Ауданды ақиық ақынның есiмiмен атасақ...

Ауданды ақиық ақынның есiмiмен атасақ...

Ауданды ақиық ақынның есiмiмен атасақ...
ашық дереккөзі

Редакциямызға шалғайдағы Нарынқолдан хат келдi. Хат иесi газетiмiз арқылы өз ұсынысын жеткiзгiсi келген екен. Шалғайдан келген үшбу хатты бiз де өз кезегiмiзде қаз-қалпында жеткiзуге тырыстық.

…Құрметтi редакция! Мен қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаев туған өлкенiң тумасымын. «Қайран, Қарасазым» деп жырлаған қазақтың нарқасқа ұлының туғанына биыл – 80 жыл. Мұқағали Мақатаев Қарасазда туып, Қарасазда өскенiмен, ол бүкiл қазақтың, ұлттың төл баласы болды. Ұлтын сүйдi, ұлты үшiн қызмет еттi. Оның ұлтқа адал қызмет еткенiн артында қалған жауһар жырлары айғақтап тұр.

Бүкiл Алаш жұрты қайраткер ұлының 80 жылдық мерейтойын тойлауға дайындалып жатыр. Жұрт болып, ел болып, ақиық ақынның мерейтойын атап өтуге даяр. Жас жеткiншектер ақиық ақынның өлеңдерiн жатқа айтып, жырларын таңнан таңға соғуға әзiр.

Ақиық ақынның мерейтойы қарсаңында бiздiң де аздаған ұсынысымыз бар едi. Қарасазды жырлаған Мұқағали Мақатаевқа қандай сыйлық жасасақ та орынды. Ендеше, неге ақын туған өлкеге, яғни Нарынқолға Мұқағали Мақатаев есiмiн бермеске?! Қазiр Нарынқол ауданы Кеген ауданымен қосылып, әруақты батыр Райымбек атын иемденгенiн барша жұртшылық бiледi. Нарынқолды Кегеннен бөлiп алып, оны Мұқағали ауданы жасасақ, нұр үстiне нұр болар едi. Есесiне, Кеген мен Ұйғыр ауданын бiрiктiрiп, Райымбек ауданын жасауға мүмкiндiк болар едi. Нарынқолды Мұқағали атымен атасақ, сонда көпшiлiк арда ұлына, қайраткер қаламгерге деген құрметiн осылай бiлдiрер едi.

Мұқағали Мақатаевтың 80 жылдық мерейтойын бүкiл республика жұртшылығы атап өтер күн де алыс емес. Мерейтой қарсаңында облыс әкiмi, құзырлы мекемелер мен республика жұртшылығы бiздiң бұл ұсынысымызды қабыл алар деген үмiттемiз.

Құрметпен, Сырым ҚАСИЕТҰЛЫ, ардагер