ЗАҢЫ – ШАРИҒАТ, ҚЫЗМЕТI – ШАПАҒАТ

ЗАҢЫ – ШАРИҒАТ, ҚЫЗМЕТI – ШАПАҒАТ

ЗАҢЫ – ШАРИҒАТ, ҚЫЗМЕТI – ШАПАҒАТ
ашық дереккөзі
334

Байдалы шешеннiң айтатыны бар: «Бiрiншiден не жаман – арамнан жиған қоң жаман». Тәуекелдi клиентпен бiрге бөлiспей, қайтарым қаржының пайыздық мөлшерлемесiн аспандатып, артық ақшаға оңай кенелiп келген банктердiң салы суға кеттi. Отандық ақпарат құралдары жариялағандай, бүкiл әлем осы күнге дейiн құны 60 триллион доллардың өнiмiн өндiрiптi. Ал қаржы нарығында өсiммен айналған ақша 500 триллионға жеткен. Қаржы саласында қалыптасқан қағида тек банктердi емес, мемлекеттi де шығынға ұшыратты. Дәлiрек айтқанда, Исландия, Ирландия, Австрия, т.б. елдер қаржы нарығындағы түйiндердi тарқата алмай қалды. Бұл тек Батысқа емес, барлық елге сабақ болды.

Бүгiнде Батыс ғалымдары Ислам банктерi жұмысының тиiмдiлiгiн талқылап, ойларын ортаға салуда. АҚШ-тың федералдық резерв жүйесiнiң Сауд Арабия мен Малайзияның исламдық қаржы саласын зерттеу жұмысын қолға алғаны қажеттiлiктен туған шешiм деуге негiз бар. Өсiмсiз ақша өндiрмейтiн ислам банкингтерiне деген сұраныс күн санап көбеюде. Соның дәлелi болар, әлемде ең iрi қаржы орталығы саналатын Ұлыбританияда бүгiнде 25 ислам қаржы ұйымдары жұмыс iстейдi екен. Байлықтың «Отаны» – Швейцарияда – 5, ал Францияда шариғат шеңберiнде қызмет ететiн 4 банк бар. Әлемнiң елуге жуық елiнде ислам қаржы ұйымдары жұмыс iстейдi. Көршi қырғыздардың «Экобанк» ислам банкiн қолданысқа енгiзгенiне екi жылға жуықтады.

ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҚАДАМЫ

Бiздiң елде де исламдық банкингтi дамыту жолында бiрқатар қадамдар жасалуда. Кейбiр заңдарға түзетулер енгiзiлдi. Атап айтқанда, «Азаматтық» және «Салық» кодексiне, «Банктер мен банк қызметтерi туралы», «Инвестициялық қор туралы», «Бағалы қағаздар рыногы туралы» заңдарға өзгертулер енгiзiлдi. Елбасы «Ислам банктерi туралы» Заңға қол қойды.

Күнi кеше Астанада дүниенiң төрт бұрышынан жиналған мұсылман елдерiнiң Дүниежүзiлiк исламдық экономикалық форумы өттi. Айтулы жиынның қорытындысында мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев: «Бiз көптеген мәселелердi талқыладық. Өз елiмiздң мүддесi үшiн исламдық банкингтi дамыту керек. Көптеген елдер, мысалы Малайзия, осының есебiнен өз дамуы үшiн ондаған миллиард доллар алады, бiз де исламдық банктi дамыта отырып, бұл қаржылық өнiмнiң Қазақстанда да жұмыс iстеуiне қол жеткiзе аламыз», – дедi. Қазiр елiмiзде ислам банкингiн дамытуға қатысты нақты шаралар қолға алынды. Жуырда Сенат депутаттары исламдық құнды қағаздарын шығаруға мүмкiндiк беретiн заң жобасын бiрiншi оқылымда мақұлдады. «ҚР кейбiр заң актiлерiне исламдық қаржыландыруды ұйымдастыру мәселелерi бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгiзу туралы» заң жобасы мемлекеттiк құнды қағаздарын шығару бағытындағы олқылықтарды жою мақсатында әзiрлендi. Қаржы министрiнiң орынбасары Берiк Шолпанқұловтың айтуынша, заң жобасы республикалық бюджеттiң тапшылығын азайтуды, инвесторларды тартуды көздейдi.

