САПАЛЫ БIЛIМ – АУЫЛДЫ

САПАЛЫ БIЛIМ – АУЫЛДЫ

САПАЛЫ БIЛIМ – АУЫЛДЫ
ашық дереккөзі
430

Оңтүстiкте өткен ҰБТ-ның нәтижесi осыны көрсеттi. Бұған сенесiз бе?

Биыл Оңтүстiк Қазақстан облысындағы мектептердi 38 612 түлек тәмамдаса, оның 25 405-i Ұлттық бiрыңғай тест тапсыруға өтiнiш бiлдiрген. 4 маусымнан бастап аудан орталықтарында және Шымкентте талапкерлер өздерiнiң 11 жыл бойы жинаған бiлiмдерiнiң жемiсiн көрсеттi.

ҰБТ оңтүстiкқазақстандықтар үшiн есте қаларлық оқиғалармен өттi.

Тест тапсыру басталмай жатып-ақ биыл емтихан тапсырылатын аудиторияларда ұялы телефон байланысын өшiретiн арнайы қондырғылардың iске қосылатыны жөнiнде ескертулер айтылып едi. Алайда ол барлық тест орталықтарында қолданылмаған болып шықты. Емтиханға «шпаргалка» алып кiру, ұялы телефон қолдану көптеген тест орталықтарында жылдағы әдет бойынша жалғасып жатты. Тiптi емтиханға фотоаппарат алып кiру жайттары да орын алған. Оны қайтедi дейсiз бе? Талапкерлер тест сұрақтарын суретке түсiрiп, оның флешкасын сыртқа берiп жiберетiн көрiнедi. Ал сыртта тест орталықтарына жақын орналасқан пәтерлердi күнi бұрын жалдап қойған мұғалiмдер келген сұрақтарды қабылдап алып, жауаптарды ұялы телефон арқылы iшке хабарлап отырған. Осылайша жылына бiр келетiн ҰБТ-ның қып-қызыл жабайы саудаға айналып кеткенi жөнiндегi әрқилы әңгiмелер ел iшiнде әлi де басылмай тұр.

Қазығұрт ауданының орталығында өткен тест тапсыру кезiнде сыртта тұрған азаматтар iшке «шпаргалка» беру үшiн мектептiң терезелерiн таспен атқылап қиратқан. Қазiр бiрқатар азаматтар өздерiнiң осы тәртiпсiздiгi үшiн полицияның алдында жауап берiп жатқан көрiнедi. Ал Түркiстан қаласында төтенше жағдай орын алды. Талапкерлерге тест сұрақтары таратылып болған сәтте полиция мен өрт сөндiру көлiктерi қиқулап келiп, жиналған жұртты әбiгерге салды. Әлдебiреу жергiлiктi iшкi iстер органына телефон шалып, ҰБТ өтiп жатқан университет ғимаратына бомба қойылғаны жөнiнде хабар берiптi. Тәртiп бойынша бұдан кейiн емтихан тапсырып отырған 650-ге жуық түлек қауiпсiз жерге көшiрiлген. Бiрақ құзырлы органдар қанша iздесе де, ешқандай қауiптi зат тапқан жоқ. Бомба туралы ақпарат жалған болып шықты.

Облыстық бiлiм басқармасының мәлiметiне қарағанда, облыста тест тапсырушылардың жинаған орташа балы 87,2 баллды құрап, былтырғы көрсеткiштен 1 баллға жоғарылапты. Сонымен бiрге «Алтын белгiге» үмiткер 1244 оқушының 62 пайызы, яғни 785-i өздерiнiң осы атаққа лайықты екендiктерiн растап шыққан. Бiр ғажабы, жақсы нәтиже көрсеткендердiң алғашқы үштiгiнен айқай-шу көп шыққан Төле би, Түлкiбас, Қазығұрт аудандары еншiлесе, «бомба» деп дүрлiккен Түркiстан қаласы ең соңғы орынды алыпты.

ҰБТ-ның нәтижесiне қарап ерiксiз таңғалуға тура келедi. 2002-2003 оқу жылында облыста «Алтын белгi» алған түлектердiң саны 12-нi құраса, айналасы 7-8 жылдың iшiнде олардың 785-ке дейiн шарықтағанын немен түсiндiруге болады? «Алтынның» да қадiрi кеткенi ме?! Биылғы тест тапсыру кезiнде облыс бойынша 7 оқушы 125 балл жинаған. Барлық сұрақтарға дұрыс жауап берiп, «жүзден жүйрiк, мыңнан тұлпар» шыққан түлектердiң екеуi Шымкент қаласынан. Қалғандары Сайрам, Түлкiбас, Қазығұрт ауданының мектеп бiтiрушiлерi. ҰБТ-дан жалпы көрсеткiш бойынша да алғашқы орындарды қала емес, аудандар алып отыр. Соған қарағанда сапалы бiлiм ауылда сияқты. Бiрақ үздiк көрсеткiш ақиқат па, әлде көзбояушылық па?

Бақытжан ӘБДIРАШҰЛЫ

Серіктес жаңалықтары