Қырғызстан қазақтары туралы бiрер сөз

Қырғызстан қазақтары туралы бiрер сөз

Қырғызстан қазақтары туралы бiрер сөз
ашық дереккөзі
778

Дүниенiң әр түкпiрiне тарыдай шашылған қазақтар көршi әрi бауырлас ел Қырғызстанда да тұрып жатыр.

Егер қазақ диаспорасының шетелдегi саны бойынша бiрiншi орынды Қытай қазақтары, одан кейiн Өзбекстан қазақтары, үшiншi орынды Ресей қазақтары, төртiншi орынды Моңғолия қазақтары алатын болса, қазiргi уақытта Түркiменстандағы бауырластарымыздың елiмiзге жаппай оралуына байланысты бесiншi орынға Қырғызстан қазақтары шықты.

Қырғызстан қазақтарының ресми саны 46 мың көлемiнде, бiрақ нақты саны жүз мың деп нық сенiммен айта аламыз. Әрине, мұндай алшақтық қайдан шықты деген сұрақтың туындауы заңды да?.

Жалпы, Қырғызстандағы қазақтар ол елдiң барлық аумағында кездеседi, ал негiзiнен Шу, Ыстықкөл, Талас облыстары мен Бiшкек қаласында көбiрек қоныстанған (тек Бiшкектiң өзiнде он үш мың шамасында қазақ тұрады). Тiлдiк және сан жағынан алатын болсақ, жоғарыда айтып кеткендей 46 мың қазақ – төлқұжатына нақты қазақ болып жазылған қазақтар да, қалғаны өзiнiң қазақ екенiн бiлетiн, әртүрлi жағдайда қырғыз болып жүрген, бiрақ ассимиляцияның әртүрлi деңгейiндегi қазақтар. Олардың басқа ұлт болып жазылып жүруiнiң көптеген себептерi бар. Қазақ пен қырғыз қойы-қоралас, ауылы-аралас болғандықтан аралас неке молынан кездеседi. Ең бастысы, қазақтар Қырғызстан аумағында ежелгi замандардан берi тұрады. Бiрақ қазақтардың 1930 жылдардағы аштық кезiнде Қазақстан аумағынан қазақтардың көптеп кетуi Қырғызстандағы қазақтар санын өсiрдi. Мұның өзiнде аштықтан тiрi қалған, аман-есен жеткен қазақтар ғана болатын. Өткен жылы Елбасы репрессия құрбандарын еске алу кезiнде ХХ ғасырда қазақ халқы өзiнiң 70 пайызын жоғалтқанын атап өткенi мәлiм. Қыр қазағын қызыл әскерлер алдарынан тосқауыл жасап, талай рет пулемётпен жусатқаны жазылып, хатпен баяндалып қалған. ГПУ-дiң арнайы қаулысымен аштықтан босқан қазақтарды басқа жаққа өткiзбеу үшiн пулемёттiк-қоршау отрядтары құрылған. Сол қанды қырғындарға қатысқан "қызыл әскер" жауынгерi көп уақыт өте келе былай еске алады (оның айтқан сөзiн сол қалпында берудi жөн көрдiм): "На вершине холма отряд остановился. Жуткая картина предстала перед нами. Караван кибиток, набитых детьми, стариками, женщинами, под охраной всадников – мужчин, спустился с песчаных холмов к пересохшему ручью и тут был встречен огнем пулемета, установленного на вершине большого бархана. Это был отличный пулеметчик. Перестрелянные лошади, люди, ползающие и визжащие женщины, орущие дети, вой и проклятья мужчин. Некоторые из них, человек пять с оружием, пытаются отстреливаться, чтобы спасти своих родных и падают от меткого огня стрелка. Пулеметчик не жалеет никого. Вот свалилась маленькая девочка, спасающего своего маленького братца, вот попало старухе, прятавшейся за кибиткой, вот… впрочем… Из-за наших спин выскакивает, прорвавшийся через стада Джаркентский эскадрон и несется на остановившиеся кибитки. Тут начинается настоящая резня, бойцы рубят все, что осталось живым". Бұған басқа не қосуға болады?! Осындай қанқасап қырғыннан аман қалған қазақтардың азғантай бөлiгi Алатау баурайындағы бауырларымыздың да елiне сүйретiлiп жеттi. Қазiр бұл елде қазақтар саны жағынан қырғыз, өзбек, орыстардан