ХАБАРСЫЗ КЕТКЕН ҚҰРБАНДАР

ХАБАРСЫЗ КЕТКЕН ҚҰРБАНДАР

ХАБАРСЫЗ КЕТКЕН ҚҰРБАНДАР
ашық дереккөзі
207

Биыл 22 маусымда бұрынғы Кеңес Одағы үшiн сұрапыл апат көзi болған Ұлы Отан соғысының басталғанына жетпiс жыл толмақ. Аталған тарихи кезеңнiң жадыда ұмытылуы, санада көмескiленуi былай тұрсын, жылма жыл оның шежiресiне қызығушылық бiлдiрушiлердiң саны өсiп келедi. Бұл соғыстың да әлi күнге дейiн "ақтаңдақтары" аз емес.

Соның бiрi — адам шығынының мөлшерi. Кезiнде И. Сталин құрбандардың санын сегiз миллионға жеткiзген. Әрине, бұл ақиқатқа мүлдем сай келмейтiн дерек. 1955 жылы Н. Хрущев Ұлы Отан соғысында қыршын кеткендердiң жалпы санын "20 миллион" деп "дөңгелектедi". Бiрақ сол кезде бұл дерекке де күмән келтiргендер де табылмай қалған жоқ. Жас орыс тарихшысы Александр Некрич Кеңес Одағының соғыс кезiндегi тiкелей және жанама (аурудан, аштан, ауыр жарақаттан өлген және дүниеге келмей қалған нәрестелер т. б.) адам шығындарын есептей отырып, "жалпы саны 42 миллиондай" деп, қорытынды шығарды. Бiр сөзiнде ол өзiнiң есептегенде, ағылшын, американ, немiс, итальян және басқа деректерге сүйенгенiн айтыпты. Алайда мұнысымен сол кездегi Кеңес Одағының идеологтарына ұнамай, шетелге қуылған. Көп жыл бойы Англияда өмiр сүрген тарихшы коммунистiк жүйенi әшкерелеп, "Утопия у власти" деген деректi кiтапты өмiрге әкелдi. Сонымен қазiр ел-жұрт алып елдiң соңғы билеушiсi М.Горбачевтiң айтуымен "Соғыстағы жалпы адам шығыны — 27 миллион" деп жүр. Бұл көрсеткiштiң келешекте қалай боларын кiм бiлген!?

Ал орыстың басты қарсыласы – немiстiң жалпы адам шығыны 14 миллион адам. 10 миллионы – әскерилер, қалғаны – бейбiт тұрғындар. 1949 жылы ресми түрде қабылданған бұл дерек әлi күнге дейiн өзгерген жоқ. Әрi оған немiстер соғыста хабар-ошарсыз кеткендердi де қосқан екен. Сөздiң түйiнi мынада – әр өлген немiске үш кеңестiк сарбаздан келедi. Демек бұл тым қымбатқа түскен жеңiс. Мәселен Белоруссиядағы Батыс әскери округының бас қолбасшысы генерал Павловтың жоғарыдан келген кереғар бұйрықтар мен нұсқауларды орындамағанының кесiрiнен, бiр Белосток қаласының аумағында 329 мың адам қоршауға түстi. Соның басым көпшiлiгi жау қолында ажал тапты. Әрине, сол үшiн Павлов пен оның серiктестерi сотталып, атылды. Алайда 329 мың боздақты кiм керi "қайтарады"?

…"Хабар-ошарсыз кеткендер". Күнi бүгiнге дейiн кезiнде соғыстың терең иiрiмiне түсiп, iз-түзсiз жоғалғандар Кеңес Одағының адам шығындарының санатында жоқ сыңайлы. Оған бiр дәлелiмiз — қасиеттi Орда топырағынан өрбiген Бижанов Жұмахметтiң тағдыры. Өйткенi оны соғыстан кейiн iздеген әпкесi Жұмабике мен жиенi Ғаппардың сонау Ресейдегi Подольск қаласына үш рет жолдаған ресми сұрауына тек бiртектi: "Ж. Бижанов өлгендер мен жараланғандардың да, тұтқынға түскендердiң де тiзiмiнде жоқ" делiнген қатқыл жауап келген-дi. Ал сол қалада Кеңес Одағының құрғақтағы қарулы күштерi мен Әскери теңiз флотының ең үлкен мұрағаты орналасқан. Қазiр де сонда. Ал боздақтарын күткен әпкесi мен жиенi жаңағы бiрiн-бiрi қайталаған жауаптардан соң, сұрау салуды мүлдем қойған.

