ПЕКИН ЕУРОПАНЫ ҚИЫНДЫҚТАН ҚҰТҚАРМАҚШЫ

ПЕКИН ЕУРОПАНЫ ҚИЫНДЫҚТАН ҚҰТҚАРМАҚШЫ

ПЕКИН  ЕУРОПАНЫ ҚИЫНДЫҚТАН  ҚҰТҚАРМАҚШЫ
ашық дереккөзі
443

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Тәулiк сайын қазынасындағы қаржыдан 2 млрд. долларды сатып, оның басым бөлiгiн еуроға айналдыруға кiрiскен Пекин басты басымдықты Батысқа қарай бұрды. АҚШ-пен арадағы сауда және саяси қатынастарына сызат түскен қос мемлекет осылай текетiрессе, қаражаттан қиналған кәрi құрлық қарыз алатын жаңа серiктес тапқанына мәз.

Америкалық Merrill Lynch банкiнiң хабарлауынша, Қытай банкi соңғы айда мемлекеттiк валюта қорындағы қаражаттан тәулiк сайын екi миллиард доллардан сатып, оның үштен бiр бөлiгiн еуроға айырбастап жатқан көрiнедi. Аспанасты елi америкалық қазыналық құнды қағаздардан да бас тартуға шешiм қабылдаған сыңайлы. Мәселен Merrill Lynch сарапшылары үстiмiздегi жылдың мамырында 326,1 млрд. долларға тең болған Қытайдағы АҚШ-тың құнды қағаздары небары бiр айдың iшiнде 300 млрд. долларға күрт қысқарғанын көлденең тартады. Вашингтонның алаңдайтын жөнi бар. Өйткенi аспанасты елi америкалық құнды қағаздарды ұстауда Жапониядан кейiнгi екiншi орында тұрған болатын. Бүгiнде көптеген бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған деректерде батыстық банктердiң көпшiлiгi ҚХР валюта қорының жалпы көлемiн 3 трлн. долларға теңгергенмен, халықаралық қаржы нарығындағы ақша аударымдарына қатысты әрекеттерiн жасырын жүргiзудi қалайтын Пекиннiң «қалтасында» қанша ақша барын ешкiм тап басып айта алмасы анық. Әлемдiк экономикалық және қаржылық дағдарыстан кейiн Еуроодақ құрамындағы елдерге қарай бүйрек бұра бастаған Қытай басымдық бағыттарын ендi АҚШ-тан кәрi құрлыққа қарай аударып отыр. Долларға қатысты жағымсыз жайттардың әсерiнен халықаралық қаржы нарығында еуроның бағамы үздiксiз өсу үстiнде. Мұндай iлгерiлеу қадамы әсiресе, шiлде айының басында Греция парламентi қабылдаған жоба – «шектен тыс үнемдеу» құжатынан кейiн байқалған. Алайда Еуропаның Орталық банкi кәрi құрлықтағы қаржыға қатысты қордаланып қалған қиындықтарға қарамастан, несие бойынша негiзгi мөлшерлеменi жыл басынан берi екiншi рет (1,5%) көтердi. Банк төрағасы Жан-Клод Трише жылдық көрсеткiшi 2 пайыздан асып түскен инфляциямен күрестi банктiң басты бағыттарының бiрi ретiнде атады. Сәуiр айында бiрнеше жылға созылған қаржылық дағдарыстан кейiн алғаш рет ақша саясатын күшейтудi қолға алған еуропалық банк 0,25 пайыздан 1 пайызға дейiн өсiрген болатын. «Еуропалық банктiң басқарма кеңесi еуропалық экономиканың жүйелi түрде өсуi мен оның тұрақтылығын сақтау жолында ешқашан аянған емес. Бұл оған деген сенiмнiң артуын қамтамасыз етедi», – деп ағынан жарылған Трише инфляциямен күресте Орталық банк тарапынан несиелiк мөлшерлемелер үздiксiз көтерiле беретiнiн ашық айтты. Ал ҚХР премьерi Вэнь Цзябао өткен аптада Еуропалық Одаққа мүше елдерге жасаған iссапары барысында қарызға белшеден батқан батыстық мемлекеттерге борыш беруге мүдделi екендiктерiн жеткiздi. Сондай-ақ бiрқатар елмен екiжақты ынтымақтастық шеңберiнде мемлекеттiк деңгейдегi серiктестiк орнатуға қатысты құжаттарды қабылдаған қытай шенеунiгi Ұлыбритания мен Германияға жасаған сапарында немiстер мен қытайлар арасындағы серiктестiк туралы сауда келiсiмiне (жалпы құны 15 млрд. долларға жуық) қол қойды. Сонымен қатар Цзябао кәрi құрлыққа ақшалай да көмек беруге дайын екендiктерiн айтты: «Еуропадағы қиындықтар әлемдiк экономиканың ахуалы әлi де тұрақсыз әрi беймәлiм екендiгiн аңғартады. Алайда бұлар уақытша қиындықтар. Егер Еуропа қаласа, Қытай қаржылық тұрғыда көмектесуге әзiр».

