3131
СТАЛИН ЖӘНЕ ҚАЗАҚСТАН
СТАЛИН ЖӘНЕ ҚАЗАҚСТАН
XX ғасырдың өн бойында әлемнiң түрлi елдерiнде 170 миллион адам опат болыпты. Солардың 110 миллионы немесе үштен екiсi коммунистiк бағдардағы елдердiң үлесiнде екен.
XX ғасырдың алғашқы жартысында КСРО-да билiк жүргiзген, коммунистiк сипаттағы тоталитарлық мемлекеттiң негiзiн қалаған В.И.Сталиннiң тұсында 46,6 миллион жан құрбан болған. Бiр ғажабы «Ұлы Қазан» төңкерiсiнiң авторы, кешегiге дейiн «Күн көсем» деп жырлап келген Лениннiң тұсында да 4 миллион адам құрбан болған едi. Сталиннiң тоталитарлық теорияны өзi ойлап таппағандығы белгiлi. Тоталитаризм теориясының тамыры өте тереңде жатыр, ол ғасырлар қойнауынан бастау алады. Сталин – тоталитарлық теорияны шын мәнiнде жүзеге асырған қанқұйлы практик, сонымен бiрге оны iлгерi дамытушы да. Әрине, ол тоталитарлық мемлекеттi қалыптастыруда өзiнiң ұстаздарынан асып түстi. Кеңестiк империяда тоталитарлық билiктiң ерекше түрi – ғалымдар ГУЛАГ деп атап жүрген жүйе қалыптасты. 30-жылдардың аяғында кеңестiк ГУЛАГ жүйесi көптеген бөлiмдерi бар 53 лагерьден (бұлардың iшiнде тұтқындар темiр жол құрылысында жұмыс iстеген лагерьлер де болды), 425 еңбекпен түзеу колониясы – оның iшiнде 170 өнеркәсiптiк, 83 ауылшаруашылық, 172 «контрагенттiк», яғни басқа мемлекеттердiң құрылыстары мен шаруашылықтарында да жұмыс iстейтiн колониялар, сондай-ақ жасөспiрiмдерге арналған 50 колониядан тұрды. Сондай-ақ 30-жылдардың аяғында ГУЛАГ жүйесiнде 90 «сәбилер үйi» болды. Ол үйлерде аналары сотталған 4595 сәби қатаң бақылауда ұсталды. Кеңестiк жүйе соттан тыс жазалау шараларын кең көлемде пайдаланып отырғаны белгiлi. Соттан тыс жазалау шараларымен ОГПУ НКВД-ның үштiктерi айналысты. Ленин мен Сталиннiң билiгi кезiнде контрреволюциялық әрекеттерi үшiн айыпталған 3 млн. 777 мың адам сотталып, олардың iшiнде 642.980 адамға өлiм жазасы қолданылды, 25-жылдан төмен мерзiмге 2.369.220 адам түрмелер мен лагерь-колонияларға қамалды, 776 мың 180 адам жер аударылып, сүргiнге жiберiлдi. Контрреволюциялық әрекетi үшiн айыпталған 2.900 мың 380 адам соттан тыс жазаланып, жапа шектi. («Социологические исследования», 1999, №5, с.25-26). Сталин Мемлекеттiк қауiпсiздiк органы мен НКВД мекемесi үшiн арнаулы жағдай жасап, олар Сталиннiң жеке бақылауына көштi. Адам тағдырына қатысты көптеген мәселелердi Сталин жеке шешiп, жер-жерде көптеген заңсыздықтар орын алды. 398 тiзiмге енген репрессия құрбандарына ең қатал жаза қолдануға рұқсат етiп, Сталиннiң жеке өзi қол қойған. Ал бұл тiзiмнiң әрқайсысында жүздеген фамилия бар едi. 1937 жылы Сталин НКВД органдарына репрессияға ұшырап, түрмеге түскендердi ұрып-соғып, қатал қысым жасауға нұсқау бердi. Ал 1939 жылы одақтас республикаларға арнайы телеграмма жолдап, онда да осы нұсқау қайталанып, түрмеге алынғандарды аяусыз жазалау талап етiлдi. Жиырмасыншы жылдардың екiншi жартысынан бастап қазақ аспанын да қара бұлт торлай бастаған едi. Ол бiрте-бiрте қоюланып, бiрте-бiрте түйiле келе отызыншы жылдардың басында ызғарлы қара дауылға ұласты. Алапат күш атаны баладан, ананы қызынан айырды. Өткенiмiзге «өттi-кеттi» деп селсоқ қарауға ешқайсымыздың хақымыз да, құқымыз да жоқ. Тарихымыздың тағылымдық мәнiн айқындайтын және сол арқылы өскелең ұрпақты парықсыздықтан сақтандыратын, аяғын жаңсақ басудан қорғайтын киелi күш – ақиқат, тек қана ақиқат. 