Жұмахмет Бижанов — А.Пушкин атындағы пединституттың (бүгiнгi М.Өтемiсов атындағы БҚМУ) физика-математика факультетiн 1936 жылы бiтiрген алғашқы түлектердiң бiрi. Келешек академик Асан Таймановпен бiр курста оқып, бiрге диплом алыпты. Жоғары бiлiм алған соң, елiне оралып, Қаракөл-Шоңай деген ауылда алғашында мұғалiм, кейiн мектеп директоры болады. Жас ұстаз және салиқалы азамат көп ұзамай қара торының көрiктiсi Хабиба Қойшыбаеваға үйленген. Жас жұбайлардың бақытты өмiрiне ақырындап төнiп қалған екiншi дүниежүзiлiк соғыс тұсау салды…

…1939 жылы күзде Батыс пен Шығыста қатар тұтанған соғыс өртiнен сақтанып, Кеңес өкiметi қорғаныс шараларын жүзеге асыруға кiрiстi. Соның бiрi – әскер қатарын толықтыру. Көп ұзамай Жұмахмет те әскер қатарына алынды. Жоғары бiлiм иесi ретiнде оған бiрден лейтенант шенi берiледi. Шекараның нақ түбiндегi Гродно қаласына түскен азамат арада уақыт өткен соң, әрiптестерiнiң құрметiне бөленiп, бiр рет қысқа мерзiмдi демалысқа үйiне келiп те кеткен. Қалған уақытта ауылына жүйелi түрде хат жазып тұрды. 1941 жылы 14 маусымда жазған соңғы хатында былай деген екен: "Сiздердi қатты сағындым. Орда да көңiлiмнен де, түсiмнен де бiр кетпейдi. Әзiрге халiм жақсы, алайда шекарадағы жағдай күрделi. От жағуға тамыздығымен қоса даярлап қойған құрғақ ағашқа ұқсайды. Тек шырпы тигiзу ғана қалып тұр…". Мұны маған жылдар бойы бауырының жазған хаттарын жаттап алған әпкесi айтқан-ды. Әдетте сауысқандай сақ, әмiрлi әскери цензура осы хатты қалайша ұстап қалмаған?!

Сонан кейiн соғыс. 1418 күн мен түнге созылған алапат жылдары және онан кейiнгi кезде әпкесi де, жас келiншегi Хабиба да Жұмахметтi сарғая күттi. Алайда сардар елiне оралған жоқ. Қолдарына ұстап қалғаны: алақандай парақ қағаз: "Сардар Ж. Бижанов хабар-ошарсыз кеттi"…

Қара торы келiншек күте-күте шаршағасын, қайын жұртының рұқсатымен, арада жылдар өткесiн, тұрмысқа шықты. Өйткенi жан жарынан көрген қызы соғыс жылдарындағы ауыр тұрмысты көтере алмай, жастайынан шетiнеген едi. Кейiнгi күйеуiнен бала сүйiп, өзi де өткен ғасырдың аяғында өмiрден озды. Бауырын ғұмыр бойы күткен әпкесi Жұмабике де 1973 жылы қайтыс болды.

Айтпақшы, бiр ауылдасы НКВД-ның жендеттерi Сайхында пойызға отырғызайын жатқан жерiнен танысын көрiп қалып, былай дептi: -Ау, менi мұқият тыңда! Қазiр айдауға кетiп бара жатырмын. Ауылдағы Мекең мен Жұмабике апайға айтарсың, мен Бахатты (Жұмахметтi тумалары, көршi-көлем солай атайтын) соғыс басталған күнi көрдiм. Қолында наганы бар, бiр топ жауынгермен жүгiрiп келе жатты. Бiз де казармадан сол сәтте көйлекшең атып шыққан едiк. Сол екi ортада жаныма келiп, бомба жарылды. Есiмнен танып қалыппын. Көзiмдi ашсам, бiр немiс қасымдағыларды түйгiштеп, тұрғызып жатыр…

Әлгi бейбақ Сiбiрдегi бiр абақтыда бес жыл отырып, елге оралған. Хабарын естiген Жұмахметтiң жездесi мен әпкесi ауылына барыпты. Алайда ол үнсiз қалып, ешкiммен сөйлеспестен, арада жылдар өткесiн, о дүниеге аттанды.

Әрине, Ж. Бижанов "хабар-ошарсыз" кеткен жоқ. Өзi сияқты миллиондармен бiрге қаза тапты. Қалай қаза тапқаны да белгiсiз. Мүмкiн жау қолында ажал тапқан шығар. Өйткенi Вермахт (немiстiң құрғақтағы қарулы күштерi) жоғары басшылығының арнайы бұйрығы бойынша қолға түскен коммунистер мен комсомолдар, комиссарлар, партия және кеңес қызметкерлерiн, сардарлар мен шекарашыларды басқыншылар бiрден атып тастады. Алдыңғылар "саяси дұшпан" қатарына жатқызылса, соңғыларына өшпендiлiк күштi едi. Шекарашылардың соғыстың алғашқы күндерi қаһармандықпен қарсыласуы немiстердiң зығырданын қайнатқан болды. Ал Ж. Бижанов болса – әрi коммунист, әрi сардар, әрi шекарашы едi…

Мiне, осындай қайғылы тағдыр. Миллиондаған сол соғыс боздақтарының бiрiнiң ауыр тағдыры. Мұны ешқашан да ұмытуға болмайды…

Серiк ЫҚСАНҒАЛИ

Серіктес жаңалықтары