«АЗ ТӨЛЕГIҢ КЕЛСЕ, КӨП ҮНЕМДЕ»

«АЗ ТӨЛЕГIҢ КЕЛСЕ, КӨП ҮНЕМДЕ»

«АЗ ТӨЛЕГIҢ КЕЛСЕ, КӨП ҮНЕМДЕ»
ашық дереккөзі
228

Күнгейде 125 млн. теңге үнемделмек

Энергетиктердiң таратқан мәлiметтерiне сенсек, Қазақстанда 2000 жылдан бергi аралықта электр қуатын тұтыну мөлшерi жыл сайын 6-8 пайызға үздiксiз өсiп отырған. Өсiмнiң әзiрге тұрақталар түрi көрiнбейдi. Бұл қарқынмен елiмiзде энергия пайдалану мөлшерi 2015 жылға қарай қазiргiден бiр жарым есеге көбеюi мүмкiн екен. Яғни электр энергиясына деген «тәбеттiң» тiзгiнiн тартып қоймасақ, алдағы уақытта жарықтан тарығып қалуымыз әбден мүмкiн деген сөз. Бұл әсiресе электр энергиясын сырттан тасымалдайтын Оңтүстiк Қазақстан облысы үшiн күн тәртiбiндегi мәселеге айналды.

Бүгiнгi таңда облыс аумағындағы 900 елдi мекеннiң 884-i орталықтандырылған электр желiлерiне қосылған. 15 елдi мекенде тұрғындар жарықты дизель немесе бензин отынымен жұмыс iстейтiн шағын агрегаттар арқылы алады. Ал жалпы облыста электр қуатын Шымкенттi жылумен қамтамасыз ететiн «3-Энергоорталық» АҚ, Шардара су электр стансасы және «Келесгидрострой» ЖШС өндiредi. Олардың өндiрген қуаты облыстағы сұраныстың 55 пайызын қанағаттандырады екен. Қалған 45 пайыз облыстан тысқары электр көздерiнен алынады. Бұл цифрлардан кейiн энергия үнемдеудiң Шымкентте алдымен қолға алынуы заңды екенiн байқауға болады.

Жалпы, электр энергиясын үнемдi пайдалану әлемдiк тәжiрибеде кеңiнен қолданылып келе жатыр. 2008 жылғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында Елбасымыздың өзi де: «Электр энергиясын барлық жерде бiрдей үнемдеуге бiздiң кәсiпорындарымыз бен азаматтарымыз әлi кiрiсе қойған жоқ. Арзан энергияның сарқыла бастағанын ашық айтуға тиiспiз. Аз төлегiмiз келсе, көп үнемдеу керек. Бұл әркiмнiң өз қамы болуы қажет. Үкiмет осы жұмысты кеңiнен қолға алуы тиiс», – деген болатын. Электр энергиясын үнемдеудiң ең тиiмдi жолы энергияүнемдегiш лампаларды қолдану. Мұндай лампаларды қолданысқа енгiзу соңғы жылдарда дүниежүзiнде кең үрдiс алып келедi. Мәселен Еуропада былтырдан берi 75-ваттық лампаларды шығару мен сатуға тыйым салыныпты. Биылдан бастап Ресейде 100 ваттан жоғары лампаларды шығаруға және сатуға рұқсат етiлмейдi. Ал 2014 жылы бұл ел энергия үнемдейтiн лампаларға толық өтудi жоспарлап отыр.

Шымкенттiк шенеунiктер де электр қуатын үнемдеудiң осы әдiсiн тиiмдi деп тапты. Жуырда облыстық әкiмдiкте өткен мәжiлiсте облыс әкiмi Асқар Мырзахметов: «Облыстағы барлық кәсiпорындарды қамтымасақ та, мемлекеттiк мекемелерде энергияүнемдегiш лампаларды орнатуды қолға алу керек. Осы арқылы энергияны 5-6 есеге дейiн үнемдей алатын боламыз. Бұған қанша қаржы кететiнiн есептеп шығу қажет» деп мәлiмдедi. Облыс әкiмiнiң осы тапсырмасын орындау мақсатында қазiргi уақытта аудан, қала әкiмдiктерi ауыстырылатын лампалардың түрi, саны жөнiнде зерттеу, анықтау жұмыстарын жүргiзiп жатыр. Алдын-ала жасалынған болжамдарға қарағанда, тек бюджеттiк мекемелердегi лампаларды ауыстыру арқылы облыста шығын көлемiн айтарлықтай азайтуға болады екен. Егер оны теңгеге шағар болсақ, жылына 125 миллион теңге бюджет қаржысы үнемделмекшi. Бұл дегенiңiз – 11 миллион кВт сағат электр қуаты. Осы энергияны өндiруге мыңдаған тонна сұйық отын жұмсалады емес пе?! Ал сұйық отынды жағудан ауаға көмiрқышқыл газының таралатыны белгiлi. Яғни энергия үнемдеуден табиғатқа, халықтың саулығына келетiн пайданың өзi бiр төбе деген сөз. Егер шенеунiктердiң бұл бастамасын қарапайым халық та қолдайтын болса, пайданың көлемi еселеп артады емес пе?

Әкiмдiк жұртшылық арасында энергияүнемдегiш лампаларды кеңiнен қолдануды насихаттау шараларына да кiрiспек.

Бақытжан ӘБДIРАШҰЛЫ

Серіктес жаңалықтары