"АСТАНА" ВЕЛОКОМАНДАСЫНЫҢ АЙҚЫН ЖЕҢIСI

"АСТАНА" ВЕЛОКОМАНДАСЫНЫҢ АЙҚЫН ЖЕҢIСI

"АСТАНА" ВЕЛОКОМАНДАСЫНЫҢ АЙҚЫН ЖЕҢIСI
ашық дереккөзі
150

Сейсенбi күнi "Астана" велокомандасының әйгiлi Джиро де Италия велосайысындағы жеңiстi жетiстiктерiн қорытындылау бойынша өткiзiлген баспасөз-конференциясында ҚР велоспорт Федерациясының Президентi Қайрат Келiмбетов пен "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ (команданың негiзгi демеушiсi) Басқарушы директоры Дархан Қалетаев велокоманданың жетiстiктерi ғана емес, болашақтағы жоспарлары да туралы ақпараттармен бөлiстi.

ҚР Велоспорт Федерациясының басқаруындағы "Астана" (Proteam Astana) кәсiби командасы Джиро де Италия (Giro d’Italya) сайысына қатысқан 23 команданың арасында топ жарып, ең жүйрiк команда ретiнде жеңiске жеттi. "Астана" командасының құрметiне Миланның орталығындағы Джиро де Италия мiнберiнде Қазақстан Респбликасының әнұраны шырқалды. Бұл – Әнұранның тұңғыш рет велоспорт сайысында орындалуы.

ҚР Велоспорт Федерациясының Президентi Қайрат Келiмбетов атап өткендей, "Астана" велокомандасы – өте ерекше жоба. Осы велокоманданың арқасында елмен, елдiң инвестициялық мүмкiндiктерiмен, туристiк мүмкiндiктерiмен танысуға мүмкiндiк туды. Жалпы, жоба – Қазақстанның өте сәттi спорттық, жалпы PR-жобаларының бiрi.

Мұнан өзге, "Астана" командасының көшбасшысы, чех велошабандозы Роман КРОЙЦИГЕР ең үздiк жас шабандоз ретiнде ақ жейденi жеңiп алды. Ал команданың келесi бiр велошабандозы Паоло ТИРАЛОНГО көп күнге созылатын сайыстың финишiне 2 күн қалғанда Бергамо және Макуньяга қалаларының арасындағы қашықтық-сайыстың ең қиын кезеңiнде жеңiске жеттi.

Елiмiздiң Велоспорт Федерациясы команданың Джиро де Италия сайысындағы көрсеткен өнерiне қанағаттанды. Айта кетерлiгi: "Астана" командасы осы маусымда өз қатарын бiраз жастармен толықтырған едi. Джиро сайысындағы жоғарғы жетiстiкке қол жеткiзуге команданың бас жаттықтырушысы, Team manager Джузеппе МАРТИНЕЛЛИдiң сiңiрген еңбегi зор. Бүкiл әлемнiң велоспортшылары Мартинеллидiң "Астана" командасын жетiстiкке жеткiзу жолындағы еңбегiне тамсанды.

Ендi команданың алдында тағы бiр жарыс бар. Ол – "Тур де Франс" сайысы. Бұл сайыста қазақстандық спортшы, әлемге әйгiлi велошабандоз Александр Винокуров команданың капитаны болады.

"Астана" командасы – бүкiл қазақстандық велоспорттың дамуына ықпал етiп отырған команда. Осы жылдың мамыр айынан бастап, жас, талантты велошабандоздарға стипендия тағайындалды. "Астана" Қазақстанның даңғыл жолдағы жарысқа және велотректегi жарысқа ыңғайланған ұлттық құрамаларды формамен және заманауи спорттық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етiп отыр.

2011 жылдың наурыз айында "Астана-трек" атты кәсiби трек командасы тiркелдi. Ол команданың да бас демеушiсi – "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ. Команданың бас бапкерi – қазақстандық маман Валерий Кравченко.

"Астана трек" командасының аренасы республикалық велотрек болады, онда 4-6 қараша аралығында әлемдiк трек кубогi үшiн беделдi халықаралық жарыстар өтедi. Жарысқа әлемнiң 45 елiнен 500 спортшы келедi деген жоспарлар бар.

Ж.БАҚҚОНДЫҰЛЫ

Серіктес жаңалықтары