кейiнгi төртiншi орында. Шоқан Уәлиханов ХХ ғасырда өз саяхатында қырғыз халқының тұрмыс-тiршiлiгiн суреттеп берген едi. Әлемге "Манасты" танытқан да едi. Ал кейiн ұлы Мұқаң – Мұхтар Әуезов оны одан әрi насихаттауға көп еңбек сiңiрдi. Шәкәрiм атамыз өз еңбектерiнде қырғыз халқына қатысты да мәлiмет берiп кеткенi белгiлi. Кейiнгi кезде Мұхтар Шаханов пен Шыңғыс Айтматовтың достығы туралы да бiлемiз. Бұл – екi адамның, екi ұлт өкiлiнiң достығы ғана емес, қазақ-қырғыз бауырмалдығының бiр көрiнiсi. Жалпы, қазақ-қырғыз қарым-қатынасы туралы көп жазылғандықтан оған тоқталу қажет емес, бiрақ этникалық аралас-құраластық әуелден орын алғандығына тоқтала кетудi жөн көрдiм. Мәселен Сарыарқада "жаңа қырғыз", "бай қырғыз" деп аталатын қазақ рулары бар. Керiсiнше қырғыз арасында да "қазақ" деп аталатын ру да бар. Одан басқа қазақ халқының құрамындағы арғын, қыпшақ, қоңырат, қатаған, найман, қаракесек және т.б. ру-тайпаларды қырғыз арасынан да көремiз. Бiр ғажабы, Орта жүз iшiндегi арғын тайпасының таз, ақташы, қыпшақ тайпасының торыайғыр, сары руларын қырғыздың қыпшақ тайпасының арасынан да кездестiруге болады. Қытайда "Тарбағатай қырғыздары" деген атпен белгiлi қазақтар да сол байланыстың белгiсiндей. Ендi Қырғызстан қазақтарының алдында тұрған мәселелерге де арнайы тоқталып кетсек. Бiрiншi – тiл мәселесi, өйткенi қазiргi күнi олардың жеке газет-журналдары не қандай да бiр теле не радио хабарлары жоқ. Менiң ойымша, Қазақстандағы кейбiр iрi диаспора өкiлдерiнiң газеттерi мен телерадио хабарлары мемлекет есебiнен қаржыландырылатынын ескере отырып, сырттағы, оның iшiнде Қырғызстандағы қазақтардың баспасөзiн ашуға және де қаржыландыруға болар едi. Екiншi – мектеп мәселесi. Қырғызстан қазақтары Бiшкекте қазақ мектебiн ашу туралы әңгiменi қозғап келе жатқанымен, "жабулы қазан жабулы күйiнде" қалып отыр. Сонымен қатар, қазақ тiлiн оқытып-үйрететiн жексенбiлiк мектептердi көбiрек ашу қажет. Үшiншi – елiмiзге қайтып келем деген қазақтарға барынша жағдай жасау. Сан мыңдаған қырғыз "гастарбайтерлерiне" (сыртта нәпақасын тауып жүрген қырғыздың саны 1 миллион болды) жұмыс тауып, отбасыларын асырауларына жағдай жасап отырған Қазақстан Үкiметi Қазақ елiне көшiп келем деген қазақтарды орналастыруға бар күшiн салуы керек. Ресми деректерге қарағанда 1999-2009 жылдар аралығында Қазақстанға Қырғызстаннан төрт мың шамасында қазақтар көшiп келген. Саны одан да көп болуы мүмкiн. Төртiншi – жұмыссыздық мәселесi. Жалпы, қырғыз азаматтарының бестен бiрi нәпақаларын сырттан тауып жүргенiн ескере отырып, сондағы қазақ азаматтарына жұмыс көздерiн қарастыру қажет. Қазiргi күнi Қырғызстанға сырттан келiп жатқан инвестициялардың 80 пайызы Қазақстаннан екенiн ескере отырып, бiрiншi кезекте оларды тарту қажет. Қырғызстандағы қазақтар арасынан көптеген ғалым, саясатшы, мәдениет қайраткерлерi көп шыққан, оларды екi елдiң мүддесiнде достық қарым-қатынастарын күшейту үшiн барынша пайдалану қажет. Қырғызстанда "Алаш" және "Отан" деп аталатын екi қазақ мәдени орталығы бар. Сырттағы барлық қазақ мәдени орталықтары сол елдермен байланыстың алтын көпiрiне айналуы үшiн аталған орталықтарға Ел Үкiметi бар көмегiн аямауы тиiс. Қысқаша шолу жасаған кездегi Қырғызстандағы қазақтардың жай-күйi осындай.
Амандық ӘМIРХАМЗИН

Серіктес жаңалықтары