КӨКПАР –

КӨКПАР –

КӨКПАР –
ашық дереккөзі
2349
Мақұлбек РЫСДӘУЛЕТ, жазушы

Ауыздықтарын қарш-қарш шайнаған сәйгүлiктер көкпарға қарай екпiндей ұмтылады. Қарсыластары оларды додаға кiргiзбеудiң әрекетiн жасап, қақпайлап, шеттетiп барады. Осы кезде өзгелерден аласалау қарагер ат төрт тағандап, екi сәйгүлiктiң арасынан сыналай алға ұмтылды. Сол екпiнмен доданы қақ жарды. Жерден ендi ғана екi көкпаршы тартыса көтере берген көк серке көздi ашып-жұмғанша өзiнен-өзi Атабектiң алдына өңгерiле кеткендей болды. Осыны күткен көкпаршы жiгiт те серкенi аса жылдамдықпен тақымына басып үлгердi. "Е, әруақ", деп тақымын қысқан кезде қарагер тағы да алдында тұрғандарды кеудемен қағып, жан-дәрменiмен алға озды. Осы кезде командалас екi жiгiт оны жанамалап келiп, жол ашты…

– Болды ендi, көк серкең көмбеден бiрақ шығады. Ендi Атабектiң қарагерiн ұстай алмайды. Қарсыластары оны додаға кiргiзбеуi керек едi, – деп, менiң жанымда тұрған республикалық Көкбөрi федерациясының бас бапкерi, халықаралық дәрежедегi ат спортының төрешiсi Нәби Момынов алға адымдады. – Неге? Қарсыластары да осал емес, қазiр-ақ көкпарды тартып алуы мүмкiн. Қараңыз, әне… – Жоқ! Әр көкпаршының, команданың, қажет десең аттың әдiс-айласы бар. Мен соны бiлгеннен кейiн айтып отырмын. Көкпар футболдан кем өнер емес. Тiптi одан да артық спорт. Мұнда көкпаршы – ат – команда арасындағы байланыс көп нәрсенi шешедi. Футболыңызда футболшы мен команданың түсiнiстiгi ғана қажет… Әнi, айттым ғой, қарагерге мiнген Нұрдәулет салымды салды. Көрдiң бе, ат доданы жарып кiрудiң әдiсiн меңгерген, көкпаршының қолы да, тақымы да күштi болуы, командаластарының оған өзгелердi жақындатпай қақпайлап кетуi нәтижесiнде салым салынды… Көкпар күштiнiң, аты мықты жалғыздың ғана емес, ұжымдық және ақылдың, батылдық пен қайсарлықтың ойыны. Көкпар дегенiңiз телегей-теңiз бiр сиқыр,– деген Нәбидiң дауысында масаттану бар едi. Нәби ағамен бұл әңгiме осыдан сегiз жыл бұрын Тараздағы Бауыржан Момышұлы атындағы атшабарда болып едi. Қайран, аға… Шежiрешi едi… Әңгiменi майын тамызып айтатын. Айтқанда да төндiрiп, сендiрiп, бар ынта-жiгерiмен, рахаттанып, өзi сол оқиғаның қақ ортасында жүргендей әңгiмелейтiн. Бүгiн Нәби Рүстемұлы Момынов ортамызда жоқ. Диктофонға жазылынып алынған сөзiн тыңдаған сайын, тереңнен ойлайтынына таңқаламын. Оның елiмiзде көкпардың дамуына үлкен еңбек сiңiргенiн одан сайын тереңiрек сезiнемiн. Көкпарды ұлттық ойынға айналдырамын деп, айтысқан, тартысқан шақтарын еске аламын. Көкпардың ұлттық спорттың төресi екенiн ақыры дәлелдеп шықты. Елде көкпардан чемпионат өткiзу қажет екенiн республика спорт басшыларына қозғау салды. Рас, ол кезде көкпар үш-төрт облыста ғана тартылатын. Егер оны Нәби ағалар сияқты ұлттық спорттың жанкүйерлерi насихаттамағанда, жастарға үйретпегенде ұлттық тағы бiр ерекшелiгiмiз кенжелеп қала беретiнi сөзсiз едi. "Ат тұяғын тай басар" дегендей кешегi күнi әкелерi мен ағалары бастаған жақсы iстi бүгiн олардың ұрпақтары жалғастыруда. Ал қазiргi көкпардың болашағы мен түйiндi мәселелерi туралы бiз Нәбидiң ұлы-көкпардан елiмiздiң құрама командасының нөмiрi бiрiншi көкпаршысы, "Әулие – Ата" көкбөрi клубы" коммуналдық мемлекеттiк қазыналық кәсiпорынының директоры, көкпардан елiмiздiң алты дүркiн чемпионы Нұрдәулет Момыновпен ой бөлiскен едiк.
БIРIНШI САЛЫМ
 

Көкпардың бiрiншi салымы ерте заманнан-ақ бар. Дәлiрек айтсақ, көкпар түркiлермен бiрге жасасып келедi. Тiптi олардың арғы тегi сақтар да көкпар тартқан деген дәлелдер бар. Алайда көкпарды сақтап қалған, әрi оны дамытқан қазақ екенi айдан анық. Тас жар қабақтардан табылып жатқан суреттер осы сөзiмiздi дәлелдеп, көкпар жерiмiзде сан ғасырлардан берi тартылып келгенiн айғақтайды.

"Көкпар" сөзiнiң төркiнi "көкбөрi". Сақ дәуiрiнде-ақ атты жансерiгi еткен, бүкiл тұрмыс-тiршiлiгi жылқымен байланысты болған халық ат үстiнде отырып ойнайтын көп ойындарды да ойлап тапқан. Солардың бiрегейi – көкбөрi-көкпар. Ертеректе жiгiттер қасқырды атпен қуып, ұрып алып сыйға тартады екен. Мұндайда шамасы келетiндер жiгiттердi аттан түсiрiп, күтiп, оның соңын ойын-сауыққа айналдырыпты. Мұны iстей алмағандар көкбөрiшiлерге мүше (сыйлық) берiп, аттандыратын. Сый-сияпатқа өзгелерден ерекше ие болу үшiн көкбөрiнi ұстағаннан кейiн, қасқырды құрметтiсiне, немесе тiлдесуге ретi келмей жүрген қыздың үйiне сыйлауға жiгiттер таласып, тартысатын болған. Келе-келе көкбөрiнi тарту бүгiнгi көкпарға ұласқан. Тiптi көкпар үшiн адам ойына келмейтiн шешiмдер де қабылданған. Ертеректе қоңсы отырған қырғыз бен қазақ арасындағы тартыста көкпардың салымына қарсыласынан асу үшiн адамды тiгiп те жiберiптi. Кейiн салымға адам тiккенi үшiн оның ұрпақтары қудалауға түсiп, бiр атадан тұқым қалмағанын да естiгенбiз. Салым қос өгiзден бастап, тоғыз-тоғызға ұласқан. Тiптi қыз жасауы да бәйгеге тiгiлiп кете берген. Айта берсек, адам ойына келмейтiн бәйгенiң түрлерi болған. Алыс жылдарға бармай-ақ, бiздiң бұл сөзiмiзге дәлел ретiнде 1993 жылы Жетiсайда Айнабек деген кiсi берген көкпарды айтуға болады. Көкпар берушi салым бәйгеге 100 ат, 100 бұқа, 100 түйе, 4 автокөлiк, 10 миллион теңге тiккен. Бұл бәйгелердi алу үшiн бiр немесе екi күн көкпар тарту жеткiлiксiз екенiн айтпаса да түсiнiктi. Не десек те көкпар тарту жiгiт үшiн сын болған, көкпар беру азаматтың арына айналған, салым тiгу көкпар берушiнiң жекжат-жұрағаттары, туған-туыстары, дос-жарандарының абыройлы парызы деп санаған. Қазақтың көптеген ойын-сауығы жылқымен байланысты. Аударыспақ, теңге iлу, қылыштасу, найза лақтыру, қыз қуу, бәйге, жабы ату, садақ тарту, сойылдасу, шоқпарласу мұның бәрi ат үстiнде өтетiн сайыс, бүгiнгi тiлмен айтсақ – спорт. Келе-келе бұл ойын түрлерiнiң кейбiреулерi ұмытылып немесе кенжелеп қалды. Бiрақ көкпар ұмытылмады. Қазақ көкпарды ұлттық өнерге дейiн көтердi. Дегенмен де заман ағымына қарай басқа да ұлттық салт-дәстүрiмiз сияқты бiр дамып, бiр тоқырады. Қазақ даласында көкпар тартпайтын ауыл кемде-кем болған кездер ұмытылған жоқ. Сонымен бiрге облыста, ауданда, ауылда көкпар тартатын адамды кездестiре алмайтын кездi де бастан кештiк. Ал кеңес өкiметi кезiнде аумалы-төкпелi заманды басынан өткiзген халық өз басын сақтап қалу үшiн күрестi. Колхоздастыру кезiнде қазақ малынан айырылды. Аштыққа ұрынған елде ойын-сауық қайдан болсын. Одан кейiн ақ пен қызылдың сойқандарынан ес жия бастағанда екiншi дүниежүзiлiк соғыс басталды. Соғыс бiткеннен кейiн Хрущевтiң заманы ұлт өнерiн тұншықтыру саясаты белең алғанда көкпаршыларға зобалаң әкелдi. Оның: "әр үйде бiр жылқы, бiр сиыр, бес қой, он тауық қана болсын" деген қағидасы көкпарға тағы да тұсау салды. Әркiм үйiнде ұстаған малына салық төлеу керек болды. Мұндайда көкпар шабатын атты ұстау қайда?!. Ұлттық салт-дәстүрiмiз дамымай, тоқырап, өмiрi елес болып қалған коммунизмге жете алмай шаршадық. Дегенмен, көкпардың дамуы елiмiздiң тарихымен тығыз байланысты. Брежневтiң заманында тiзгiн сәл босатылғанымен қажет уақытында оны тартып тұруды да ұмытпады. Тап сол уақытта көкпар қайта үрдiс алды. Той мен астың соңы бәйге берiлмесе де көкпарға ұласты. Бұл кезде көкпардың командалық емес жаппай тартыс түрi кең құлаш жайды. Көкпардың бұл түрiн тартуға 1000-ға дейiн көкпаршылар қатысыпты. Бұл Оңтүстiк Қазақстанда қазiр де кездеседi. Оның ең қызығы, шыңырау шыңы – көкпарды алып қашу. Мұндайда "көкпарды кiмнiң үйiне тастау керек?" деген сауал көкпаршының алдынан жиi шығатын. Себебi келесi көкпар берушiнi белгiлеудiң маңызы зор. Көп жағдайда көкпар шiлдехана тойын жасауға қамданып жатқан шаңыраққа тасталатын. Ал кейде қуғыншы жетiп қалған жағдайда көкпарды шеткi үйдiң есiгiнiң алдына тастай салатын болған. Кейiнiрек көкпарды алып қашу тоқтатылып, ол салым салуға ұласты. Салым туралы көп әңгiмелеуге болады. Дәулетi тасығандар салым бәйгесiне тоғыз-тоғыздан тiккен. Мәселен салымға малдың тоғыз түрiн тiккен. Тiптi тоғыз-тоғыз үйiрден де бәйге тiгу болыпты. Сол кезде ғой қырғыздың манабынан озам деп адамды салым бәйгесiне тiгiп жiберетiнi. Заманына қарай көкпаршыларға берiлер бата да өзгерiп тұрды. Ертеректе сөз жоқ: "Аман болыңдар, жеңiске жетiңдер!"дегендей ғана бата берiлмеген болар. Бiрақ бiр нәрсе анық – ат үстiнде тұрып, алақан жайып баталасқан сертпен тең деген қағида көкпаршылардың салтына айналды. "Оны бұзуға болмайды!" деген қағида бүгiн де сақталған. Бата берушi ауылдағы ең қарт кiсi де атқа қонатын. Содан кейiн ғана бата берген. Ертеректе ат үстiнде тұрып серттесiп, кейiн оны бұзғанды өлiмге қимаса да, елден бездiрген. Сондықтан да көкпаршылар ат үстiнде тұрып бата бергенде немесе бәтуаласқанда елдiң елдiгiн, ынтымақ-бiрлiгiн сақтау, халық басына түскен ауыртпалыққа бiрге қарсы тұру айтылатын, ең бастысы қысастыққа жол бермеуге серттесетiн. Көкпарды қасиет, киелi санаудың мәнiсi осында! Сондықтан да "Көкпар ұрғыр!", "Көкпар болғыр!", "Көкпардай парша-парша бол!" деген ауыр сөздiң астарында үлкен мән жатыр. Көкпар 1986 жылдың желтоқсан көтерiлiсiнен кейiн сап тыйылды. "Көкпар ұлттық өнерiмiз, спортымыз едi" деп айта алмадық. Дегенмен де қашаннан да ат спорты дамыған оңтүстiк жiгiттерi "көкпар" дегенде тақымын қыспай, делебесi қозбай шыдап тұра алмады. Олардың еркiне тұсау салу қиын болды. Облыстың Жамбыл ауданының Нәби Момынов, Мақұлбек Байгелдиев сияқты азаматтар қалтасында қызыл билеттерi болса да көкпарды қайта жандандырды. Қырғыз бауырларымен келiсiп, екi елдiң шекарасында көкпар тартылатын дәстүр қалыптасты. Бұларды милиция қызметкерлерi қуатын. Қай жақтың тәртiп сақшылары келе қалса да, қарсы жаққа өтiп кетiп, iздерiн жасырып отырды. Соған қарамастан 1987 жылы жоғарыда аты аталған азаматтардың партиялық тәртiбi Жамбыл аудандық партия комитетiнiң бюросында талқыланды. Нәби Момынов ол кезде аудандағы iргелi шаруашылықтың парторгы және аудандық партия комитетiнiң бюро мүшесi болатын. Оларды көкпар тартуды ұйымдастырғаны және тартқаны үшiн партиядан шығару мәселесi көтерiлдi. Мұнда да тартқыласып жатып, сөгiс алып, соған "тәубе" деп әрең аман қалды. Бұл хабар Қазақстанның оңтүстiгiн тез арада шарлап кеттi. Көкпар тарту кiмге болса да үлкен соққы болып тиедi деп қорыққандар айылын тез жиды.Алайда, мұндай қысымға мойымаған азаматтар көп-ақ. Жамбыл төңiрегiнде ұлттық спортымыз – көкпардың дамуына Нәби Момынов, Мақұлбек Байгелдиев, Үмбет Күшiкбаев, Сияқұл Сейiтов, Алтынбек Керiмқұлов, Ошақбай Момынов, Жанысбай Ақбаев, Құлымбет Жүндiбаев, Жасан Көккөзов, Бауыржан Тазабеков сияқты азаматтар зор үлес қосты. Талас ауданында да көкпар өзгеше дамыды. Бәйiмбет, Сұлтанәлi, Шымырбай, Әдiлбай бастаған ақсақалдар ұлттық өнердiң дамуы үшiн жастарды жандарына тарта бiлдi. Ал көкпар Жуалы жерiнде ерекше қанат жайды. Олар Оңтүстiк Қазақстан облысының Зүлпiһар, Әдiлхан, Шақанбай, Тәжiбай және қырғыздың Бекбердi, Тоқан сияқты болат қол, тас тақым көкпаршыларымен тартыса жүрiп жоғары өрледi. Әдiлбек, Қалқан, Жандар, Тұрсынбай, Арыстан, Лесбек атты көкпаршылардың есiмдерi оңтүстiкке белгiлi болды. Оларды ел құрметтеп, фамилиясымен емес өз атымен атайтын. Мұндай көрiнiстер көкпар дамыған Оңтүстiк Қазақстан, Алматы, Шығыс Қазақстан, Қызылорда, Қарағанды облыстарында да орын алғаны анық. Олардың тартыс алаңы дала болды. Бүкiл даланы құрсауда, бақылауда ұстау мүмкiн емес едi. Дегенмен де көкпар тартуға жарамды жылқылардың тұқымы құрып кетуге, көкпаршылардың ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан өнегелiк арқауы үзiлуге сәл-ақ қалды.
ЕКIНШI САЛЫМ
 

Көкпардың дамуы тәуелсiздiгiмiзбен бiрге айшықтала түстi. Алғаш Шер-аға – халық жазушысы Шерхан Мұртаза Қазақстан телерадиокомитетiн басқарған сәтiнде ат спортын дамыту жүйелендi. Тап осы кезден ат спортының түрлерi туралы ережелер қабылдана бастады. Шер-аға өмiрге әкелген "Тайбурыл" теледидар бағдарламасын халық ұмыта қойған жоқ. Жыр алыбы Жамбылдың туғанына 150 жыл толуын тойлау мен Тараз, Түркiстан қалаларының iргетасы қаланғанына– 2000, 1500, Бауыржан Момышұлының туғанына 100 жыл толуы құрметiне өткен көкпар тартыстары мен республика чемпионаттары ұлттық спортымыздың деңгейi көтерiле бастағанын анық байқатты. Әсiресе, Түркiстанда өткен жарыс ерекше болды. Ақтық айқас ежелгi Оңтүстiк Қазақстан мен Жамбыл облыстарының құрама командалары арасында өттi. Сондықтан да осы тартыс туралы әңгiмелесек бүгiнгi күнгi салым салудың әдiстерi мен машақатына аз да болса қанық боламыз.

… Ә дегеннен Оңтүстiк қазақстандықтар қарсыластарын жеңiске деген екпiндерiмен-ақ жiгерлерiн құм етiп, жайпап тастауға ұмтылды. Ойынның бас төрешiсi шымкенттiк Нұрмақан Жолдасов "тартыс басталды" деп жалауын көтерiсiмен, оңтүстiк көкпаршылары орталық шеңберде жатқан елу килолық ақ серкеге алдымен жеттi. Тартыс басталмай тұрып: "сендер Жәкеңнiң тойында кездейсоқ жеңiске жеттiңдер, бұл жолы кiмнiң кiм екенiн көрсетемiз!" деген шымкенттiктердiң екпiнi жамбылдықтардың бiрден мысын басып тастағандай. Көкпаршылардың бойында от, жеңiске деген құштарлық жоқ сияқты. Бәрi тұсалып, маталып қалғандай. Мұны алаңдағы жетi ойыншының тiлеуiн тiлеп тұрған қосалқы екi көкпаршы да, жамбылдықтардың бапкерi мен ауа райының ызғарына қарамастан жанкүйерлер арасында отырған Жамбыл облысының әкiмi Серiк Үмбетов те анық байқады. Жамбылдықтардың абыржығандарын пайдаланған оңтүстiк көкпаршылар көп терлеместен-ақ бiр салымды салып жiбердi. Қапталда төрешiлiк мiндеттi атқарып жүрген Нәби Момыновтың жiгерi құм болып, бауыры езiлiп кеткендей күй кештi. Жанарынан бiр ыстық тамшы домалап түскенiн де байқамай қалды. Тартыстың бiрiншi он бес минуты 1:0 есебiмен шымкенттiктердiң пайдасына шешiлдi. Нәтижесiнде Нұрдәулет пен Руслан көкпарды қос тақыммен мәреге апарып салды. Есеп теңестi. Осыдан кейiн-ақ жамбылдықтар құлшынып сала бердi. Ойынның аяқталуына бес минут қалғанда шағын денелi Дәулет Оңбаев есептi 2:1-ге жеткiздi. Сол кездегi ереже бойынша көкпар алаңына жетi ойыншы, екеуi қосалқы болуы тиiс. Сонымен бiрге әр командадан көкпарға он бiр ғана ат қатысатын. Алайда ойынның соңында осы ереженi шымкенттiктер сақтамады. Бас төрешi ойын уақыты аяқталса да, жерлестерiне бүйрегi бұрып, жетi минут қосып жiбердi. Бiрақ "аққа құдай жақ" дегендей бұл әрекет те оңтүстiктердi құтқара алмады. Қайта осы уақыт кезiнде 180 тоқтыға айырбасталып алынған Бұлдырыққа мiнген Айымхан тағы бiр салымды салып жiбердi. Бiрақ мұны төрешi есептемедi. Сонымен жамбылдықтар өткен ғасырдың соңғы жылының чемпионы атанды. Республикада көкпар ерекше дамыған Жамбыл және Оңтүстiк Қазақстан облыстарының бұл тартысынан тәлiм аларлық тәжiрибе көп. Тап осы ойын сол кездегi көкпардың шыңырау шыңы iспеттес. Сол сайысты жастарға әдiстемелiк құрал ретiнде әбден ұсынуға болады. Осы ойынды тамашалағаннан кейiн көкпардың болашағы жарқын екенiне сенетiндер, оған құмартатындар да көп болатындығы сөзсiз. …Нұрдәулет ойын асықпай, саралай, зерделегенiн түсiнiктi етiп жеткiзудi дәстүрiне айналдырған Ол асықпай сөйлейдi. Бұл – әке тәрбиесi. – Көкпар даму үстiнде. Ендiгi мәселе, ол дамудың қай жолын таңдайды, осыны үйлестiру шешушi рөл атқарады. Бiз көкпарды халықаралық ойын дәрежесiне көтеруiмiз керек. Бұрынғы жаппай және салма көкпар, екi көкпаршының арасында ғана болатын шаба тартыс, алып қашу түрлерi қазiр жоқтың қасы. Халықаралық деңгейге көтерiлген көкпар жаңа рең алды. Көкпар футбол, хоккей ойындарына жақындай түстi. Сондықтан да осы ойындардың тәсiлдерiн үйрену, қолдану басым. Мәселен, футболшы допсыз қалай ойнаса, көкпаршы да көкпар тақымында болмаса да сондай әрекет жасай бiлуi тиiс. Қарсылас көкпаршыны додаға кiргiзбеуге немесе көкпарды алып кетiп бара жатқан командаласына өзгенi жақындатпауды жүзеге асыру аса маңызды. Қазiргi көкпарда қорғаушы, жартылай қорғаушы және шабуылшы бар. Сонымен бiрге олар ойыншылардың тәсiлдерiн жетiк меңгерулерi керек. Мәселен бiреуi доданы жарып, серкенi алып шықса, екiншiсi жүйрiкпен мәреге салым салуға бейiмделуi тиiс, үшiншiсi оларды қорғап қарсыласты жақындатпау әдiсiн меңгергенi дұрыс. Көкпарда ат шешушi рөль атқарады. Бiр командада 5-6 жарамды ат болса, онда ол үлкен жетiстiк. Негiзiнен көкпар аты "Орлов" және қазақтың жабы тұқымдас жылқылары. Көкпарға аяғы шидиген, текежәумет, тыз етпе аттар жарамайды. Соған қарамастан кейбiр командалар көкпарға кез келген атты қоса бередi. Бұл шабандоздың жаралануына, тiптi майып болуына әсерiн тигiзуi мүмкiн. Көкпарға шабатын атты таңдауға жеңiл-желпi қарауға болмайды. Қазiр көкпар атының құны жеңiл автомәшинеден де қымбат. Мәселен қазiр бiздiң "Лазерьге" тең келетiн ат елiмiзде жоқ. Бұл атты кезiнде облыстың бұрынғы әкiмi Серiк Үмбетовтiң қолдауымен қырғыздардан бес мың долларға сатылған алған едi. Жекпе-жекте Лазерьдi жеңген, оның айласынан әдiсiн асырған ат болған емес. Шымкенттiктер өткен жылы қырғыз бауырлардан 17 мың долларға "Алатау" деген атты сатып алып, "ал ендi көремiз" деп едi, одан да түк шыққан жоқ. Менiңше, көкпар дамығанда көкпаршы мен оның атын өзге командалар мол қаржыға сатып алатын болады. Бұл қазiрдiң өзiнде басталып кеттi. – Көкпар қазақтың ұлттық ойыны. Ал қырғыз ағайындарда бiз ойнайтын ойындардың көпшiлiгi жоқ болатын. Кеңестiк дәуiрде бiз тоғыз рет қатарынан СССР чемпионы атандық. Сол кездерде әкемнiң айтуынша түлкiбастықтар Әбiлхан Дауылбаевқа, Зүлпiһар Тайырбековке, жуалылықтар Әдiлбек Тастанбековке, Қалқан Темiрбековке тең келетiн көкпаршы болмаған. Олар шын мәнiнде қайыңқаптал жiгiттер екен. Тәуелсiздiк алғаннан кейiн көкпар дамудың жаңа жолына түстi. Бiздiң ағаларымыз бен әкелерiмiздiң алдында "көкпарды қалай дамытамыз?" деген сауал да тұрды. Республикалық чемпионат өткiзбейiнше елде ұлттық ойынымызды дамыту мүмкiн емес екенiн әкем биiк-биiк мiнбелерден шаршамай, тайсақтамай айтып жүрдi. Қарсылық болды. "Көкпар қауiптi" дейтiндер мiз бақпай отырып алды. Шынын айтқанда көкпардан да қауiптi спорт түрлерi бар. Оны мен жiктеп айтпай-ақ қояйын. Бiз осылай айтысып, тартысып жүргенiмiзде қырғыз ағайындар көкпар ойынына хоккейдiң айла-тәсiлдерiн сiңiрiп, атақты кинорежиссер Б. Шамшиев пен қырғыз елiнiң үлкен қайраткерi Б.Шерниязов бас болып, 1996 жылы көкпарды халықаралық деңгейде патенттеп алды. Содан кейiн ғана "көкпар бiздiкi, сондықтан да талапты қабылдаңдар, бiздiң тәртiппен көкпар тартамыз, федерацияға мүше болыңдар" деп есiгiн ашқан болды. Осы жерде әкем тағы бiлек сыбанып шығып, олар ұсынған кейбiр ұсыныстарын қабылдауға болмайтындығын дәлелдеп, оны өзгертудi талап еттi, талабының барлығы да орындалды. Жаңа тәртiппен ойнау бiзге алғаш қиын болған кездерi де болды. Қырғыз бауырлардан жеңiлiп те жүрдiк. Не керек, ақыры әкемнiң айтуынша 2001 жылы Өскеменде алғаш рет қазандыққа салым салу көкпары бойынша республикалық чемпионат өткiздiк. 2003 жылы облыстың сол кездегi әкiмi Серiк Үмбетовтiң бастамасымен жаңа тәртiп бойынша тұңғыш рет Азия чемпионатын өткiздiк. Жетi команда қатысқан тартыста құрамында бес жамбылдық көкпаршы бар Қазақстан командасы бiрiншi орынға ие болды. Ал 2004 жылы облыс әкiмiнiң тiкелей қолдауымен облысымызда көкпаршылар клубы құрылды. Ат спорты мектебi ашылды. Ендiгi жерде ер-тұрманды мемлекет сатып әперетiн жағдайға жеттiк. Сол кезде әкемнiң қуанышы ерекше болды. "Бұл Тәуелсiздiгiмiздiң жемiсi!" деп айқай салып жүрдi… Осылай деген Нұрдәулет Момынов бiр сәт үнсiз қалып, тамағына өксiк толғандай болды. Әкеге деген сағыныш сарғая түскенiн түсiнген бiз де үнсiз қалдық.