1917 жылдан бастап Қазақстан тарихына байланысты саяси қуғын-сүргiн тiзбегiн мынандай алты кезеңге бөлiп қарауға болады. Бiрiншi кезең – 1917-1920 жылдар аралығын қамтиды. Бұл кезде кеңес өкiметiнiң орнауы мен Азамат соғысының орын алуына байланысты өлке тұрғындары «ақ» пен «қызылға» бөлiнiп қырылысты. Екiншi кезең – 20-жылдарды, әсiресе оның екiншi жартысын қамтиды. Осы кездегi саяси қуғын-сүргiн Сталиннiң сенiмдi қолшоқпары болған Ф.Голощекиннiң Қазақстандағы ойранымен айқындалады. Голощекиндiк геноцид, Алаш ардақтыларына қарсы қуғын-сүргiннiң басталуы, ұлтшылдыққа қарсы күрестiң кеңiнен етек жаюы, қазаққа ауыр соққы болып тидi. Үшiншi кезең – 30-жылдардың басын қамтиды. Бұл кезеңде Алаш қозғалысының жетекшiлерi мен қатардағы мүшелерiн жаппай жазалау жүзеге асырылды. Ауыл шаруашылығын зорлап ұжымдастыру, көшпелi және жартылай көшпелi қазақ шаруаларын күштеп отырықшыландыру да осы кезде жүзеге асты. Төртiншi кезең – 1937 жылдан Ұлы Отан соғысы аяқталғанға дейiнгi уақытты қамтиды. «Социалдық құрылым алға жылжыған сайын ел iшiндегi тап күресi күшейе түседi» деген Сталиндiк «қағида» негiзiнде жаппай саяси қуғын-сүргiн басталды. Бесiншi кезең – 40-жылдардың екiншi жартысы мен 50-жылдарды қамтиды. Бұл кездегi Сталиндiк қуғын-сүргiннiң тоқпағы алдымен тағы да интеллигенцияға қарсы бағытталып, елдiң зиялы қауымын қудалау мен жәбiрлеу «буржуазияшыл ұлтшылдар мен тексiз (отансыз) космополиттермен күрес» ұранымен жүргiзiлдi. Сталин үшiн қазақ деген халықтың тағдыры түкке тұрғысыз болатын. Ол үшiн ең бастысы – қазақтардың жерi маңызды едi. Бұл жердiң үстi де, асты да тұнған байлық. Соны сүлiктей сора беру керек. Алтын сандықтың кiлтiн қазақтарға бермеу керек. Сталин қазақ дейтiн момын халықты түгел жоймаса да, жартылай қырғанын ұмытпауымыз керек. Сонымен Сталин кiм едi? Сталин казармалық социализмдi қалай орнатты? Сталиннiң әкiмшiл-әмiршiлдiк жүйесi қалай өсiп-өрбiдi? Осы сұрақтарға әлiмiзше жауап iздеп көрелiк. 1936 жылы республика болып жарияланған Қазақстан егемендi ел емес, Ресейдiң қатардағы көп облысының бiрi сияқты болып қала бердi. Миллиондаған халқы бар ел бiр орталықтан басқарылып отырды. 20-жылдардың соңынан бастап партия мен Кеңес өкiметiнiң идеологиялық, ұлтаралық, тiптi экономикалық саясаты заңдармен емес, тек И.В.Сталиннiң нұсқауларымен жүргiзiлiп отырды. 2009 жылы Мәскеу қаласының мұрағаттарында ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысқан едiм. Ресейдiң мемлекеттiк саяси-әлеуметтiк тарихи мұрағаты (РГАСПИ) – бұрынғы (ЦПА ИМЛ немесе ЦК КПСС) №558 қорынан бiз жуырда ғана жарыққа шығарылған, И.В. Сталиннiң өз қолынан өткен көптеген құжаттарды, тарихи деректердi оқып, таныстық. Онда бiз 1917 жылдан бастап 1953 жылға дейiнгi Қазақстанға қатысы бар, «Өте құпия» деп таңба соғылған, И.В.