АЛҒАШҚЫ БАЙЛЫҚ – ДЕНСАУЛЫҚ

АЛҒАШҚЫ БАЙЛЫҚ – ДЕНСАУЛЫҚ

АЛҒАШҚЫ БАЙЛЫҚ  –  ДЕНСАУЛЫҚ
ашық дереккөзі
292

Ел тәуелсiздiгiнiң 20 жылдығына Қызылорда облысы дайындаған арнайы сыйлар жетерлiк. Олардың iшiндегi ең маңыздысы – халықтың әл-ауқатын көтеруге, денсаулығын жақсартуға бағытталған шаралар. Осындай нысандардың бiрi – Қызылорда қаласындағы 200 төсектiк перинаталдық орталық болса, тағы бiрi – Қызылорда қалалық емхана құрылысы.

Қазiргi таңда облыс басшылығы денсаулық сақтау саласының дамуына айрықша көңiл бөлiп отыр. Мұның айқын дәлелi – аймақта денсаулық сақтау саласын қаржыландыру жылдан-жылға артып келедi. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының бюджетi 2008 жылы 13,1 млрд. теңге, 2009 жылы 17,3 млрд. теңгенi құрады, ал 2010 жылы 12,7 млрд. теңге құраса, 2011 жылы 16 млрд. теңгенi құрады.

Осы саладағы игi жаңалықтардың бiрi – 2009 жылдан берi санитарлық авиация жұмысы жолға қойылып, шалғай елдi мекендерге дер кезiнде медициналық көмек көрсетiлуде. Санитарлық авиация республикалық барлық аймағында бiрдей толық енгiзiлмегенiн ескерсек, бұл өзгерiс алыс аймақтың тұрғындарының өмiрi мен денсаулығын сақтауға зор ықпал етерi анық.

Жалпы, облыстың денсаулық сақтау саласына 2010 жылы республикалық бюджеттен 984,1 млн теңге, жергiлiктi бюджеттен 208,8 млн. теңге бөлiндi.

Қымбат бағалы заманауи құрал-жабдықтар – магниттi резонанстық томограф (МРТ) пен компьютерлiк томография (КТ) алынғанын мақтанышпен айту керек.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасына қарасты емдеудi алдын-алу ұйымдарын санитарлық автокөлiкпен қамтамасыз ету мақсатында, 2008 жылы 47 санитарлық автокөлiк, 2009 жылы 42 санитарлық автокөлiк, 2010 жылы 20 сан автокөлiк алынған.

2009 жылы облыстық бюджеттiң есебiнен 32 елдi мекендерiнде медициналық пункттердiң, 9 дәрiгерлiк амбулатория құрылыс салынса, Қызылорда қаласындағы № 5 емхана кеңейтiлiп, № 6 емхана күрделi жөндеуден өткiзiлдi.

2010 жылы жергiлiктi бюджет қаржысына 7 медициналық пункт, ал Байқоңыр қаласында әйелдерге кеңес беру орталығы кiрiктiрiлген перзентхана салынды. Сырдария ауданындағы Қалжан-Ахун елдi мекенiндегi дәрiгерлiк амбулаторияға және Қармақшы ауданындағы Ақжар елдi мекенiндегi дәрiгерлiк амбулаторияға ғимараттар сатып алынды.

Соңғы үш жылда облыста Қазақстан денсаулық сақтау iсiн реформалау мен дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасын iске асыру жөнiндегi iс-шаралар жоспарына сәйкес бiрқатар шаралар қолға алынды. Оның iшiнде мамандарды бiлiмiн тереңдету курстарында оқыту, мемлекеттiк тапсырыс шеңберiнде орта кәсiптiк бiлiм беру орындарындағы студенттердiң шәкiртақысын кезең-кезеңiмен ұлғайту шаралары бiртiндеп жүзеге асуда. Бiр айта кетерлiк жайт, соңғы жылдары Қызылорда медициналық колледжi бойынша шәкiртақы 4 есе өсiп, 12 187 теңгеге жеттi.

