"ҚазАгроҚаржы" жем-шөп өндiрiсiн қаржыландырады
"ҚазАгроҚаржы" жем-шөп өндiрiсiн қаржыландырады
Мал шаруашылығының тұрақты дамуының шешушi факторы малдың толыққанды жем-шөппен қамтамасыз етiлуi болып табылады. "ҚазАгроҚаржы" жем-шөп өндiру бойынша инвестициялық жобаларды қаржыландыратындығын мәлiмдедi.
Мұнымен қоса суару жүйелерiн енгiзу және пайдалану, техникалар мен жабдықтар сатып алу, құрама жем кәсiпорындарын салу және ұлғайту сынды iс-шаралар да қарастырылып отыр. Ал жем-шөп өндiрiсiне байланысты агрономиялық iс-шараларға отандық лизингiлiк компания тек 2011 жылдың өзiнде шамамен 1,2 млрд. теңге қаржы бағыттамақшы.
Айта кету керек, жем-шөпке жасалып отырған бұл екпiн "ҚазАгроҚаржы" компаниясының iрi сүт фермалары мен құс фабрикаларын дамыту жұмысының жалғасы iспеттес. Мал шаруашылығы өнiмiнiң өзiндiк құн құрылымында 60-65 пайызға дейiнгiсiн жем-шөп құны алады. Сондықтан ең жоғары деңгейiне жету үшiн жем-шөптiң өзiндiк құнын, өнiм өндiрiсiн бiр уақытта арттыра отырып барынша төмендету қажет.
Жем-шөп өндiру – бұл "ҚазАгроҚаржы" акционерлiк қоғамының ауылдағы инвестициялық жобаларды iске асыру шеңберiндегi қаржыландырып отырған жетiншi бағыты. Бәрiне мәлiм, компания Ұлттық қордан бөлiнген қаражат есебiнен республикада iрi-тауарлы сүт фермаларының, ет бағытындағы құс фабрикаларының, жылыжай шаруашылықтарының, көкөнiс қоймаларының желiлерiн, ауыл шаруашылығы техникаларын құрастыру өндiрiстерiн құруға, сондай-ақ тамшылатып суару технологияларын енгiзуге байланысты перспективалық жобаларды белсендi түрде қаржыландыруда. Осы жобалар бойынша қаржыландыру шарттары – 8 жылдан 12 жылға дейiн мерзiммен 6 пайыз мөлшерлеме және негiзгi борышты өтеу бойынша екiжылдық жеңiлдiктi кезеңде жүзеге асады.
Елбасының "Болашақтың iргесiн бiрге қалаймыз" деп атаған Жолдауында 2016 жылға қарай ет экспортын 60 мың тоннаға дейiн ұлғайту көзделген. Бұл – ауыл шаруашылығы машиналарын жасау, химия және тамақ өнеркәсiптерi, жем-шөп өндiру, техника жөндеу өндiрiстерiн арттыруға ынталандыратын болады. Жүргiзiлген талдау жұмыстарына сәйкес, Қазақстанның үш жем-шөп көзi бар: жайылымдар, табиғи және егiлген шабындықтар, жем-шөп дақылдарын өсiруге арналған егiстiк. Егiстiк алаңы – 182,0 млн. га, табиғи және егiлген шабындық алаңы – 4,8 млн. га, жем-шөп дақылдарын өсiруге арналған егiстiк алаңы – 2,5 млн. га.