Энергоблог қайта iске қосылды

Энергоблог қайта iске қосылды

Энергоблог қайта iске қосылды
ашық дереккөзі
352

ENRC құрамындағы Еуроазиаттық энергетикалық корпорациясына қарасты Ақсу ЖЭО-ның №2 энергоблогы қайта қалпына келтiруден кейiн iске қосылды.

Салтанатты iске қосу рәсiмiне Павлодар облысының әкiмi Бақытжан Сағынтаев пен Еуроазиаттық энергетикалық корпорациясының бiрiншi вице-президентi Марат Бұғыбаев қатысты. Жоба екi жылдың iшiнде жүзеге асырылды. Инвестициялар шамамен 250 млн. АҚШ долларын құрады. Жоба үдемелi индустриялық-инновациялық даму мемлекеттiк бағдарламасына енгiзiлген. Қайта қалпына келтiру жұмыстарының арқасында энергоблоктың қуаты 325 МВт-қа жеттi. Бұл ЖЭО қуаттылығын 2 425 МВт-қа жеткiзедi.

Қайта қалпына келтiру энергоблоктың барлық жабдықтарын ауыстыруға мүмкiндiк бердi. Атап айтқанда, әлемге танымал компаниялардың үздiк технологияларымен жасалған жаңа әрi анағұрлым қуатты турбогенератор, котлоагрегат, генератор мен трансформаторлар қойылған. Сонымен қатар, атмосфераға шығатын заттардың 99 пайызын ұстайтын электрофильтрлер орнатылған. Блок жұмысы мен еңбек қауiпсiздiгi мониторингiнiң сапасын көтеретiн жаңартылған автоматтандырылған басқару жүйесi енгiзiлген. Арнайы жасалған технологиялар қайта қалпына келтiру жұмыстарын көршiлес энергоблоктарды тоқтатусыз жүргiзуге мүмкiндiк бердi. Ертеректе осындай жұмыстар жүргiзгенде, көршiлес энергоблоктардың жұмысын толық тоқтату керек болатын.

Еуроазиаттық энергетикалық корпорациясының бiрiншi вице-президентi Марат Бұғыбаев: "Өндiрiстi жаңарту бiздiң инвестициялық бағдарламамыздың сөзсiз басымдығы болып табылады. Бүгiнгi таңда бұл жаңартылған блок өндiрiстiң жаңа көрсеткiштерiнiң, еңбек жағдайының жаңартылуы мен компанияның үдемелi индустриялық-инновациялық даму мемлекеттiк бағдарламасына қосқан үлесi болып табылады", — деп жобаның өңiр мен елдiң дамуындағы маңызына тоқталды.

№2 блокты қалпына келтiру электр станциясының барлық сегiз энергоблогын қалпына келтiруге бағытталған 2001 жылдан берi жүзеге асырылып келе жатқан ауқымды бағдарлама аясында өткiзiлдi. № 1, 3 және 4 блоктарды кешендi жаңарту аяқталды. Қазiргi таңда №6 энергоблокты қайта қалпына келтiру шаралары жүргiзiлуде. ENRC оған шамамен 265 млн. АҚШ долларын бағыттамақ.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары