ТАИЛАНДТА ТАҒЫ ДА САЙЛАУ

ТАИЛАНДТА ТАҒЫ ДА САЙЛАУ

ТАИЛАНДТА ТАҒЫ ДА САЙЛАУ
ашық дереккөзі
182

Саяси тұрақсыздық, әлеуметтiк даулар, наразылық шаралары мен лаңкестiк әрекеттер жиiлеген тай жерiнде парламенттiк сайлау өткiзiлдi. Оппозиция өкiлдерi жеңiске жеткен бұл саяси дода нәтижесiнде, ел тарихында тұңғыш рет әйел адам премьерлiк таққа отырмақ.

Лаңкестiк әрекеттердiң жиiлеуi, саяси тұрақсыздық, әлеуметтiк ахуалдың төмендеуi т.б. қиындықтар қордаланып қалған Таиландтың королi Пумипон Адулядет 2011 жылдың 9 мамырында ел парламентiнiң Өкiлдер палатасын тарқатып, кезектi сайлауды 3 шiлдеге белгiлеген болатын. Негiзi Таиланд конституциялық монархия саналады. Конституцияға сәйкес, елдегi барлық жарлық-үкiмдер мен заңдарды монарх бекiтедi. Оның парламентi – Ұлттық Ассамблея 150 орындық Сенат пен 480 орындық Өкiлдер палатасынан тұрады. Өкiлдер палатасында басым орынға ие болған партия жетекшiсi елдiң премьерi атанады. Адулядеттiң жарлығына сәйкес, өткен жексенбiде тайлар жерiнде сайлау өттi: Ұлттық Ассамблеядағы (Өкiлдер палатасы) парламенттiк сайлауда 264 орынды иемденген оппозициялық Phak Phuea Thai ("Таиланд үшiн") партиясы жеңiске жеттi. Осыдан 5 жыл бұрын әскери төңкерiстiң кесiрiнен премьерлiк тақтан аластатылған Таксин Чинаваттың жақтастары құрайтын бұл партияны бүгiнде оның қарындасы Йинглак Чинават басқарады. Дауыс беру процесi аяқталуға жақындағанда экс-премьер Абхисит Ветчачива өзi басқаратын Демократиялық партияның саяси додада жеңiлiске ұшырағанын ресми түрде мәлiмдедi (160 орын). Сайлау аяқталмай тұрып жүргiзiлген әлеуметтiк сауалнамаға қатысқан 158 мың респондент Өкiлдер палатасындағы 500 орынның 313-ке жуығы оппозиционерлерге тиетiнiн айтқан. Сарапшылар пiкiрiнше, Йинглак партия жетекшiсi болғанымен, ол ағасының ықпалында, яғни Phak Phuea Thai тiзгiнi Таксин Чиноваттың иелiгiнде.

Соңғы алты жыл бойы саяси толқуларға толы болған Таиландта жүздеген шерулер мен наразылық шаралары өткiзiлдi. Елдегi екi саяси топтың қақтығысы барысында көптеген адам опат болып, қаншама адам зардап шектi. Мысалы 2010 жылы экс-премьер Таксин Чинават басқаратын "Қызыл жейделiлер" қозғалысына мүше адамдар Бангкоктың бiрнеше ауданын басып алып, үкiметтiң отставкаға кетуiн талап еттi. Тәртiп сақшыларымен болған қақтығыста 100-ден аса адам қаза тауып, ел экономикасына 3 млрд. доллардан астам шығын келген. Ауылды жерлерде тұратын қарапайым адамдар мен қалалардағы тұрмысы төмен жандардың үлкен қолдауына ие болған Таксин Чинават премьерлiк қызметте жүргенде құрылыс жобаларына қаржыны аямай, елдiң оңтүстiгiндегi ислам дiнiн ұстанатындардың наразылықтарын аяусыз жаншып отырды. Оның басты қарсыласы саналатын орташа топ өкiлдерi оған науқаншыл және жемқор деген айып тақты. 2006 жылдың 19 қыркүйегiндегi әскери төңкерiстен кейiн премьерлiк тақтан тайдырылған Чинават елден кетуге мәжбүр болған. Осының кесiрiнен, ол әлi күнге шетелде жасырынып жүр. Кейiнiрек оған билiк басында отырғанда жемқорлыққа жол бердi деген айыппен, 2 жыл бас бостандығынан айыруға сырттай шешiм шығарылды.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары