Құрметтi мұсылман бауырлар, қымбатты отандастар!

Құрметтi мұсылман бауырлар, қымбатты отандастар!

Құрметтi мұсылман бауырлар,  қымбатты отандастар!
ашық дереккөзі
372

Шейх Әбсаттар қажы ДЕРБIСӘЛI,

Қазақстан мұсылмандары дiни басқармасы мен Азия мүфтилер кеңесiнiң төрағасы, бас мүфти:

Баршаңызды мүбәрак Рамазан айының келуiмен шын жүректен құттықтаймын! Биыл – сүйiктi Отанымыз үшiн ерекше жыл. Ел тәуелсiздiгiнiң 20 жылдығы. Дәл осы айтулы кезеңде егемен елiмiз Ислам Ынтымақтастық ұйымының тiзгiнiн қолға алып, қазақтың байтақ даласының шежiре – тарихы Исламмен бiте қайнасып жатқандығын дүйiм жұртқа паш етуде. Осынау мәртебелi қызметте елiмiзге Алла тағаладан зор абырой нәсiп етуiн тiлейiк.

Рамазан – он екi айдың сұлтаны, берекелi де кешiрiмi мол ай. Бұл айдың басты ерекшелiгi Алла тағала исламның бес парызының бiрi болған оразаны осы айда ұстауды парыз еттi. Екiншiден адамзат баласын тура жолға бағыттайтын, ақиқат пен жалғанды, сауап пен күнә арасындағы парықты айқындап беретiн қасиеттi Құран осы айда түсiрiлдi. Сондықтан бұл айда оқылған Құран аяттарының сауабы, атқарған iзгi iс-амалдардың сауабы өзге айларға қарағанда еселеп артады. Құдси хадисте Алла тағала былай дейдi: "Ораза тек Мен үшiн. Оның сыйын (сауабын) өзiм ғана беремiн. Өйткенi пенде Мен үшiн шақуат қалауы мен iшiп-жеуден бас тартты". Үшiншiден мың айдан да қайырлы Қадiр түнiнiң осы айда орын алуы да Жаратушының пендесiне тартуы.

Рамазан айында ораза ұстау – мұсылман адамның мойнындағы бес парыздың бiрi. Қасиеттi Құранда: "Ей, иман келтiргендер! Сендерден бұрынғыларға парыз етiлгендей тақуалыққа жетулерiң үшiн ораза ұстау сендерге де парыз етiлдi" ("Бақара" сүресi, 183-аят) – деп бұйырылған. Әрине, бұрынғы өткен пайғамбарлардың үмбеттерi де өз кезегiнде ораза ұстап өткен. Хадис-шарифте: "Ислам бес тiрекке негiзделген: Алладан басқа ешбiр Құдай жоқтығына және Мұхаммед Оның елшiсi екенiне куәлiк беру, намаз оқу, зекет беру, қажылық және рамазанда ораза тұту",– деп ораза ұстау исламның шартынан екендiгiн бiлдiрсе, мына хадисте: "Кiмде-кiм шын көңiлмен иланып, кәмiл иманмен, сауабын Алла тағаладан күтiп, Рамазан оразасын ұстайтын болса, оның өткен күнәлары кешiрiледi", – дей келе, оразаның ұлық ғибадат екендiгiн сүйiншiлейдi. Демек пенделiкпен iстеген кемшiлiк – қателiктерге өкiнiп, тәубаға келiп, сауабын Алла тағаладан үмiт ете ораза ұстау – барша жамандықтарға кешiрiм болары шүбәсiз. Күнәсiз адам болмайтындығын ескерсек, ораза айы сол өткен күнәлардың кешiрiлуiне себеп болмақ, бауырлар!

Ораза ұстаған кiсiге берiлетiн сауапты тiлмен айтып жеткiзу де, сипаттау да мүмкiн емес. Рамазан айы – тек оразаның сауабына кенелетiн емес, күнәлардың да кешiрiлетiн кешiрiм айы. Жаратқан Алла ораза ұстағандарды көз көрмеген, құлақ естiмеген және адамзат қиялы жетпейтiн жақсылығымен марапаттайды.