Сталиннiң қолы қойылған сан түрлi құжаттарды мұқият сүзiп шыққан едiк. Ендi сол кейбiр құжаттардың қысқаша ғана мазмұнына тоқталып өтсек: 1. Сталин Ұлт iстерi жөнiндегi халық комиссариатын басқарса да, Қазақ Кеңестiк автономиясын құруға қатысқан жоқ: Бұл жұмыстың негiзгi салмағын осы комиссариаттың коллегия мүшелерi С.Диманштейн мен С.Пестковский көтердi. Ұлт iстерi жөнiндегi халық комиссариатының әуелi коллегия мүшесi, кейiн төрағасының орынбасары болып сайланған Т.Рысқұлов қазақ елiн бiрiктiруге, жердi пайдалану туралы реформа жүргiзу, аштыққа қарсы күресу бағытында көптеген жұмыс жүргiздi. Кейiн И.Сталин большевиктерге партияның X сьезiнде ұлт мәселесi жөнiнде баяндама жасағанда, Т.Рысқұловтың кейбiр идеяларын пайдаланды. 2. 1921 жылы наурыз айында Мәскеу қаласында түрiк халықтары коммунистерiнiң жалпыресейлiк кеңесi шақырылды. Ол 6 наурызда ашылып, төрт күн жұмыс iстеген. Кеңеске шешушi дауыспен қатынасып, сөз сөйлегендер арасында Түркiстан Республикасының өкiлдерi С.Қожанов, Н.Төреқұлов, Г.Сафаров, Х.Бурнашев т.б. бар. Қазақ АССР-нен келген делегаттардың тiзiмiнде кеңесшi дауыспен жас саясаткер С.Сәдуақасовтың есiмi де тiркелген, бiрақ ол кеңесте сөз сөйлемеген. Әзiрбайжан Коммунистiк партиясының атынан Түркiстан Республикасының көрнектi қайраткерi Т.Рысқұлов та қатысқан едi. 3. 1923 жылы 9-12 маусым аралығында Мәскеу қаласында РКП(б) Орталық Комитетiнiң ұлт республикалары мен облыстарының жауапты қызметкерлерiмен өткiзген төртiншi кеңесi болды. Кеңеске 58 депутат одақтас республикалар мен облыстар атынан, сонымен бiрге Ұлттар iсi халық комиссариатынан адамдар қатысты. Сталин жасаған негiзгi баяндама талқыланбады. Кеңесте Түркiстан Республикасының атынан үш адам – С.Қожанов, Т.Рысқұлов және И.Қыдыралиев сөйледi. 4. 1932 жылдың тамызында Қазақ АССР Халық Комиссарлары Советiнiң төрағасы О.Исаев Сталинге хат жолдады. Онда Қазақстандағы өнiм дайындау науқандарына, коллективтендiру мен ашаршылыққа байланысты барлық проблемалар комплексi ашып көрсетiлген. Республикада қалыптасқан жағдайдың айқын көрiнiсiн Т.Рысқұловтың да хаттары көрсетедi. Оның басшы партия органдарына жазған 3 хаты (1932 жылғы 29 қыркүйекте, 1933 жылы 31 қаңтарда және 9 наурызда) белгiлi – екеуi Сталинге, ал бiреуi Қазақ өлкелiк комитетiне – Л.Мирзоянның атына жазылған, соңғысы ВКП(б) ОК-не жолданған баяндау жазбасының көшiрмесi болып табылады. Мұрағаттағы құжаттардың үлкен бiр тобын Қазақ өлкелiк комитетiнiң бiрiншi хатшысы Л.И.Мирзоянның И.Сталинге жолдаған баяндамалары, жеделхаттары құрайды. 5. 1936 жылдың 29 шiлдесiнде төменгi партия комитеттерiне БК(б)П ОК-нен жолданған жабық хатқа И.Сталиннiң өз қолымен мынандай жолдар жазылған. «Бiрақ Троцистiк – Зиновьевтiк орталық тек жолдас Сталиндi өлтiрудi ұйымдастырумен ғана шектелiп қойған жоқ, ол басқа партия басшыларын – Ворошиловты, Кагановичтi, Орджоникидзенi, Ждановты, Косиорды, Постышевтi бiр мезгiлде өлтiрудi өзiнiң мiндетi етiп қойды». Мұрағатта сақталған осы құжатқа қарасақ, Иосиф Сталиннiң тiзiмге бұдан да басқа партия басшыларын енгiзбек болып, жалғастыра жазған жолын өзi өшiрiп тастағанын көремiз. 6. 1933-1937 жылдардағы құжаттар арқылы И.