БЮДЖЕТТIҢ «ЖЫРЫ» БIТЕР ЕМЕС

БЮДЖЕТТIҢ «ЖЫРЫ» БIТЕР ЕМЕС

БЮДЖЕТТIҢ «ЖЫРЫ» БIТЕР ЕМЕС
ашық дереккөзі
388

2010 жылы 37 млрд. теңге игерiлмей қалды

Қазақ Үкiметi жылдағы қателiгiн тағы да қайталады. Қазына қаражатын игеру әу бастан жiтi жоспарланбайтынына қоғамның да етi өлген секiлдi. Дабыл қағудың орнына, жылы жауып қоя салу үйреншiктi үрдiске айналды. Мәселен өткен жылы қазынадан бөлiнген қыруар қаржы тағы да игерiлмей қалған.

Астанада өткен Парламент Палаталарының бiрлескен отырысында 2010 жылғы республикалық бюджеттiң атқарылуы жөнiнде баяндама жасаған Есеп комитетiнiң төрағасы Омархан Өксiкбаев осылай дедi. Оның айтуынша, тиесiлi қаражаттың тиiмдi жұмсалуына ескерiлмейтiн олқы тұстар қолбайлау болып отыр. Соңғы кездерi бiр күндiк жалған кәсiпорындар саны күрт көбейiп кеткен. Соның салдарынан қордаланған салық берешегi де ұлғайып барады. Өксiкбаевтың есебiнше, былтыр 37 миллиард теңгеден аса қаржы игерiлмей қалған. Бiр жылдың iшiнде елiмiздiң басты қаржылық құжаты 16 рет түзетiлiп, 2 рет нақтыланса да бюджеттiң кiрiсi мен шығысы дұрыс жоспарланбаған.

Оның үстiне жоспарлау кезiнде қателiк жiберген қызметкерлерге нақты жауапкершiлiк жүктелмеген. Сонымен қатар мемлекеттiк активтер де тиiмсiз пайдаланылып отыр. Үкiметке тиесiлi бiрқатар акционерлiк қоғамдар бюджеттен қомақты қаржы алғанмен, оны тиiстi мақсатқа жұмсамай, жылдың соңында қазына қаржысын банктерге депозит ретiнде салуды қоймай келедi.

Республикалық бюджеттiң атқарылуын бақылау жөнiндегi Есеп комитетiнiң төрағасы Омархан Өксiкбаев: «2010 жылы республикалық бюджеттiң шығыс бөлiгi 4 триллион 574 миллиард теңгенi немесе iшкi жалпы өнiмнiң 21 пайызын құрады. Есеп комитетiнiң бағалауы бойынша мұны тиiмдi пайдалана алмадық. Мұны бюджет қаражатының игерiлмеуi, дебиторлық берешектiң өсуi, жылдың соңында 39 миллиард теңгенiң аударылуы, сондай-ақ есеп комитетi мен қаржылық бақылау комитетi анықтаған қаржылық заң бұзушылықтар көрсетiп отыр», – дедi.

Депутаттар кейбiр ұлттық компаниялар мен қорлардың жұмысы көңiл көншiтпейтiнiн кесiп айтты. Әсiресе инновация мен жаңа жобаларға бағытталуы тиiс қазына қаражатын банктегi депозитке салып, өсiмiнен пайда көрiп отырған менеджерлер сынға ұшырады. Сөйте тұра Үкiмет жұмысын «қанағаттанарлық» деп бағалаған депутаттар 2010 жылғы бюджеттiң орындалуы туралы есептi қабылдады. Бiр таңданарлығы, бюджет саласында елiмiзде жылма-жыл қайталанатын кемшiлiктердiң бар екенiн Парламент Мәжiлiсiнiң төрағасы да мойындайтын көрiнедi.

«Менiң ойымша, әдiл сын айтылды. Олардың бәрi орынды. Себебi отырыста айтылған олқылықтар тек биыл ғана емес, жыл сайын қайталанып отыр. Мәселен қаражаттың мақсатқа сай игерiлмеуi, бiр жыл iшiнде бюджет параметрлерiнiң бiрнеше мәрте өзгертiлуiне әкеп соғады. Осының бәрiн депутаттар нақты көрсеттi. Ендi Үкiмет басшысы арнайы жиын өткiзiп, нақты шаралар қабылдайтын болды», – дейдi Парламент Мәжiлiсiнiң төрағасы Орал Мұхамеджанов.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары