Рамазан айында азық-түлiк бағасы арзандамақ
Рамазан айында азық-түлiк бағасы арзандамақ
Қазақстан мұсылмандарының Бас мүфтиi Әбсаттар қажы Дербiсәлi Астанада өткен Қауiпсiздiк кеңесiнiң кезектi отырысында Қасиеттi рамазан айында азық-түлiк бағасын арзандату жайында өтiнiш жасаған болатын. Бұл өтiнiшке астаналық кәсiпкерлер құлақ асып, өз ұсыныстарын бiлдiрiп жатыр екен. Ол туралы 25 шiлдеде Астанада өткен баспасөз-мәслихатында Орталық «Нұр Астана» мешiтiнiң бас имамы Қалижан Занкоев мәлiмдедi.
– Бас мүфтидiң өтiнiшi жарияланғаннан кейiн, кәсiпкерлер көмек қолын созу жайлы ұсыныспен өздерi келiп жатыр. Бұл жолдау тек бас мүфтидiң атынан ғана емес, бүкiл халық атынан жолданып отыр. Сондықтан бұл мәселеге кiм көңiл бөледi, соған Алла разылық етедi, – дейдi ол.
Қалижан Занкоевтың сөзiне қарағанда, азық-түлiк бағасын «Хан шатыр» сауда орталығы мен «Рамстор» сауда үйiнiң иелерi арзандатпақ.
– Олар жыл сайын осындай игi iске мұрындық болады. Екеуi де Түркия азаматы. «Кәусар» халал кешенiнiң басшысы мен Астанада жақында ғана ашылған «Бақара» ет кешенi де азық-түлiк бағасын арзандатуға келiсiп отыр. Рамазан айы жақындаған сайын дүкендер мен базар иелерi бағаны түсiргеннiң орнына қажеттi азық-түлiк бағаларын аспанға көтерiп жiбередi. Сондықтан да бұл мәселе де өте өзектi болып тұр, – дейдi ол.