Сталиннiң бәрiн де жеке өзiне бағындырып, iс жүзiнде партияның үстiнен қатал бақылау жүргiзгенiне көз жетiзуге болады. Л.Мирзоян мен И.Сталиннiң бiр-бiрiне жазысқан құпия хаттарына жасалған талдаулар «халық жауларын әшкерелеу» саясатын жүргiзу тұсында республикада қалыптасқан ахуалды саралауға мүмкiндiк бередi. Лауазымды қызметкерлерге, зиялы қауым өкiлдерiне қарсы ОГПУ, НКВД ұйымдастырған айыптау материалдары мен бұрын басқа партиялар мен топтарда болған, тiзбеленген адамдардың аты-жөнi жазылған тiзiм де төбе құйқаны шымырлатады. 7. Қазақстанда жүргiзiлiп жатқан күштеу, зорлық-зомбылық саясатынан Мәскеу толық хабардар болып қана қоймай, осы дүрбелеңдi жандандырып және ынталандырып отырды деуге толық негiз бар. Бұған дәлел Қазақстан халқының атынан «жоғарыға» жазылған хаттар. Арыз иелерi ара сында Мәскеуде әдiлдiк бар, мұны И.Сталин бiлсе шындық салтанат құрар едi дегендей алдамшы үмiтке сенiм артқандар да көп болған. Мұрағатта И.Сталинге жолданған Нұрпейiс Монтаев (Қостанай округi, Меңдiқара болысы, №2 ауыл), Ахмет Әдiлбаев (Ақмола округi, Асанқайғы ауданы, №5 ауыл) И.В.Коломеецтiң (Қостанай округi, Жетiқара ауданы, Краснооктябрьский совхозы) арыз-хаттары сақталыпты. Елiнiң өркенi өсiп, жерiнiң көсегесi көгеруiне бай бiлiмiн жұмсап, халқына қалтқысыз қызмет еткен ғұлама ғалым Қаныш Сәтбаев та кезiнде осындай жазықсыз жазаның құрығына iлiккенi белгiлi. Өзi iрегесiн қалап, шаңырағын көтерген Қазақстан Ғылым академиясының президентi болып, екiншi мерзiмге сайланғанына екi ай өтер-өтпесте аяқ астынан партиялық қатаң сөгiс алып, қызметiнен босатылды. Бүкiл саналы өмiрiн елiнiң сәулеттi болашағы жолындағы жанқиярлық еңбекке арнаған адал азамат үшiн бұл төбеден түскен жасындай әсер еттi. Оған таңылған алты тармақтан тұратын айыптың ешқайсысының да шындыққа үш қайнаса сорпасы қосылмайтын. Жазықсыз жазғырылып, күнәсiз кiнәланған ғалым әдiлдiк тапқалы И.В.Сталиннiң өзiне хат жазуға мәжбүр болады. Бұл жай хат емес, шындық үшiн шырылдаған адамның жанайқайы едi. Өзiнiң көсеме жазған осы хатын Алаштың алып ұлы Қаныш Имантайұлы Сәтбаев былай деп аяқтайды: «Мен өзiмнiң тап қазiргi жағдайыма сабырлы қарағым келедi, ол ауыр болғанмен өмiрдегi бiр кездейсоқтық деп санаймын. Осыған байланысты, жолдас Сталин, сiзден бұл мәселенiң жуық арада обьективтi түрде қаралуына ықпал етуiңiздi сұраймын, соның нәтижесiнде менен «ұлтшылдарды қанатының астына алушы» деген масқара айып-таңба және маған берiлген партиялық жаза алынып тасталады деп кәмiл үмiттенемiн.
Өзiңiзге зор құрметпен,
академик Сәтбаев
1952 жыл, 20 қаңтар
Сол бiр тоталитарлық заманда Сталинге үмiтпен хат жазған талай боздақтар жазықсыз айыпталып, дүниеден өткенiн де ұмытпауымыз керек.
Сталин және оның айналасындағылардың қазақты қорлаған не түрлi қиянаты мен мазағына куәлiк беретiн сан алуан мағлұматтар Сталиннiң жеке қорында, басқа да арнаулы құпия қорларда қазақ тағдырына қатысты сақталған құжаттар қаншама? Мұның бәрiн бiздiң тарихшылыр әлi толық аша қойған жоқ.
Жалпы «Сталин және Қазақстан» тақырыбы отандық тарихнамада өз зерттеушiлерiн тосып тұрғандығын айта кетпекпiз.