САЛЫМДАРДАН КЕЙIНГI ОЙ
 

Тағы да осыдан сегiз жыл бұрын Нәби Момыновпен болған екеуара әңгiменi еске аламын. Нәби ағадан республикалық жарыстарда жамбылдық көкпаршылардың жеңiске жиi жетуiнiң себебiн сұрағанымда, ол жылы жымиып "А…" деп алып; "Көкпар тарту, жылқыны жақсы көру бiздiң өңiрге тән, қанымызға сiңген қасиет. Қашанда, қай кезде болмасын көкпардың сәнi тартыс, тақымның күшiн көрсету. Тартыс болмаған жерде көкпар барлық мән-мағынасынан айрылады. Мен бiздiң басты қарсыласымыз әрi әрiптесiмiз Оңтүстiк Қазақстан облысының көкпаршыларының әдiс-айласын үйрену үшiн жер-жерiн аралап, 70-ке жуық көкпар тамашаладым. Үйренерлiк жақсысы көп болды. Оны үйрендiк, соған қарсы әдiс-айланы ойлап таптық. Сонымен бiрге Шардара, Жетiсай,Сарыағаш аудандарында серкенi ерге байлап тарту белең алғанда қатты қынжылдым. Мұнда көкпаршылар тартысу әдiсiнен және тақымның күшiн көрсетуден ада бола бастапты. Тақымға баспай тартыспаған көкпар көкпар емес. Кезiнде көкпардың дамуына үлкен үлес қосқан – түлкiбастықтар оны құрметпен "зор тақым" атаған Зүлпiқар мен оның әрiптесi Әбiлхан сияқты ағалар жолынан адасқандар көкпардың дамуына керi әсерiн тигiзетiнi сөзсiз. Көкпардың тәртiбiн бұзып, салым бәйгесiн ғана алуды ойлау дұрыс емес. Мен командадағы жiгiттерiме көкпардың дәстүрлерiн сақтауды айта отырып, жаңа ережеге сәйкес айла тәсiлдердi үнемi үйретемiн. Жамбылдық көкпаршылармен тек шымкенттiктер ғана тайталаса алады".

– Сiз үшiн көкпар өмiрiңiздiң мәнiне айналған. Өзiңiз де көкпар тарттыңыз. Сондықтан да бұл саланың қыры мен сырын жақсы бiлесiз. Сiздiңше көкбөрiнi елiмiзде қалай дамытуға болады? Кiшкентай ғана Қырғызстанда 850 команда бар дегендi естiп қалдық. Оларда көкбөрi ойындары футболдан да көп жанкүйерлер жинайды екен. Бiз көкпарды қашан, қалай шын мәнiнде ұлттық ойынымыздың дәрежесiне көтеремiз? – дегенiмде; "Дұрыс айтасыз. Көкпарды әкем де, бабам да тартқан. Өзiм де тарттым, ұлым – Нұрдәулет елiмiздiң құрама командасының ең үздiк көкпаршыларының бiрi. Бiздiң жақта ұлттық өнерiмiздi ұрпақтан ұрпаққа жалғап жүргендер баршылық. Бiрақ осы ұрпақтар жалғасы басқа жақта дамымай отыр. Жалғыз бiздiң немесе шымкенттiктердiң мықты болуы, бүкiл елiмiз үшiн түкте емес" – деп толғай сөйлеген едi. …Көкпар спортын көтеру үшiн жарыс өткiзудi жүйелеу аса маңызды. Кезiнде бұл жөнiнде Нәби Момынов нақты ұсыныс айтқан болатын. Көкбөрiнi бүкiл республикада дамыту үшiн төрт- -бес аймақ бойынша жарыс өткiзiп, солардың жеңiмпаздары алтын, күмiс, қола медаль тағдырын шешулерi керек. Сонда ғана оңтүстiк өңiрлердiң командаларынан басқалар да биiк тұғырға көтерiлуiне жол ашылады. Ынта пайда болады. Болмаса олар ат терлетiп, алыс жолдан келгенде ешқандай орынға ие болмауы олардың жiгерiн құм етедi. Сонымен бiрге Халықаралық Көкбөрi федерациясы бекiткен ойын тәртiбiн мойындамай баяғыша жаппай тартыстың жырын жырлау бар екенiн жоққа шығаруға болмайды. Көкбөрi тарту шарттарының өзгеруi реттiлiктi қамтамасыз еттi. Қырғыздың Б. Шерниязовтай азаматы көкбөрiнi халықаралық спорт ойыны дәрежесiне дейiн көтердi. Мұны мойындау керек. Елiнде көкбөрi жарысын өткiзудiң нақты жүйесiн қалыптастырды. Олар да қазiр жыл сайын көкбөрiден чемпионат өткiзедi. Оларда бiр емес бiрнеше лига бар. Олардың чемпионатында өзге елдiң көкпаршысы түгiл жыл бойы бiр команданың аты екiншi командада шаба алмайды. Қазiр әлемде көкбөрi тартатын командалар қатары жылдан – жылға өсiп келедi. Тiптi жапон жiгiттерi де көкбөрi тартуға құмар болып шықты. 