КӨЛIК ДӘЛIЗIНIҢ ҚАЛЫПТЫ ҚАРҚЫНЫ
КӨЛIК ДӘЛIЗIНIҢ ҚАЛЫПТЫ ҚАРҚЫНЫ
"Батыс Еуропа-Батыс Қытай" халықаралық көлiк дәлiзi құрылысының жобасына сәйкес Оңтүстiк Қазақстан облысында 448 шақырым жол қайта жөндеуден өтуi тиiс. Қазiргi уақытта оның 224 шақырымында құрылыс жұмыстары қызу жүрiп жатыр. Соның нәтижесiнде ескi жол төрт жолақты және бiрiншi техникалық санатқа жататын халықаралық маңызы бар тас жолға айналады.
Жол құрылысын жүргiзiп жатқан мердiгерлердiң бiреуi ғана қазақстандық. Қалғандары Оңтүстiк Корея, Қытай, Иран, Кувейт елдерiнiң, бiр компания Әзiрбайжан мен Түркия елдерiнiң бiрлескен кәсiпорны. Ал Темiрлан ауылын айналып өтетiн ұзындығы 14,8 шақырымдық жолды салатын мердiгер әлi анықталған жоқ. Бiрақ осы жөнiнде конкурс өтiп, оған қатысуға 16 компания өтiнiш берген.
Мердiгерлерге қойылатын талап қатаң. Белгiленген кестеден кешiккен компаниямен арадағы келiсiм-шарт бұзылады. Бұл талаптың үдесiнен шыға алмаған мердiгерлер де бар болып шықты. Осы аптада Оңтүстiк Қазақстан облысына арнайы iс-сапармен барған Көлiк және коммуникация министрi Берiк Камалиев белгiленген жұмыс кестесiнен 60 күн кешiккен "Kukdong Ltd" кәрiс мердiгер компаниясына ескерту берiлгенiн, ендi онымен арадағы келiсiм-шарттың бұзылуы мүмкiн екенiн мәлiмет еттi.
– 24 маусымда премьер-министрдiң төрағалық етуiмен экономиканы модернизациялау жөнiндегi мемлекеттiк комиссияның отырысы өттi. Онда "Батыс Еуропа-Батыс Қытай" жобасын iске асыру барысы қаралды. Үкiмет жетекшiсi ғасыр құрылысына қатысты туындаған проблемаларды шешудi тапсырды. Осыған байланысты Оңтүстiк Қазақстан облысына келiп, құрылыс барысымен таныстым, – дедi министр облыс әкiмдiгiнде өткен жиында.
Жалпы алғанда, Оңтүстiк Қазақстан облысында халықаралық жолдың құрылысы қалыпты жүрiп жатыр. Дегенмен шұғыл шешiлуi тиiс мәселелер де бар. Жиында баяндама жасаған министрлiктiң автомобиль жолдары комитетiнiң төрағасы Замир Сағынов қалыптасып отырған екi проблемаға тоқталды. Оның айтуынша, бiрiншi проблема – жол түсетiн жерлердi мемлекетке сатып алу. Екiншi проблема –жол салуға пайдаланылатын құм, топырақ, тас кенiштерiн тезiрек рәсiмдеу. Осы уақытқа дейiн облыста 886 жер телiмi сатып алынбаған. Ал құрылыс жүрiп жатқан аумақта 150 жер телiмi бар. Жер телiмдерiн қайтарып алу жұмыстарының созылып кетуiне iстердiң сотта қаралып жатуы себеп көрiнедi.
Құрылыс жүрiп жатқан аумақта 194 карьердiң құжаттарын рәсiмдеу қажет. "Батыс Еуропа-Батыс Қытай" тас жолына қатысты мұндай құжаттар 3-10 күн аралығында рәсiмделуi тиiс. Алайда кейбiр мемлекеттiк мекемелер, атап айтқанда, әдiлет, санитарлық эпидемиологиялық қадағалау органдары мердiгерлердiң тапсырған құжаттарына екi-үш аптада жауап бередi екен. Сондай-ақ соңғы уақытта кеденде қалыптасқан жағдай да мердiгерлердiң жұмысына кедергi келтiрiп отыр. Мәселен қытайлық мердiгерлердiң техникалары "Қорғас" бекетiнде тұрып қалса, кейбiр қажеттi техникаларды жергiлiктi кеден органдарында рәсiмдеу ұзаққа созылып кетедi екен. Осыған байланысты жиынға қатысқан Оңтүстiк Қазақстан облысы бойынша кедендiк бақылау департаментiнiң бастығы Шымырбай Ағабеков "Батыс-Еуропа-Батыс Қытай" тас жолында iстейтiн шетелдiк техникаларды тап бүгiннен бастап жедел рәсiмдеуге уәде еттi. Тiптi ол олардың тiзiмiн алдын ала берiп қойыңыздар дегендi де айтты.
Биыл Оңтүстiк Қазақстан облысында бiр бағытта 140 шақырым жол салу көзделген. Құрылыс жұмысына 4 жарым мыңға жуық адам жұмылдырылса, оның 3 мыңнан астамы жергiлiктi тұрғындардан құрылған.
Ал, жалпы алғанда, былтыр "Батыс Еуропа-Батыс Қытай" жобасы бойынша 90,5 миллирд теңге игерiлiп, 417 шақырым жол салынған. Олар негiзiнен Ақтөбе, Қызылорда және Жамбыл облыстарында. 2011 жылы 161 миллиард теңге қаржы игеру көзделген. Биыл салынатын жолдың көлемi 730 шақырымды құрайды. Оның 275-i бiрiншi санатты, 455-i екiншi санатты жолға жатады.