И.Сталин, 27.ХII-1926 жыл
(РГАСПИ, 558-қор, 1-тiзбе, 25-iс, 142 бет),
Сталин Орталық Комитеттiң бас хатшысы қызметiнен босату туралы мәселенi әлденеше рет қойғанын айту керек. Мұндай мәселе партияның ХIII съезiнде (1924 жылғы мамыр) В.И.Лениннiң 1922 жылғы 25 желтоқсандағы белгiлi хатына байланысты талқыланған-ды. Бұл хатта Сталиндi Бас хатшы қызметiнен ауыстыру жағдайын ойлану керектiгi ұсынылған болатын. Әйтсе де ол кезде съездiң бүкiл делегациясы бiр ауыздан Сталиндi бас хатшы рөлiнде сақтауды жақтады. Соған қарамастан Сталин ХIII съезден кейiн Орталық комитеттiң бiрiншi Пленумында-ақ отставка сұрап, ресми түрде тағы арыз бередi. Бұл жағдайда да Пленум оның өтiнiшiн бiрауыздан қабылдамай тастайды. Сталиннiң отставка жөнiндегi мәселесi партияның Орталық Комитетi мен Орталық Бақылау комиссиясының 1926 жылғы 22 шiлдедегi бiрлескен Пленумында да қаралып, мұнда В.И.Ленин хатының жайы қайтадан қылаң берген. Арада жарты жыл өтпей, 1926 жылдың 27 желтоқсанында Сталин Орталық Комитет Пленумына отставка жөнiнде тағы да мәлiмдеме жасайды. Бұл мәселе ВКП(б) ХV съезiнен кейiнгi бiрiншi Пленумында да қозғалған. Ол кезде Сталин өз өтiнiшiн Орталық Комитеттiң бас хатшысы деп аталатын лауазымды жою туралы ұсынысымен бекiте түскен. Осы пленумда өткен пiкiрталас ерекше сөз етуге тұрарлық жайт.
«Сталин. Жолдастар! Орталық Комитеттен менi Орталық Комитеттiң Бас хатшысы мiндетiнен босатуды өтiнгенiме мiне үш жыл болды. Пленум соның бәрiнде де өтiнiшiме тойтарыс берiп келедi. Әрине, соңғы кезге дейiн партияның менi барынша батыл, оппозиция тарапынан болар қауiп-қатерге қарсы белгiлi бiр тегеурiндi қарсылық танытар адам ретiнде бұл қызметте ұстай тұру қажеттiлiгi болған жағдайды түсiнемiн. Ленин жолдастың белгiлi хатына қарамастан Бас хатшы қызметiнде ұстау қажеттiлiгi болғанын түсiнемiн. Бiрақ ендi бұл жағдай да өзгердi. Өзгеретiн себебi оппозиция ендi күйретiлдi. Сiрә, оппозиция ешқашан да бұлай жеңiлiп көрген жоқ, өйткенi ол күйретiлiп қана қоймай, сонымен бiрге партиядан да аластатылды. Демек Пленум өтiнiшiмнiң қанағаттандырылуына және менiң Бас хатшы мiндетiнен босатылуыма қарсы болуын дұрыс санайтын нақты негiздер ендi жоқ. Оның үстiне бiздiң қолымызда Ленин жолдастың нұсқауы да бар, ал бiз онымен санаспай отыра алмаймыз және де, менiңше, мұны жүзеге асыруға тиiспiз. Мен партияның соңғы кезге дейiн бұл нұсқауды айналып өтуге мәжбүр болғанын, бұған iшкiпартиялық дамудың белгiлi жағдайлары тұрғысынан мәжбүр болғанын түсiнемiн. Бiрақ бұл ерекше жағдайлардың ендi күнi өткенiн және Ленин жолдастың нұсқауын басшылыққа алар кез жеткенiн қайталаймын. Сондықтан да Пленумнан менi Орталық Комитеттiң Бас хатшысы қызметiнен босатуды сұраймын. Жолдастар, партияның бұдан тек ұтатынына сiздердi сендiргiм келедi».
Бұл үзiндi «ХV шақырылған ВКП(б) Ок-нiң 1927 жылғы 1 желтоқсандағы бiрiншi Пленумның стенографиялық есебi» папкасынан алынды. (РГАСПИ , 568-қор, 1-тiзбе, 29-iс, 72-73б.).