Былтыр Португалияның 4-5 млрд. еуро көлемiндегi құнды қағаздарына қол созған аспанасты елi 2011 жылдың басында Испанияның 6 млрд. еуроға жеткен мемлекеттiк қарызын сатып алатындығын мәлiмдеген болатын. Десе де экономикасы нашарлай түскен Португалия Грецияның кебiн киюi әбден мүмкiн. Халықаралық рейтингтiк агенттiктер бiрiнен кейiн бiрi Португалияның көрсеткiшiн төмендетуде. Мемлекеттер арасындағы серiктестiк, оның iшiнде, Қытайдың еуро беделiн арттыруға күш салуы қарапайым батыстықтардың көңiлiндегi алаңды сейiлте алар емес. Осы себептi, олар қолдарындағы еуроны сақтап, көбейтуге емес, керiсiнше, жылжымайтын мүлiк алуға асығуда. Дағдарыстан құтылудың оңай жолын тапқандар қатарында әзiрге Ирландия тұр. Қаржылық құрдымнан құтылудың жалпы сомасын 85 млрд. еуроға бағаланған Ирландияға аталған ақшаның 54 пайызын Еуропалық Одаққа мүше елдер бөлдi. Алайда инвесторлардың көпшiлiгi «бұл қаражат ирландықтардың тығырықтан шығуына көмектеспейдi, сондықтан да Португалия дефолтқа ұшырайды» деген сенiмде.

Пекиннiң Вашингтонға қырын қарай бастауы тегiн емес. Экономикалық мүдделерi жиi қайшы келетiн екi ел әсiресе, сауда қарым-қатынастарындағы текетiрестерде келiсiмге келуге мүдделiлiк танытуға аса құлықты емес. Жуырда ғана ҚХР сауда министрi «бiр жағынан алғанда, АҚШ Қытаймен сауда жасаудағы тауар тапшылығына шағымданса, бiр жағынан, Қытайға жөнелтетiн экспортын шектеудi доғарар емес» деп наразылық бiлдiрдi. Соңғы кездерi Пекин мен Вашингтон арасындағы саяси қайшылықтар да жиi туындап жүр. Мәселен шiлде айының басында АҚШ Оңтүстiк Қытай теңiзiндегi дауға қалған аралдар бөлiсiне қатысты күресте Филиппиндердi жақтайтынын жеткiздi (мұнда жер дауының ушығуы тегiн емес, себебi аталған аралда мұнай мен минералды шикiзаттың аса iрi қоры болуы мүмкiн деген дерек бар). Ақ Үйдiң бұл мәлiмдемесiне Пекин де үнсiз қалмады. Қытайдың сыртқы iстер министрiнiң орынбасары Цуй Тянькай «кейбiр елдердiң отпен ойнап отырғанын» және «АҚШ-тың сол отқа күйiп қалмайтынына үмiттi» екендiгiн айтты. Алайда бүгiнде қытайлар елiндегi ақша әрекеттерiнiң басым бөлiгi юань мен доллар арқылы жүргiзiлетiнiн және қытайлық экономиканың әлi де АҚШ нарығына негiзделетiнiн ескерсек, аспанасты елiнiң долларды жаппай сата бастауы ешбiр елге айтарлықтай өзгерiс жасай қоймасы анық. Өйткенi долларды «тақтан тайдыру» үшiн әлемдiк қаржы нарығында бiрлесе қимылдау, АҚШ-қа қарсы әрекет ететiн елдердiң барлығы дерлiк Дүниежүзiлiк сауда ұйымына мүше болу, ақша аударымдарына қатысты әрекеттердi iске асыруда орталық банктер жұмыла күш бiрiктiруi тиiс. Демек доллардың «жаназасын» ендiгi шығарып қойған кейбiр ағайын болжамдарын қайта жасағаны жөн.

28 шiлде 2011 жыл

Серіктес жаңалықтары