Соңғы бес жылда аймақта 165 медициналық ұйымдарының басшылары мен қаржы мамандары қайта даярлау курстарынан өткiзiлген. Сонымен қатар, бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсету ұйымдарынан 237 дәрiгер (терапевт, педиатр) қайта дайындау және бiлiктiлiгiн арттыру курстарында оқып келдi. Басқаша айтқанда, бүгiнгi таңда қайта даярлау курстарынан өткен дәрiгерлердiң 60 пайызға жуығы (140 дәрiгер) жалпы тәжiрибелiк дәрiгер мамандығы бойынша қызмет атқаруда.

Дәрiгерлердiң бiлiктiлiк деңгейiн арттыру үшiн республикалық алдыңғы қатарлы медициналық бiлiм беру және ғылыми ұйымдардың мамандарымен 2008 жылдан бастап акушерлiк-педиатриялық сала бойынша 6 мастер-кластар, тренинг-семинарлар өткiзiлдi, оларда 174 педиатр, 165 акушер-гинекологтар, 190 терапевтер оқытылды. Хирургия қызметi бойынша 4 мастер-класстар өткiзiлiп, оған 78 хирург дәрiгерлер қатысқан. Терапия қызметi бойынша 207 дәрiгерге 5 мастер-кластар өткiзiлдi.

Жылдан-жылға күндiзгi емханалардың төсек-орны көбеюде, егер 2004 жылы 280 адамға арналған емханалар былтыр 871 адамды қабылдай алатын. Ал 2011 жылы олардың санын 1013-ке жеткiзу жоспарланған.

Жергiлiктi бюджеттен тегiн және жеңiлдетiлген дәрi-дәрмектермен қамтамасыз етуге 2010 жылы 811 852,0 мың теңге бөлiнген, бұл 2008 жылмен салыстырғанда 1,7 есе, ал 2009 жылмен салыстырғанда 1,05 есеге артық.

Ана мен бала денсаулығын сақтау да жiтi назарда. Облыстық медициналық орталық құрамындағы перинаталдық орталықта, қалалық перзентханада 6 төсек-орындық, аудандық ауруханалардың туу бөлiмшелерiнде 3 төсек-орындық жаңа туылған сәбилерге арналған реанимация бөлiмдерi ашылды, олардың бәрi заманауи құрал-жабдықпен қамтамасыз етiлген. Жүктi әйелдердi есепке алу, оларды емханаларға орналастыру, қауiпсiз жүктiлiктi қамтамасыз ету бағытында тыңғылықты жұмыстар атқарылды. Осы жұмыстардың нәтижесi, әйелдердiң денсаулық индексi былтыр 2006 жылмен салыстырғанда 16 пайызға дейiн артты.

Осы бағдарлама бойынша 2008 жылы туберкулезге қарсы мекемелердi медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету мақсатында 519,6 мың теңгеге заман талабына сай жабдықтар сатып алынды.

Әлеуметтiк аурулардың алдын алуды, диагностикалауды, емдеудi және оңалтуды жетiлдiру үшiн жергiлiктi бюджеттен 54,7 мың теңгеге облыстық туберкулезге қарсы диспансер төсегi есебiнен 6 төсектiк реаянимация бөлiмi ашылды. Қалалық тубдиспансер есебiнен 50 төсек-орын туберкулездiң мультирезистенттi түрiн емдейтiн бөлiмшеге оңтайландырылды.

Ересектерге арналған «Шалхия» шипажайында күрделi және қайта жөндеу жұмыстары жүргiзiлiп, төсек-орын саны 200-ге жеткiзiлдi, қазiргi таңда шипажай халық игiлiгiне қызмет етуде.

Сонымен қатар, 2010 жылы облыстық туберкулезге қарсы диспансердiң зертханасы жаңа ғимаратқа көшiрiлiп, жергiлiктi бюджеттен 11 млн. теңгеге алынған заманауи қондырғы «Бактек» iске қосылды, арнайы еммен ерте қамту мүмкiндiгi жақсарды.

Дегенмен облыс басшылығы бұл жетiстiктермен шектелiп қалмақшы емес. Биыл 7 дәрiгерлiк амбулатория, 14 медбекет салыну жоспарланған. Бұған қоса Төретам ауылында емхана құрылысы басталып, 4 нысанға күрделi жөндеу жүргiзiледi.

Бауыржан ОМАРОВ

Серіктес жаңалықтары