ҚЫЛМЫСТЫҚ ТОПТЫҢ КӨЗI ЖОЙЫЛДЫ

ҚЫЛМЫСТЫҚ ТОПТЫҢ КӨЗI ЖОЙЫЛДЫ

ҚЫЛМЫСТЫҚ ТОПТЫҢ КӨЗI ЖОЙЫЛДЫ
ашық дереккөзі
184

Шiлденiң 8-iнде Ақтөбе облысының Шұбарши ауылында екi полицейдi өлтiрген қылмыстық топ қоршауға алынып, 9 адам арнайы жасақ қолынан қаза тапты. Атыста тағы бiр сарбаз мерт болып, бiрнеше жауынгер жараланған. Қылмыскерлер Ақтөбе облысының Кеңқияқ ауылында қолға түскен. "Қазақпарат" агенттiгiнiң хабарлауынша Кеңқияқ кентiнiң Мұнайшылар көшесiнде орналасқан үйлердiң бiрiн тiнту кезiнде майор шендi Айболат Иманбаев та оққа ұшып, полиция сержанты Тұрарбек Ешпағамбетов жараланған.

Маусымның 30-ынан шiлденiң 1-iне қараған түнi Ақтөбе облысындағы Шұбарши ауылында екi полиция қызметкерiн және тағы бiр арнайы жасақ сарбазын белгiсiз бiреулер атып кеткен едi. Шұбаршиден шыққан ши жайында ақпарат құралдары түрлi болжамдар жасап, терроризм қаупi Қазақстанды да торуылдай бастады деп сәуегейлiк танытып та қойған едi. Ақпарат құралдарының көбi шұбаршилiк баскесерлердi "уахабистер" деп айдарлап үлгерген.

Биыл мамырдың 17-ciнде Ақтөбеде 23 жасар жас жiгiт Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң ғимаратының алдында өзiн-өзi жарып жiберген болатын. Бiр жарым айдан кейiн Шұбаршиде ши шықты. Шын мәнiсiнде Ислам дiнiн жамылған дiни эктремистiк топтардың Қазақстанға жеткенi ме, жоқ кейбiреулер бiржақты тұжырым жасауда тым асығыстық жасаған жоқ па? Осы жағы ойлантады. Шұбаршиде құрықталған топты ақпарат құралдарының барлығы терiс дiни ағымды ұстанады деп күстаналауда. Кейбiр дерек көздерi олардың мұнай ұрлығына қатысы бар деген болжам айтады. Ал ресми органдар бұл қарулы топтың қандай бағытты ұстанатынын, нелiктен полицейлермен қақтығысқанын анық айтып бере алмай отыр.

Шiлденiң 11-iнде Астанада брифинг өткiзген Iшкi iстер вице-министрi Марат Демеуов полицейлердiң өлiмiне қатысты деген күдiкпен тағы екi адамның ұсталғанын мәлiмдедi. Ендi бұл азаматтар өмiр бақи түрмеге тоғытылатын болады.

– Бүгiн, яғни 11 шiлдеде тағы екi адам қолға түстi. Сөйтiп 11 адамнан құралған қылмыстық топ түбiрiмен жойылды, – дедi вице-министр.

Шағын ғана 4000 адамы бар ауылдағы бiр аптаға жалғасқан дүрбелеңге осымен нүкте қойыла ма? Егер шынымен терiс ағымдағы дiн өкiлдерi болса, олардың түбiрiмен жойылғанына қандай кепiлдiк бар? Ресми билiк өкiлдерi қылмыстық топ мүшелерi терiс дiни өкiлдерi дегендi растамай отыр, жоққа да шығармайды. Қазiр оларға тағылып отырған ресми айып бiрнеше полицейдi атып өлтiргенi және мұнай ұрлығымен айналысқаны.

Ауыл тұрғындарының айтуы бойынша, ауылда үш мешiт бар екен. Бiрақ үшеуi де қараусыз қалған. Қазақстан мұсылмандар дiни басқармасы бұл ауылдағы мешiттiң немен айналысатынымен шаруасы да жоқ. Сондықтан да үш мешiт үш түрлi ағымды уағыздайды. Қазақстан дiни басқармасы Шұбарши ауылына жаңа имам жiберуге уәде бердi. Бiрақ асқынған ауруға мұның қаншалықты ем боларын кiм бiлсiн.

Осы ретте мәселенiң екiншi қырына, әлеуметтiк қырына үңiлген абзал сияқты. Ауыл тұрғындарының айтуы бойынша, мұнайлы аймақ болса да, Шұбарши ауылында әлеуметтiк жағдай өте қиын. Жастар жұмыссыз. Ауылда жұмыс орындары жоқ. Қытай мұнай компанияларында жергiлiктi жердiң адамдары жұмыс iстемейтiн көрiнедi. Ауыз су тапшы. Жалпы, ауыл тұрғындарының әлеуметтiк жағдайы сын көтермейдi. Қытай мен Қазақстан арасына салынған мұнай құбырынан шикi мұнай ұрлап, сатумен айналысқандар баршылық. Яғни мәселеге тек дiни экстремистiк ағым тұрғысынан ғана емес, қордаланып қалған әлеуметтiк проблемалар тұрғысынан да қараған абзал болар.

>«Түркiстан-ақпарат»

Серіктес жаңалықтары