ҰЛТТЫҢ ҰПАЙЫ

Экономика ғылымдарының докторы, профессор Рахман Алшановтың айтуынша, араб елдерiнде игерiлмеген қаржыны қазiргiдей дағдарыс кезiнде өзiмiзге тартуымыз керек. – Бұл iс аса қиын шаруа емес, – дейдi экономист. – Өйткенi бiздiң ел ең алдымен Ислам дiнiн ұстанады. Ұстанымдарымыз бiр. Қаржы дағдарысынан шығу үшiн шұғыл қимылдап, осы iстi қолға алуымыз қажет. Осыны ескерген мемлекетiмiз қазiр келiсiм жасап жатыр. Бiзде құрылысқа, жолға, тағы басқа инфрақұрылымдарға қаржы салатын салалар жеткiлiктi. Осы салаларға қаржы салынса, жасалған шаруаның тиiмдiлiгiн көрер едiк. Себебi мұсылманшылық қағидасы бойынша, екi жақ та пайда көредi. Исламдық қаржы ұйымдарының өз ерекшелiктерi бар. Оны түсiну қиын емес. Арабтар Ислам дiнiнде харам саналатын арақ-шарап, темекi өндiретiн өндiрiстерге қаржы жұмсамайды. Бұл – олардың өзiндiк ұстанымы.

Экономика ғылымдарының докторы Атамұрат Шәменовтiң айтуынша, исламдық банкинг жүйесiнiң саясаты еуропалық дәстүрден бөлек. «Мұның тиiмдi жерi – пайыз алмайды. Оларға бизнес жоспарыңды ұсынсаң, болашақта атқарар iсiңе араласады. Тiптi бiлмейтiнiңдi үйретедi. Тапқан пайдаңды бөлiседi. Бүгiнгiдей қиын жағдайда мемлекеттiң қолға алып жатқан бұлi iсi құптайтын нәрсе», – дейдi экономист.

ҚАРЖЫЛЫҚ «КӨПIРШIК»

Мамандар исламдық банкингтi енгiзудiң тиiмдiлiгiн бiрнеше себептермен түсiндiредi. Бiрiншiден, ислам қаржы жүйесi – ең жылдам өсушi сала. Жылына 15 пайызға өсетiн исламдық негiздегi активтердiң жиынтығы 800 миллиард АҚШ долларына тең. Екiншiден, исламдық қаржы жүйесiн енгiзген негiзгi елдер – Таяу Шығыста төлемпаздық (ликвид) аса жоғары деңгейде шоғырланған. Үшiншiден, елiмiздiң қаржы жүйесiнде исламдық банктiң пайда болуы өз кезегiнде қаржы нарығында жаңа ойыншылар мен мүлде жаңа банктiк өнiмдердi шығаруға септiгiн тигiзедi. Төртiншiден, исламдық жүйе – банк саласында тұрақтандырушы ықпалға ие. Себебi салымшылар салымның қауiп-қатер тәуекелiн бөлiседi.

