ИНДУСТРИАЛДЫҚ АЙМАҚҚА ҚЫЗЫҒУШЫЛЫҚ АРТЫП КЕЛЕДI

ИНДУСТРИАЛДЫҚ АЙМАҚҚА ҚЫЗЫҒУШЫЛЫҚ АРТЫП КЕЛЕДI

ИНДУСТРИАЛДЫҚ АЙМАҚҚА ҚЫЗЫҒУШЫЛЫҚ АРТЫП КЕЛЕДI
ашық дереккөзі
347

Шымкентте былтырдан берi бұрынғы фосфор зауытының аумағында Индустриалдық аймақ құрылып, аз уақыттың iшiнде аталған аймақта бiрнеше инвестициялық жобалар жүзеге асырылды. Аймақтың аяқ алысына былтыр облысқа келген Елбасының өзi де жоғары баға берген болатын.

Жобаның бұрынғы өндiрiс орнынан жүзеге асырылуы тегiн емес. Кезiнде атағы дүркiреген фосфор зауытында өндiрiске қажеттi инфроқұрылым бар. Облыс әкiмiнiң орынбасары Ерлан Айтахановтың мәлiмдеуiнше, 2010 жылы осы инфрақұрылымдарды жаңарту үшiн 601,5 млн. теңге бөлiнсе, биыл қосымша тағы 1 млрд. 512 млн. теңге қаржы қарастырылған. Қазiр аймақта 23 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Құны 10 млрд. теңгеден асатын жобалардың есебiнен жаңадан 1700 жұмыс орнын ашу жоспарланып, бюджетке жылына 800 млн. теңге көлемiнде салық түсiмi көзделуде. Атқарылған жұмыстардың нәтижесiнде 2010 жылы белсендi шағын және орта кәсiпкерлiк нысандардың саны артты. Тұрғындарды еңбекпен қамту көрсеткiшi бойынша облыс республикада алдыңғы орынды иелендi.

Индустриалдық аймақтағы жобалардың бiрiн "Феррум Втор" жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiгi жүзеге асырып келедi. Серiктестiктiң шағын кәсiпорны жылына 3 мың тонна сұйық шыны және 1400 тонна силикат кесегiн шығаруға қабiлеттi. Жаңа кәсiпорынның құрылысы былтыр қыркүйектен бастап жүргiзiлiп, биыл сәуiрден бастап ол алғашқы өнiм шығаруға кiрiстi.

Әдетте, сұйық шыны құрылысқа, химиялық және металлургиялық өндiрiсте кеңiнен қолданылады. Силикат кесегi – дәнекерлеушi электродтар өндiрiсiне таптырмас шикiзат. Кәсiпорында шығарылған өнiмге деген сұраныс жоғары. Қазiргi уақытта оған Қырғызстан мен Түркiменстаннан тапсырыстар түсiп жатыр екен. Тауардың бағасы базар нарқынан әлдеқайда төмен. Ал кәсiпорынға қажеттi шикiзат – кварц, кальций тұзы бар құм Өзбекстаннан, Ақтаудан және Аралдан тасымалданады.

Алдағы уақытта кәсiпорында сыйымдылығы әртүрлi құтылар мен 200 литрлiк шыны ыдыстар шығару жоспарланып отыр. Оған қажеттi құрал-жабдықтар Ресейден сатып алынды. Индустриалдық аймақта жеке кәсiпкер Бағдат Есжанов металлжабын, профнастил, құрғақ қоспалар, сэндвич-панельдер мен "ДарКөл" маркасымен пенопласт сияқты құрылыс материалдарын шығаратын жаңа зауыт ашпақ. Ол 2012 жылы толығымен iске қосылады. Сәтiн салса, кәсiпорын жыл сайын 25,7 миллион теңгенiң металлжабынын, 52,5 миллион теңгенiң пенопласт материалдарын, 45,4 миллион теңгенiң сэндвич-панельдерiн және 58,5 миллион теңгенiң құрғақ қоспаларын шығарады. Мамандардың пiкiрiнше, осы зауыттың өнiмдерi басқаларға қарағанда 3-5 пайыз, Ресейдiкiнен 5-10 пайыз арзан бағамен сатылуға тиiс.

Серіктес жаңалықтары