«АУЫЗСУ ЖЫЛЫНДА» АТҚАРЫЛҒАН ТIРЛIК КӨП
«АУЫЗСУ ЖЫЛЫНДА» АТҚАРЫЛҒАН ТIРЛIК КӨП
– Биыл құбыр тартылып, сапалы суды тұтынатын ауылдарға мониторинг жасалуы керек. Сосын мұндай әлеуметтiк маңызы бар игiлiктi нысанның пайдалануға беру мерзiмiн Тәуелсiздiк мерекесiне орайластырып, жыл соңына дейiн созбастан, күзге дейiн аяқтау керек. Ел-жұрт таза суды тұтынуы тиiс, – дедi жуырда облыс әкiмдiгiнде өткен жиында Оңтүстiк Қазақстан облысының әкiмi Асқар Мырзахметов.
«Халық сапалы су iшуi керек» деген сөздiң күн тәртiбiнен түспей келе жатқанына тоғыз жылдың жүзi болыпты. Бiрақ осы уақытқа дейiн таза суға зар болып отырған ауылдар жетерлiк. 2002-2010 жылдарға арналған «Таза су» бағдарламасы ауылдағы сапалы су мәселесiн толығымен шеше алған жоқ.
2011 жылдың 1 мамырына дейiнгi жағдай бойынша Оңтүстiк Қазақстан облысындағы 900 елдi мекеннiң 512-i немесе 57 пайызы ауыз суды құбыр арқылы тұтынады екен. 232 елдi мекен (25,8 пайыз) құдық суын iшiп отыр, 74 елдi мекен (8,2 пайыз) өзi ағатын ұңғы суынан, 62 елдi мекен (6,9 пайыз) ашық су көздерiнен, 18 елдi мекен (2 пайыз) бұлақ суын пайдаланса, 2 елдi мекенге су тасымалданып берiледi. Яғни 100 пайыздың ауылы әлi алда деген сөз.
Жалпы, Оңтүстiк Қазақстан облысы «Таза су» бағдарламасын жүзеге асыру жағынан облыстардың iшiнде алғашқы үштiкке кiргенiн атап өткен жөн. 2002 жылдан берi аралықта жүзеге асқан бағдарламаның облыста орындалуына бюджеттен 23 миллиард теңге бөлiндi. Соңғы бес жылда облыс аумағындағы 127 елдi мекенге су құбыры жүргiзiлдi, 214 ауылдағы су құбырлары ағымдағы жөндеуден өттi. 215 елдi мекендегi сапалы су мәселесi су тазартқыш қондырғыларды орнату арқылы шешiмiн тапты. Әсiресе соңғы екi жылда ауыз толтырып айтарлық тiрлiк көп. Екi жылда ауыз суға 15 миллиард 475 миллион теңге қаржы бөлiнiп, 100 ауылға таза су барды.
«Жол картасы» бағдарламасының аясында су тапшылығынан құтылған ауылдар да аз емес. Мәселен Созақ аудандағы Аққолтық елдi мекенiнiң тұрғындары бұған дейiн ауыз суды ашық су көздерiнен, бұлақтардан алып келген болатын. «Жол картасы» бағдарламасы бойынша 127 110 мың теңге бөлiнiп, ауылға 9,1 шақырымдық құбыр тартылды. Құрылысты жүргiзген мердiгер компания ауылдағы 205 үйге ауыз суды ауласына дейiн кiргiзiп берген. Қазiр су тәулiгiне 24 сағат ағып тұр. Соның нәтижесiнде бүгiнде Созақ ауданында ауыз суды құбыр арқылы тұтынатын халықтың саны 78 пайызға жеткен. Ал алты мыңға жуық тұрғыны бар Отырар ауданы, Көксарай ауылында заманауи су тазартқыш қондырғысы орнатылды. 59 миллион теңгеге сатып алынған қондырғы сағатына 12 текше метр су тазалап, халықтың қажеттiлiгiн толықтай қанағаттандыруда. Халықты ауыз сумен қамтуда сондай-ақ Сайрам, Төле би, Түлкiбас аудандары және Түркiстан қаласында оңтайлы шешiмiн тапты. Мәселен, Сайрам ауданында оннан астам ауыл әкiмдiктерi 24 сағат бойы толық ауыз сумен қамтылған. Жалпы, Сайрам ауданы биыл облыс бойынша барлық тұрғындарына тәулiк бойы үздiксiз ауыз су беретiн тұңғыш ауданға айналады деп күтiлуде
Былтыр облыс әкiмi Асқар Мырзахметовтiң ұсынысымен 2011 жыл – Ауыз су жылы болып жарияланған болатын. Осы мақсатта облыстық бюджеттен 78 сумен жабдықтау нысандарының құрылысына 11,2 миллиард теңге қаржы қарастырылды. Сонымен қатар, 43 елдi мекендегi қолданыстағы су құбырларын ағымдағы жөндеуге 800,6 миллион теңге және су берушi мекемелерге жаңа техника құралдарын сатып әперуге 953,9 миллион теңге бөлiндi. 30 нысанға жоба-сметалық құжаттар дайындауға 100 миллион теңге қаралды. 2011 жылы 70 елдi мекенде жаңа су құбыры тартылады, 127 шақырым ауыз су құбыры iске қосылады. Бұл 320 мыңға жуық тұрғын сапалы сумен қамтылады деген сөз.
Облыстық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы мамандарының айтуынша, 2011–2020 жылдар аралығын қамтитын «Ақбұлақ» бағдарламасын жүзеге асыру үшiн облысқа 900 миллиард теңге қажет екен. Оны әр жылға шаққанда 90 миллиард теңгеден түседi. Бұл қаражаттың 60 миллиард теңгесiн республикалық бюджеттен, 30 миллиард теңгесiн жергiлiктi бюджеттен қарастыру көзделген.
– «Ақбұлақ» мемлекеттiк бағдарламасының ойдағыдай орындалуына облыс әкiмi Асқар Мырзахметов айрықша мән берiп отырғанын атап өткенiмiз абзал. Оны мынадан-ақ байқауға болады. 2002 жыл мен 2008 жыл арасында небәрi 46 елдi мекен ғана таза сумен қамтылды. Облыс бойынша 900 елдi мекен бар екенiн ескерсек бұл көрсеткiш өте аз. Жағдай тек облыстың тiзгiнiн Асқар Исабекұлы қолға алғаннан кейiн өзгерiп, осы маңызды мәселеге көңiл аударыла бастады. Тек соңғы екi жыл iшiнде ауыз суға 15 миллиард 475 миллион теңге қаржы бөлiндi. Нәтижесiнде 100 елдi мекенге таза су барды. Яғни бұл алдыңғы 6 жылдың көрсеткiшiнен екi есе көп. «Таза су» бағдарламасы бастау алған 2002 жылдан берi облыста 12 нысанның проблемасы көпке дейiн шешiмiн таппай келген едi. 2010 жылы 3 нысанның, биылдың өзiнде 7 нысанның проблемасы оң шешiмiн тапты. Яғни ауыз су азабын тартып отырған тұрғындардың саны күрт азаюда. Сондай-ақ облыс әкiмiнiң ұйғарымымен 2011 жыл «Ауыз су жылы» болып жариялануы – ауылдағы қордаланған көп мәселенi шешуге мұрындық болары анық, – дейдi аталған басқарманың бастығы Серiк Ибадуллаев.
Облыста қазiргi таңда 232 елдi мекен құдық суын пайдаланып отырса, жыл соңына дейiн олардың саны 48-ге қысқармақ. 70 елдi мекен ұңғы суын пайдаланып келген болса, жыл аяғына дейiн ол 8-ге азаяды деп жоспарланған. Сонымен бiрге облыста ашық су көзiнен тiкелей су тұтынатын 62 елдi мекен бар болса, олардың саны биыл 6-ға кемiмек.