Исламдық банктiң негiзгi өнiмдерi мыналар: сауда-қаржыландыру (мурабаха), үлестiк бiрлескен қаржыландыру (мушарака), жалға беру (иджара), ақшаны сенiмдi басқару (мудараба), исламдық банк қызметiнiң ауқымында агенттiк қызмет көрсету (уәкала), сыйақысыз банктiк қарыз операцияларын жүзеге асыру (кард әл-хасан). Осы ақша операцияларының бәрiнде шариғат талаптары қатаң сақталады. Яғни мұнда үстеме пайызбен өсiмақысын алуға жол берiлмейдi. Ислам банкiнде операциялардың шариғатқа сәйкес болуын қадағалайтын органдар бар. Олар – Шариғат кеңесi және Шариғат аудитi. Шариғат кеңесi банктiң басты ережелерiн бекiтiп, күнделiктi жүзеге асатын шағын операцияларына араласпайды. Тек үлкен бизнестi қаржыландыру, бағалы қағаздар шығару секiлдi iстердi қадағалап, мақұлдайды. Шариғат аудитiнiң мақсаты – жасалған операцияларды тексерiп отыру және ережелердiң сақталуын қадағалау.

Исламдық қаржы жүйесiнде фьючерс, дериватив сияқты кейбiр қаржылық құралдарға тыйым салынған. Экономист-ғалымдар осындай қаржылық құралдардың көптеп жүзеге асуы қаржылық «көпiршiкке» себепкер болды деген тұжырымды алға тартады. Бүкiләлемдiк банк өзiнiң бiр зерттеуiнде классикалық жүйеге қарағанда, исламдық банкингтiң тиiмдi әрi әдiл жұмыс iстейтiнi туралы қорытынды жасапты. Классикалық банктердiң көзқарасына жақын саналатын Бүкiләлемдiк банк сарапшылары оны исламдық қаржы жүйесiндегi өсiмге жол берiлмеуiмен байланыстырған.

ӨМIРШЕҢСIЗ ӨСIМ

«Ислам банкi ашылатын болыпты, пайыз деген бәледен құтылатын болдық, өсiмсiз ақша алады екенбiз», – деп қуанды алғашқыда қарапайым халық. Алайда адамдар арасында бұған күмәнмен қарайтындар да бар. Кейбiреулерi: «Ислам банкi пайыз алмаса, қалай пайда табады? Шығынға шаш-етектен ұшырамай ма?» – дейдi. Бiр нәрсенiң басы ашық: кез келген қаржы ұйымының негiзгi мақсаты – пайда табу. Мәселе, қандай жолмен пайда табуда. – Жалпы экономика ғылымында табыстың үш түрi болады, – дейдi бiзбен ой бөлiскен «Causar Consulting» компаниясының маманы, экономист Едiге Алпысбай. – Бiрiншiсi – қолыңдағы бар мүлкiңдi жалға беру арқылы келетiн табыс. Екiншiсi – қолыңдағы ақшаны iске қосып, сол арқылы түсетiн түсiм. Үшiншiсi – ақшаны сату арқылы түсетiн пайда, яғни өсiммен келетiн табыс. Ислам экономикасы осы айтылған табыстарды пайдалануға рұқсат етедi. Тек ақшаны сату арқылы түсетiн үстеме ақыға (өсiмге) тыйым салады. Себебi бұл жағдай екiншi тараптың тәуекелдiгiн төмендетiп, тығырыққа тiрейдi.

Елiмiзде бұл жүйеге қарсылық танытушылар күн санап көбеюде. Әдiлетсiздiк дегеннен шығады, өткен жолы павлодарлық 39 жастағы Марат Нүркенов өзiне қол жұмсады. Баспасөз бiткеннiң бас тақырыбына айналған бұл оқиға бүкiл елдi дүр сiлкiндiрдi. Банкке берешегiн уақытында өтей алмай, үйiнен айрылып қалған ол тоғызыншы қабаттан құлап, мерт болды. Артында әйел, бала-шағасы қайғы жұтып қалды. Осы оқиғадан кейiн «Халықтың баспанасын өзiне қалдырайық» қоғамдық қозғалысының белсендi мүшесi Сұлубике Жақсылықова: «Халықты баспанасынан айыру – оның өмiрiне қауiп төндiру. Мұндай трагедия тағы болмас үшiн халықты қанап, тығырыққа тiрейтiн банк саласындағы мұндай жүйенi өзгертуiмiз керек», – деп мәлiмдедi.

