ЖЕРЛЕСIМIЗДIҢ КҮРЗIДЕЙ ЖҰДЫРЫҒЫ КЕЗЕКТI ЖЕҢIС ӘКЕЛДI

ЖЕРЛЕСIМIЗДIҢ КҮРЗIДЕЙ ЖҰДЫРЫҒЫ КЕЗЕКТI ЖЕҢIС ӘКЕЛДI

ЖЕРЛЕСIМIЗДIҢ КҮРЗIДЕЙ ЖҰДЫРЫҒЫ КЕЗЕКТI ЖЕҢIС ӘКЕЛДI
ашық дереккөзі
194

Өткен аптаның соңында Панама-Ситиде кәсiпқой бокстан әлем чемпионы атағы үшiн айқас өттi. WBA тұжырымы бойынша орта салмақ дәрежесiндегi бұл бәсекеде даңқты жерлесiмiз Геннадий Головкин угандалық Кассим Оумамен күш сынасқан едi.

WBA тұжырымы бойынша әлем чемпионы атағы үшiн айқас 12 раундқа созылуы тиiс деп жоспарлаған. Угандалық Кассим Оума осал боксшы емес, тiптi Геннадий Головкиннiң осыған дейiн жұдырық түйiстiрген боксшыларының iшiндегi ең үздiк былғары қолғап шеберi деуге болатын саңлақ. Әлемнiң экс-чемпионы Кассим – бұған дейiн шаршы алаңда 27 жекпе-жек өткiзiп, 19 рет жеңiске жеткен кәнiгi кәсiби боксшы. 17 рет қарсыластарын оңы мен солын тани алмайтындай сұлатып түсiрiп, жекпе-жектi мерзiмiнен бұрын аяқтаған Африканың қара маржаны. Ол 2004 жылы IBF тұжырымы бойынша бiрiншi жартылай салмақта әлем чемпионы атанғаны да есте. Оның үстiне бiздiң саңлақ спортшының психологиялық дайындығы ойдағыдай дей алмайсыз. Өйткенi Геннадий Головкиндi еркiн өнер көрсетуге жiбергiсi келмеген оның бұрынғы промоутерлiк компаниясы – Германияның «Юниверсум» компаниясы арасындағы сот бiрталай уақытқа созылып, саңлақ спортшымызбен арадағы келiсiм-шарт биылғы жылдың 21 қарашасында ғана тоқтатылады деген мәмiле жасалған болатын. Өзiнiң жаттығу жұмыстарын алыс әрi бейтаныс Америкада жүргiзуге бел буған Геннадий Головкинге мұның бәрi оңай тие қоймағаны түсiнiктi жайт. Қарағандылық боксшы кездесуге дайындықты Калифорния штатындағы Биг Беар елдi мекенiнде өткiзiп, көптеген белгiлi боксшылармен қолғап түйiстiрдi. WBC тұжырымы бойынша әлем чемпионы, мексикалық Сауль Альвареспен де жаттығу матчын ұйымдастырды. Осының бәрi Геннадий Головкиннiң де алдағы жекпе-жекке үлкен мән берiп, тыңғылықты дайындалуға бел буғанын анық байқатса керек. Ол 15 маусымда Панама-Ситиге аттанды.

Естерiңiзге сала кетейiк, бұл – жерлесiмiздiң кәсiби бокста өткiзгелi отырған 21-шi жекпе-жегi болатын. Қарағандылық боксшы бұған дейiн шаршы алаңда қарсыластармен 20 рет қолғап түйiстiрiп, 17 рет нокаутпен жеңген. Өткен жылдың желтоқсан айында колумбиялық Нельсон Тапияны да оңай сұлатып түсiргенi есте. Дегенмен…