17 елдiң көкбөрiшiлерi бiрiгуде. Қазiр көкбөрiден Еуроазиялық жарысты Таразда өткiзуге қол жеткiзу керек. Бұл көкпардың халықаралық деңгейiн бүгiнгiден де көтеретiнi сөзсiз. Өзгелер мұны қолға алмай тұрғанда бiз алуымыз керек. Көкпардың патентiн қырғыздар алса, бiз оны әлемдiк деңгейге көтеруiмiз қажет. Осылайша Нәби ағалардың арманы орындалады. Бiраз жыл өткенiмен Нәби аға айтқан пiкiрлер мен ұсыныстар қазiр де өмiршең. Туризм және спорт министрлiгi бас болып, ат спорты федерациясы қолдап, нақты жұмыстар атқарылмаса бiзде көкбөрiнiң болашағы таяу арада жарқын болмайды. Баяғыдай ауылдың маңын шаңдатып оншақты жiгiт ермек ететiн ойын түрi болып қала бередi. Егер көкбөрi жарысын өткiзудiң кемшiн тұстарын тез арада жоймаса жiгiттердiң жiгерi құм болатыны сөзсiз. – Бiздiң "Әулие-Ата" командасында қазiр 17 көкпаршы бар, – дейдi Нұрдәулет. – Солардың көпшiлiгi жалақының аз болуынан жұмыстарын ауыстыруды ойластыруда. Қазiр құрыш бiлек, тарамыс сiңiрлi, жуалылық Қайсар Махамбетовке күш жағынан тең келер көкпаршы жоқ. Ол көкпардан, аударыспақтан, теңге iлуде спорт шеберi. Егер ол спорттың зiл темiр көтеру, қол күрестiру түрiмен айналысса олардан да спорт шеберi атанары сөзсiз. Оны көкпаршылар "Геракл" деп атайды. Бiрақ мұндай жiгiттер қазiр көкпарға келе бермейдi, себебi шабандоздардың жалақысы аз. Бiр сөзбен айтқанда, көкпаршы жастарға зәрумiз. Соның салдарынан өткен жылы жастардың республикалық чемпионатына Жамбыл облысының көкпаршылары қатыспады. Көкпар қазiр Қазақстанның бiраз өңiрiнде қанат жайғаны анық. Алайда, ұлттық спортымыз дамымай қалған облыстарды айтпағанда, шындап келгенде Жамбыл облысының аудандарында 4-5 ғана команда бар. Рас, көкпар қымбат ойын. Машақаты көп. Атты тасымалдау, оның жем-шөбiн дайындау көп маңдай тердi төгудi қажет етедi. Бiрақ халқымызға керек ойын. Сондықтан да оны насихаттау, түсiндiру жұмыстарын жүргiзу аса маңызды. Көкпар ұлттық дәстүрдi дамытуға, жастарды жiгерлiлiкке тәрбилеуге бағытталғаны жөн. Нағыз көкпаршы арақ iшпейдi, темекi тартпайды. Жылқы мiнезiн бойына сiңiрген азамат таза, иманды болып өсiп, өзгеге қысастық жасамайды. Бұл қасиеттi бойына сiңiрмесе оны аттың киесi, тегi ешқашан да жiбермейдi. Үнемi жылқымен жүрген адам мейiрiмдi болады. Жаны жаз, ойы терең болу ат үстiнде жүрген адамның қасиетiне айналады. Эпостық жырларда батырлар бейнесi сәйгүлiгiнiң қасиетiмен бiрге астаса жырлануы да бекер емес. Жылқыны киелi санаған халқымыз қадiрлiсiне басқа түлiк сыйламай, ат мiнгiзетiндiгi де сондықтан. Жылқыны "пырақ" деп атауының астарында үлкен мән бар. Шын мәнiнде көкпарда ғана жылқының барлық қасиетi көрiнiс табады. Қырғыз бауырлар серкенiң салмағын 20 килоға дейiн азайтты. Бiрақ, Нәби Момынов бастаған азаматтар жаңа ережеге көптеген өзгерiстер енгiздi. Серкенiң салмағын 30-35 килоға жеткiзудi талап еттi. Көкпаршының көсiлiп шабуына, доданың тартысты болуы үшiн алаңды үлкейту туралы да айтылды. Сонымен бiрге көкпардағы кейбiр терминдердi өзгерттi. Мәселен, »булит», »тайқазан» деп аталатын терминдердi басқаша атау ұсынылды. Бұл ұсыныстар негiзiнен сол кезде қабылданғанымен қазiр қырғыздардың қалауынша аталуда. Қазандықты қазақ үшiн қасиеттi сөз болып табылатын "тайқазан" атымен атауға болмайтындығын ұмытпаған жөн. Команда да құрамында 10 ат, 11 көкпаршы болып бекiтiлген едi. Алаңда олардың бесеуi тартысқа түседi. Көкпаршылар хоккейдегiдей қалаған уақытында ауыса беретiн болды. Қазiр халықаралық деңгейдегi ойындар осы тәртiп бойынша өтедi. Ал өткен жылы қазақстандық көкпаршылар