Ал Мәжiлiс депутаты Нұртай Сабильянов бiр сұхбатында: «Несие алушылар көбiнесе теңгемен алады, ал теңге құнсызданған кезде банктер оның бағасын долларға есептейдi де көбейте қояды», – дептi. Бұл – Шекспир айтқандай, «бол, болмасаң бордай тоз» дегеннiң нақ өзi. Демек тұтынушы мүддесiн елемеу деген сөз.

Дәстүрлi банктер қаржыны несие есебiнде берiп, тұтынушының қызметiнен хабарсыз қалса, ал исламдық банктер бизнестiң бiр қатысушысы ретiнде тәуекелдi өз тұтынушысымен бiрге бөлiседi. Пайда түссе – пайдасымен, шығын болса – шығынымен есеп айырысады. Ислам банкiнде «мурабаха» деген операция бар. Онда сiз таңдаған пәтердi банк өзi сатып алып, содан соң оны сiзге сатады. Шарт бойынша төленетiн пәтердiң бағасы кәдiмгi несие секiлдi бiрнеше жылға созылады. Бiрақ онда қаржыландыру сомасы басынан бастап белгiлi болады. Оны банк өзгертпейдi. Салыстырмалы түрде айтқанда, қазiргi таңда классикалық банктердiң көптеген тұтынушылары несие мөлшерiнiң өзгерiп тұруына байланысты қиындыққа ұшырауда.

ТЕҢ ТӘУЕКЕЛ

«Фаттах финанс» АҚ басқарма төрағасы Асқар Айтқожамен сұхбаттасқанымызда, бiзге исламдық қаржы жүйесiнiң қыр-сырын тәптiштеп түсiндiрiп бердi.

– Исламдық банк салымдарының екi түрi бар, – деп бастады сөзiн Асқар Айтқожа. – Бiрiншiсi – өсiмсiз салымдар. Атынан белгi болғандай, мұндай салымдарға өсiм төленбейдi. Екiншiсi – инвестициялық салым, яғни экономика тiлiмен айтқанда, депозит. Мұнда банк клиенттiң ақшасын белгiлi бiр мерзiмге сенiмдi басқаруға алады да, оны инвестициялық жобаларға немесе активтерге салады. Сол жобалардан түскен пайданың клиентке тиесiлi бөлiгiн берiп отырады. Бiрақ банк клиент ақшасының номиналдық көлемiнiң қайтарылатындығына кепiлдiк бермейдi. Егер инвестициялық табыссыз болса, клиент шығынға ұшырайды, ал банк болса сол жобадан сыйақы алу құқығынан айырылады. Ал егер инвестициялық жоба банктiң жiберген қателiгiнен шығынға ұшырайтын болса, онда банк сол үшiн жауапты болады. Қаржы нарығындағы тәуекелдi тең бөлiсудiң ашық та, айқын жолы – осы. Сол секiлдi, «сукук» – исламдық бағалы қағаздар да шариғат талаптарын бұзбай, инвестициялық табыс табуға мүмкiндiк бередi. Бұл адал ақшаға негiзделген, адамзатты екi дүние бақытына жетелейтiн ұлы кiтап – Құраннан бастау алатын ислам қаржы жүйесiнiң бiз бiлмейтiн бағыттары ғана.

– Елiмiзде исламдық қаржы ұйымдары неге жеке тұлғалармен жұмыс iстемей жатыр? Халықтың басты мәселесi – баспана екенi рас. Әсiресе, қалалық қарапайым халық үшiн. Пәтер сатып алуға сiз басқаратын қаржылық компания не ұсына алады?

– Жеке тұлғалармен ислам банкi жұмыс iстейдi. Жуырда «Фаттах финанс» инвестициялық қоры, Қазақстан даму банкi және Малайзияның мемлекеттiк iрi қаржы компаниясы – AmanahRaya бiрлесiп, Ислам банкiн ашу туралы келiсiм-шартқа қол қойды. Астанада өткен мұсылман елдерiнiң дүниежүзiлiк экономикалық форумында Елбасы осындай тапсырма бердi. Қазiр зерттеу жұмыстары жүргiзiлуде. Алдағы екi ай көлемiнде тараптар ортақ жобаны жүзеге асыруға кiрiсетiн болады.