Сталин партияның ХVII (1934 ж.), ХVIII (1939 ж.) және ХIХ (1952 ж.) съездерiнен кейiн бас хатшы қызметiне қайта тағайындалмаған. Өйткенi 1934 жылдан кейiн бас хатшы институтты iс жүзiнде өмiр сүруiн тоқтатқан едi. Сөйте тұра Сталин сол жылдардың өзiнде партияның жоғарғы лауазымына сайлануын жалғастыра берген, ал 1941 жылдың мамырында ол сондай-ақ КСРО Халық Комиссарлар Кеңесiнiң төрағасы болды.
Отставкаға жiберудi сұрап соңғы рет өтiнiш беруi – 1952 жылы. Ұлы Отан соғысынан кейiн Сталиннiң беделi өлшеусiз өстi. Ол ұлылардың ұлысы, даңқты қолбасшы, бүкiл халықтың әкесi атанды. Беделi өсiп, абырой асқарына көтерiлген адамға кiм қызметiңнен кете ғой десiн. Өзiне өзi нық сенген оның өтiнiшi бұл жолы да қанағаттандырылмады. Ал Сталиннiң келтiрген дәлелi:
«Мен қартайдым, қажыдым. Ел басқару iсiн денсаулығы мықты жiгерлi адамға тапсырған жөн». Ол осы пiкiрiн соғыстан кейiн әрдайым айтып-ақ жүрдi. Рица көлiнiң жағасында демалып жатқанда ел басқару iсiне лайықты адамдарды атады да. Бiрақ олар жоғары лауазымды кiсiлер, Кремль төңiрегiндегiлер емес едi. Оларды бақталастары құртып жiбердi. Сөйтiп, Кремльдегiлер өздерiмен билiкке таласатындардан бiржола құтылды. (РГАСПИ, 558-қор, 1-тiзбе, 29-iс, 88-89 б.),
Көптеген деректерге қарағанда, Сталин де өз ажалынан өлмеген сияқты. Өзiн жек көретiн қара ниеттi серiктестерiнiң қастандығы салдарынан қазаға ұшыраған. Көрнектi саясаткер Абдурахман Авторхановтың «Сталин өлiмiнiң жұмбағы» деген кiтабында «Төрттiктiң» ұйымдастырушы – ұйытқысы Берия деп атап көрсетiлген. Соған қарағанда Сталиндi өлтiруде екi топ әрекет жасаған секiлдi. Сталин өлген соң Берияның дәрiгерлердi түрмеге жабуы, ал Хрущевтiң оларды түрмеден босаттыруы таң қаларлық. Тiптi түрмеден шыққан дәрiгерлердiң бiреуiне Ленин орденiн бергiздi.
И.В.Сталин көзi тiрiсiнде үзеңгiлес серiктерiне «сендер еркек мысық секiлдiсiңдер. Мен өлген соң бiрiңнiң бетiңдi бiрiң тырнап, қас масқара боласыңдар» деген едi. Кейiн сол айтқандары айнымай келдi. Әуелi Хрущев Сталиннiң көзiн жоюда ерекше еңбек сiңiрген «досы» Берияның көзiн жойды. Маленков пен Молотовты жер аударды. Қастандықты ұйымдастырушылардың көзi тiрiсiнде Лаврентий Берия мен оның көмекшiлерiнiң мойындауынсыз-ақ та iстiң анық-қанығын анықтауға болатын-ды. Бұл мәселеге байланысты жанама айғақтар да жетiп артылатын. Иосиф Сталиннiң көзiн оның сенiмдi серiктерi құртты. Ал тiкелей айғақтар 1953 жылдың 23 желтоқсанында Мәскеу крематорийiнiң пешiнде «Берия жолдаспен» бiрге жанып кеттi.
Сталин өлiсiмен жұрттың көзi ашылды. Тiптi ой топшылауды да ұмытқан адамдардың өздерi де көсемнiң өлi денесiне қарап тұрып түрлi ойларға берiлетiн.
Қазақстандағы 1928-1933 жылдардағы голощекиндiк геноцидтi, 1937-1938 жылдардағы жаппай саяси қуғын-сүргiндi ұйымдастырушы Сталин, орындаушылары «қужақ» Голощекин мен «қатыгез» Ежов болғаны тарихтың ащы шындығы. Сондықтан да Сталиннiң қазақ халқына, республика еңбекшiлерiне жасаған қиянатына, зорлық-зомбылығына, сталинизмнiң зардабына ешқашан бей-жай қармауға тиiспiз.
Тiлеу КӨЛБАЕВ,
тарих ғылымдарының докторы, профессор
<br