Кәсiби бокста оңай шағылатын жаңғақ аз. Әрбiр былғары қолғап шеберi мұндай жекпе-жекке мейлiнше тыңғылықты даярланып, шамасы жеткенше үздiк өнер көрсетуге күш салатыны бесенеден белгiлi. Оның үстiне әлем чемпионына қарсы жанкүйерлердiң есiнде ұзақ сақталатындай өнер көрсетiп қана қоймай, оны ұтып кетсе тiптен нұр үстiне нұр. Жанкүйерлердiң бұл матчқа мейлiнше қызығуы да заңды едi. Аты мәлiм кәсiби боксшылар Панамаға күнде келiп жатқан жоқ. Сондықтан да Панаманың әйгiлi боксшысы, әлем чемпионы Роберто Дюранның атындағы 16 мың жанкүйерлер сиятын спорт сарайында ине шаншар орын жоқ. Кассим Оума да жерлесiмiзге қарсы тыңғылықты даярланғанын анық байқатты. Ал Геннадий Головкин қашанғысындай сабырлы, тас-түйiн. Дегенмен оның бойында да елеулi өзгерiс бар секiлдi. Ол өткен желтоқсан айынан берi мұрт өсiрiп, шоқша сақал қойыпты. Сабан түстес сарғыш шаштарын оңға қайырған, көгiлдiр көздерi сабырмен тұнған Геннадийдiң бейнесi бұрынғыдан да жанарымызға жылы ұшырады. Шаршы алаңға қазақтық шапан үлгiсiнде оюлап, зер салып тiктiрген желбегеймен беттеген жерлесiмiз нағыз сары қазақ сияқты. Қазақстанның әнұраны орындалғанда оң қолын жүрегiнiң тұсына қойып, берiле тыңдаған жерлесiмiзге бiз де жеңiс тiледiк.

Жоғарыда айтқанымыздай, Кассим бұл кездесуге аса тыңғылықты даярлықпен келiптi.Оның алғашқы раундтардан-ақ бәсеке тiзгiнiң өз қолына алуға ұмтылатыны анық байқалды. Қысқа қашықтықтан сәттi шабуылдаған Кассимнiң екi қолмен де нықұрған соққылары Геннадийге оңай тимегенi байқалады. Тiптi бiрде Головкиннiң көзi тұмандатып кеткендей де көрiнген. Кезектi ауыр соққыдан кейiн оң қабағы күмпиiп iсiнiп кеткенi аңғарылды. Әбжiл қимылдайтын, қарсы соққылардан оңай жалтаратын, Кассим Оума жеңiске жетуге ұмтылып, шабуылын үдеткен. Дегенмен жекпе-жектiң алғашқы толқуынан тез айыққан Геннадий бiрте-бiрте тiзгiндi өз қолына алды және жылдамдығын үдете түстi. Әрбiр қимылы дәл есептелген, күрзiдей соққылары да көздеген нысанаға дөп тиюде. Әредiк атақты әдiсi – оң қолмен орай бүйректен ұруды да ұмытқан жоқ. Үздiксiз жауған ауыр соққылар кез келген қарсыласты тығырыққа тiрейтiнi сөзсiз едi. Бәсеке бел ортадан ауғанда қазақ боксшысының басымдығы толық айқындалып, Геннадий өзiнiң шебер тактик екенiн де толығымен дәлелдедi. Кассим Оуманың күшi сарқылып, қалжырай бастағаны көрер көзге айқындала түстi. Бұдан былай ол сәттi қорғана беруге қауқарсыз болатын. Оның үстiне, бұлаңдай боп iсiнiп кеткен көздерi Кассим Оуманың қарсылықты тоқтатуға iштей даяр екенiн де байқатты. Головкиннiң шықшыттан, беттен тиген бiрнеше ауыр соққысы қарсыласын бiржолата есеңгiретiп тастағаны да байқалды. 10 раундта бұдан әрi жекпе-жек өнер сайысы емес, өлiмшi етiп сабауға ұласатынын аңғарған төрешiнiң бәсекенi тоқтатуға берген белгiсiмен аяқталды. Геннадий Головкин әлем чемпионы атағын қорғап қалды. Кейбiр деректерге сенсек, кездесуден соң Кассим миына қан құйылған деген диагнозбен жергiлiктi аурухнаға жеткiзiлiптi.

Ж.БАҚҚОНДЫҰЛЫ

Серіктес жаңалықтары