауары) сатуға тыйым салыныпты. Сапалық стандарттардан бензин сататындар да сүрiндi. Өйткенi арнайы тексеру жұмыстарының нәтижесiнде, Қазақстандағы жанар-жағар май стансаларының 70 пайызы (175 тексеру) сапасыз мұнай шикiзатын сатқаны анықталған.

Жаз шыға жемiс-жидекке аңсары ауатын ағайынның «құлағына алтын сырға», өзбектер өсiрген қарбыздар құрамындағы нитрат көлемi шамадан тыс көп көрiнедi. Хасенов мырза аталған жайттар бойынша өндiрушiлер мен тасымалдаушыларға арнайы ескерту хаты жiберiлгенiн және әкiмшiлiк сипаттағы тиiстi шаралар қабылданатынын айтып, сендiрiп отыр. Алайда жүргiзiлген тексеру жұмыстарының небары 600-ге жуықтығын және сырттан әкелiнетiн мыңдаған өнiмнiң бақылаудан тыс қалғанын ескерсек, құрамында улы заттары бар талай тауарды күнделiктi тұтынып жүргенiмiз анық.

28 шiлде 2011 жыл

Серіктес жаңалықтары