Ал бiздiң инвестициялық қордың бастапқы мақсаты – елiмiздегi мұсылмандардың қажылық жасауға жұмсайтын ақшасын жинауға көмектесу. Егер сiз, мәселен өз туыстарыңызды қажылыққа алып бару ниетiмен ақша жинайтын болсаңыз, алдымен тiркеу бөлiмiне келiп тiркелген соң, бiзбен келiсiмге отырасыз. Сонан соң, сiз салған ақша акция сатып алуға жұмсалады. Сол кезде сiздiң қолыңызға қанша акция иегерi екенiңiз туралы қағаз берiледi. Сiз салған ақшаны бiз үлкен инвестицияларға жұмсаймыз. Аталмыш инвестициядан түскен табыстан сiз де пайда көрiп отырасыз. Қажылық сапар барысында қонақүйге орналасқанда, оның бағасы арзандатылады, әуе көлiктерi билетiнiң бағасы да сiз үшiн төмендетiледi.

– Ислам банкiнiң дәстүрлi банктен бiз бiле бермейтiн тағы қандай айырмашылықтарын атап бере аласыз?

– Малайзиядан келген бiр банкирдiң айтқаны есiмде қалып қойыпты. Сол сөз бiздi әрдайым жақсы жұмыс iстеуге жiгерлендiрiп отырады. Ол кiсi былай деп едi: «Исламдық банк ашып, бiрден байып кетудi мақсат етсеңдер, қазiрден бастап ол ниеттерiңнен қайтыңдар да банктi жауып тастаңдар. Оны осы сәттен бастап ұмыт. Исламдық банк халықты қанау не тонау үшiн құрылмайды. Ол ең алдымен Алла разылығы үшiн адамдарға қаржылық қолдау көрсету үшiн құрылады. Бiреудi қинап тартып алған ақша ешқашан сiңiмдi болмайды. Араммен келген ақша сол адамды түптiң түбiнде жарға жығады».

Демек Ислам банкi тек пайданы көздемейдi. Мүмкiндiгiнше тұтынушыға көмектеседi. Тәуекелдi бiрге бөлiседi. Тұтынушыға қажет дүниенi сатып алады да, оны оған бөлiп сатады. Егер адам ақшаны уақытында қайтара алмай қалса, басқа банктер оған айыппұл салады. Ислам банкiнде ондай жоқ, неге десеңiз, шариғаттың заңдары бойынша келiсiм-шартта көрсетiлген ақшадан артық ақша алынбайды. Бiр кiсiлер шамасы келiп тұрса да, алған несиенi қайтармаса, оған айыппұл салынады. Сөйтiп тұтынушыдан түскен ақшаны бiз қайырымдылық iстерге жұмсаймыз. Банктiң ережесiнде солай жазылған. Оның есебi халыққа жарияланады.

– Елiмiзде несиесiн өтей алмай, үйiнен айрылған азаматтар банктiң шешiмiне наразылық танытып, өзiне қол жұмсауда. Егер осындай жағдай бола қалса, Ислам банктерi қалай әрекет етедi?

– Бұл мәселе арнайы кеңесте талқыланады. Мәселен мынадай жағдайлар кезестi. Әке-шешесi жол апатынан қайтыс болып, балалары жетiм қалып жатады. Бұл мәселенiң әртүрлi шешiмдерi қарастырылған. Бұл жағдайда исламдық банк қайтыс болған адамның балаларына үйдi сый ретiнде қалдырады. Әйтпесе туыстарының жағдайына қарап, банк өзiне тиесiлi қаржыны қайтарып алады.

Гүлжан СЫДЫҚОВА

Серіктес жаңалықтары