ӨМIР МЕН ТАҒДЫР, ДАЛА МЕН ҚАЛА АСТАСҚАН ТУЫНДЫ
ӨМIР МЕН ТАҒДЫР, ДАЛА МЕН ҚАЛА АСТАСҚАН ТУЫНДЫ
Алматы қаласындағы "Сарыарқа" кинотеатрында "Қазақстан" телерадиокорпорациясы шығарған екi бөлiмнен тұратын толықметражды "Елiм-ай" көркем фильмiнiң тұсаукесерi өттi. Бұл көркем фильм тәуелсiз Қазақстанның 20 жылдық мерейтойына арналған.
Көрермендер алдында "Қазақстан" телерадио корпорациясы" АҚ-тың Басқарма төрағасы Жанай Омаров сөз сөйлеп: "2008 жылдың соңында болған кездесуде Қазақстан Президентi Нұрсұлтан Назарбаев: "Елдiгiмiздi асқақтататын, Елордамызды әспеттейтiн бiр тарихи фильм түсiру керек, соны қолға алмайсыз ба?" – деген едi. Содан осы iске белсене кiрiсiп, екi жылғы еңбектiң жемiсiн сiздердiң назарларыңызға ұсынып отырмыз", – дедi.
"Елiм-ай" – бұл тарихи тағылым мен елдегi бiрлiктiң нышанына айналған азат Қазақ елiнiң жаңа астанасы, ұлт шежiресi мен бүгiнi, болашағы туралы фильм. Кино сұрапыл соғыс жылдарында Тастөбе ауылының тумалары ағайынды Мәди мен Сағидың өмiрiнен басталып, қазiргi кезең жаңа Астанада аяқталады.
Көркем фильмнiң сценарийiн жазған – "Қазақстан" РТРК АҚ Басқарма төрағасы Жанай Омаров. Қоюшы режиссерi – Аманжол Айтуаров. Фильм режиссерi – Бақыт Сүлейменова. Басты рөлдi сомдаған – әйгiлi актер, әншi Асылболат Ысмағұлов.
Бұл фильмде басқа да рөлдердi сомдаған Шәмшәгүл Меңдиярова, Ержан Жарылқасынұлы, Жанар Құлдарова, Асхат Күшiншiреков, Санжар Мәдиев, Әсем Жәкетаева, Мәмед Асланов, Диас Ысқақов, Байғали Есенәлиев, Төлеубек Аралбай сияқты өнер иелерiн де атап өткен жөн.
Қоюшы режиссерi Аманжол Айтуаров фильмдi бiр жарым жылдай түсiрiп, монтаж жасап, дыбысталуын келтiрiп, жақында бiтiргенiн, бiрiншi рет Астана жұртшылығына да ұсынғанын мәлiм еттi. Туындының ойдағыдай шығуына Жанай Сейтжанұлының көп еңбек сiңiргенiн айтып өттi.
Таныстырылымда кинотеатрларға лайықталып жасалған нұсқасы көрсетiлсе, "Қазақстан" ұлттық арнасында төрт бөлiмдi телевизиялық нұсқасы жүрiп жатыр.