кейбiр реттiлiктердi өзгерттi. Мәселен қазiр бiр команда да 12 ат, 12 көкпаршы болатын болды. Сонымен бiрге қазандықты жұмсақ резинкадан жасау мәселесi де көтерiлдi. Қазiргi қазандық аттардың аяқтарын жаралауда. Бұл түйiндердi әзiрге ешкiм шешуге ұмтылғысы келмейдi. Шешкiсi де келмейтiн сияқты. Сонымен бiрге қазiр еуропалықтар көкпарда серке сойып, оны тартқылауға қарсы. Серкенiң орнына соған ұқсастырылған қуыршақты тартуды ұсынып жүр. Заман талабына қарай бұл да дұрыс шығар. Мұны да шешу керек. Көкпар түрленуде. "Қазақстан" Ұлттық телеарнасы көкпар ойындарынан репортаждар берудi дәстүрге айналдырғаны қуантады. Бұл құптарлық өте жақсы iс! Ендi сол репортаждарды көкпар алаңынан тiкелей жүргiзсе ғажап болар едi. Ұлттық ойынымыздың дамуына телекөрсетiлiмдер үлкен ықпал жасайтыны анық. Қазiр ұлттық мүдденi көп ойлайтын, сол бағытта еңбек етiп жүрген азамат Қайрат Сатыбалдының бастамасымен құрылған Ұлттық спорт қауымдастығының халықтық салт-дәстүрдi дамытуға қосатын үлесi шексiз болмақ. Қауымдастық көкпармен бiрге өзге де ұлттық ойындарды дамытуды қолға алуы, демеушiлiк жасауы қуантады, көңiлге нұр құйяды… Көкпар қазақ халқының бүгiнгi заманға жеткен бiрден-бiр ұлттық ойыны, бұл қанмен келген қасиет. Сондықтан да қандай қысым болса да көкпар қазақпен бiрге жасасып келедi. Азияда қазақ көкпаршыларына тең келетiндер жоқ. Көкпардың өз серкелерi өмiрге келдi. Кезiнде жуалылық көкпаршылар республикада бiрiншi орында болғанын да ұмытпаған жөн. Олар республиканың тұңғыш чемпионы. Қазiр елiмiзде "Әулие-Атадан" биiкке көтерiлген команда жоқ. Олардың көкпаршылары шетiнен шебер, қайтпас, қайсар. Қырыққа жуық жамбылдық ат спорты, көкпар бойынша спорт шеберi атанды. Алдағы жылдары бiрнеше көкпаршы халықаралық дәрежедегi спрот шеберi атанатыны анық. Бiраз жамбылдық көкбөрiшiлер елiмiздiң түкпiр-түкпiрiнде өнер көрсетуде. Еңбегi сiңген жаттықтырушы атағын алғандар да бар. Мұның бәрi Нәби Момынов сияқты дарабоз көкпаршылардың өшкенiмiздi жандырғанының белгiсi, жемiсi екенi рас болғанымен түйiндi мәселелер де әлi жетерлiк. Ұлттық ойынның дамуына Нәби және оның iзбасарлары сияқты ұлтжанды азаматтар керек-ақ… Үстiмiздегi жылы Ұзынағашта көкпардан республика чемпионаты өтедi. Осыған дейiн өткен он чемпионаттың алтауында жеңiмпаз болған жамбылдықтар биылда намысты қолдан бермей үшiн таяу күндерi дайындықты бастайды. Сонымен бiрге биыл Бiшкекте Ататүрiктiң туғанына 130 жыл толуына орай Б. Шерниязовтың ұйымдастыруымен, түрiк кәсiпкерлерiнiң қолдауымен халықаралық жарыс өтедi. Қазiр Нұрдәулет Момынов басқаратын "Әулие-Ата" көкпаршылар командасы қиындықтарды сырып тастап, ел намысы үшiн тартысуға дайын. – Жақында бiздiң үйге Боолатбек Шерниязов келiп, әкеме көңiл айтты. Әкемнiң көкбөрiнi дамытудағы сiңiрген еңбегiн көп айтты. "Бiздiң елдiң жағдайы Қазақстандағыдай болса бiз көкбөрiнi әлемдiк деңгейге баяғыда көтерер едiк. Өкiнiштiсi, сiздерде ұлттық өнердiң, ойынның етегiнен тартатындар көп пе деп ойлап қаламын", дедi. Сонымен бiрге ол өзiнiң мұхиттың арғы жағына барып, американдықтарға көкпар үйреткенiн де айтты. "Бiшкектегi жарысқа iрi-iрi қара нәсiлдi көкпаршылар келсе таңғалмаңыздар" – деп күлдi, – деген Нұрдәулет тағы да елдегi көкпардың жайы туралы әңгiмесiн жалғастырды… … Ауыздықтарын қарш-қарш шайнаған сәйгүлiктер көкпарға қарай екпiндей ұмтылды. Бура сан, құрыш бiлек, темiр тақым көкпаршылар салым салуға тағы да тартысқа түстi. Әлден соң көк серке көкпаршылар арасында таспадай созылды…

Серіктес жаңалықтары