Ақпараттық карта: негiзгi 7 бағыт
Ақпараттық карта: негiзгi 7 бағыт
Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ
Таяуда Үкiмет ҚР Экономикалық даму және сауда министрлiгi тарапынан ұсынылған Қазақстан дамуының ақпараттық картасын бекiттi. 2020 жылға дейiнгi стратегиялық жоспарымен үндес құжатта 7 бағытқа басымдық берiлген.
Мемлекеттiк органдардың ескертулерi мен ұсыныстары ескерiлген Қазақстан дамуының ақпараттық картасы Қазақстан Президентiнiң нұсқауымен арнайы дайындалғанын мәлiмдеген ҚР Экономикалық даму және сауда министрi Қайрат Келiмбетов карта қолданысқа енгiзiлгеннен кейiн, елдiң әл-ауқаты тұрақты әрi жүйелi түрде өсетiнiн жеткiзген едi. Қазақстанның дамуын қамтамасыз ететiн 7 негiзгi талап мен мiндет айқындалған құжатта жауапкершiлiк мiндетi орталық мемлекеттiк органдар жетекшiлерiне жүктелiп, орындалу мерзiмi мен түпкi нәтиже анық көрсетiлген. Жобаны дайындаушылардың пiкiрiнше, бұл құжатты жүзеге асыру барысын жiтi бақылап отыруға мүмкiндiк бередi. Экономикалық және қаржылық дағдарыстан кейiнгi даму, экономиканы дербестендiрудi жеделдету, азық-түлiк қауiпсiздiгi, келешекке салынатын инвестиция, азаматтарға көрсетiлетiн қызметтер түрi, мемлекеттiк басқару жүйесiн дамыту, ұлтаралық келiсiмдi, қауiпсiздiк пен халықаралық қатынастар тұрақтылығын қамтамасыз етудi қамтитын Ақпараттық карта Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейiнгi дамуының стратегиялық жоспарында көрсетiлген басты бағыттарымен үндес.
Құжат бойынша, 2014 жылға дейiн 8,1 триллион теңгенi құрайтын 294 инвестициялық жобаны iске асыру көзделген, оның iшiнде биыл кемiнде 192 жоба iске қосылады деп жоспарлануда. Елiмiздiң Транзиттiк әлеуетiн дамыту барысында Қазақстанның өңiрдегi сауда-саттық, логистикалық, iскер hub-қа (орталық) айналуы бойынша iс-қимыл жоспарын дайындап, Қазақстан Республикасының Үкiметiне ұсынылады. Сонымен қатар қаржылық сала бағыты бойынша, "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ АҚ-ға кiретiн ұлттық компаниялардың акцияларын халық арасына таратуды жоспарлайтын "Халықтық IPO" бағдарламасы дайындалып, шағын несиелiк құралдарға қол жеткiзу ауқымын кеңейтуге қатысты жұмыстар жүргiзiледi.
Мәселен қаржылық сала бағыты бойынша, "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ" АҚ-ға кiретiн ұлттық компаниялардың акцияларын халық арасына таратуды жоспарлайтын "Халықтық IPO" бағдарламасы дайындалып, шағын несиелiк құралдарға қол жеткiзу ауқымын кеңейтуге қатысты жұмыстар жүргiзiледi. Министр Қ.Келiмбетовтiң айтуынша, индустриализациялау бөлiмiнде "Қорғас" және "Ақтау теңiз айлағы" арнайы экономикалық аймақтарын одан әрi дамыту жөнiнде кешендi шаралар қабылдау бойынша жауапты орындаушы болып Көлiк және коммуникация министрлiгi бекiтiлген. Ал қаржылық және салықтық ынталандыру мәселелерiн, сондай-ақ еншiлес қаржыландыруды дамыту мәселелерiмен бiрге инновацияны қолдауға байланысты шаруалар кешенi бойынша ұсыныстар енгiзу – экономикалық даму және сауда министрлiгiнiң жауапкершiлiгiнде. Қазақстанның ғылымы мен технологиясы жетiстiктерiнiң көрме кешенiн құру және А.В. Борисенко жүйесi бойынша технологиялық газдарды тазарту жөнiндегi жұмысты жалғастыруға қатысты тапсырмаларға жауапты Бiлiм және ғылым министрлiгi болады. Жоғары бiлiктi еңбек ресурстары үшiн ашық көшi-қон қағидаттарын енгiзу жөнiнде шаралар кешенiн қабылдауға Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгi жауапты, ал Экономикалық Ынтымақтастық және Даму Ұйымы елдерiмен визасыз режимге көшу мен инвесторлар үшiн виза беру рәсiмiн оңайлату мәселелерi Сыртқы iстер министрлiгiнiң құзырында.