Адам пенделiкпен өзге құлшылықты көрер көзге, атақ, абырой үшiн жасауы мүмкiн. Алайда оразаны көрер көзге, риялықпен тұта алмайды. Оразаны Аллаға шын сенген мұсылман ғана ұстайды.

Алайда ораза тек таңның атысынан күннiң батысына дейiн нәр татпау ғана емес. Ораза – рухтың азығы, тәннiң шипасы. Ол денсаулықты сауықтыру арқылы тәндi рухани тазартады. Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): "Ораза ұстаңдар, денсаулықтарың жақсы болады",– деп тектен-тек айтпаған. Ораза – мұсылман үшiн үлкен сабыр мектебi. Аузы бекiтулi жан әдеп бiлмес пенделердiң өзiне жасаған кейбiр оғаш iс-әрекеттерiн көрiп, тұрпайы сөздерiн естiсе де: "Мен оразамын" – деген бiр ауыз сөзбен нәпсiсiне тоқтау салып, сабырға келедi. Ал сабырлылықтың сыйы – жәннат.

Рамазан айында құлшылығын арттырған мұсылманның әрбiр жасаған iс– әрекеттерiне еселеп сауап жазылып, ризық-несiбесi артады. Кiмде-кiм ораза ұстағанға ауыз аштырса, оның күнәлары кешiрiлiп, ораза ұстағанның сауабындай сауап алады, одан ораза ұстаушының сауабы кемiмейдi. Бiрде сахабалар ардақты Елшiге (с.ғ.с.) келiп: "Уа, Алланың Елшiсi! Бiздiң әрбiрiмiздiң ораза ұстағанды тамақтандыруға шамамыз жете бермейдi" – дегенде Алла Елшiсi (с.ғ.с.): "Алла тағала ең болмаса бiр түйiр құрма, тiптi бiр ұрттам сумен болса да қамқорлық жасағанға сауабын бередi …", – деген.

Сондықтан кедей-ғарiптердi бiр күн болса да тойындырып, қараусыз қалған мүсәпiрлердiң жанынан табылсақ, Алла тағаланың шексiз рақымына бөленерiмiз хақ.

Осы тұста, елiмiздегi барша кәсiпкер азаматтарды осындай ұлық Рамазан айында берiлетiн мол сауап үшiн өзгеге қол ұшын созып, қайырымдылық жасауға, игi iс-шараларды мейлiнше көбiрек атқаруға шақырамын. Жұртымыз қасиеттi айда Алла тағаланың ашуы мен қаһарын тудыруға себепшi арақ-шараптан, шариғатымыз тыйым салған басқа да харам iс-әрекеттерден аулақ болса деген тiлегiм бар. Мейрамханалар мен жиын-тойларда iшкiлiктiң ешбiр түрi iшiлмесе, дүкендерде сатылмаса.

Сөз соңында айтарым, оразаның жылдан-жылға он күнге кейiн шегерiлуiне байланысты биыл тамыздың алғашқы күндерiнен басталып, ыстық аптапқа тұспа-тұс келмек. Бұл өз кезегiнде мұсылман жамағатының төзiмдiлiгi мен сабырлылығына сынақ iспеттi. Шiлденiң аптап ыстығында ауыз бекiтсек, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сүйiншiлегендей жәннаттағы "Райян" қақпасының есiгiн ашуымызға септiгiн тигiзер, иншаллаһ!

Құрметтi әлеумет! Баршаңызға тауфиқты ғұмыр тiлеймiн. Ниеттерiңiз қабыл, мұраттарыңыз асыл болсын! Жүздерiңiзге нұр, жүректерiңiзге иман шуағы ұялай бергей! Жұртымыз тыныш, Отанымыз аман, тәуелсiз елiмiздiң мәртебесi асқақтап, ынтымағымыз жарасып, Алла тағаланың құт-берекесi дари бергей!

28 шiлде 2011 жыл

Серіктес жаңалықтары