Мәскеуде «Абай» орталығы жабылып қалды. Неге?

Мәскеуде «Абай» орталығы жабылып қалды. Неге?

Мәскеуде «Абай» орталығы жабылып қалды. Неге?
ашық дереккөзі
175

Бүгiнде Ресейде 1 млн.-ға жуық қандас-бауырымыз тұрса, Мәскеудiң өзiнде 10 мыңға жете-ғабыл қазақ бар. Ал олардың жылдан-жылға қазақ тiлiн бiлуге деген мүмкiндiгi мейлiнше азайып барады. Өткен жылы Ресейдегi Абай жылының аясында «Абай институты» деп аталатын үкiметтiк емес қазақ мәдени орталығы (ААҚ) құрылған болатын. Ең бастысы, бұл жоба екi ел Үкiметi мен мемлекет басшыларының мақұлдауымен қолға алынған-ды. Бiрақ…

Аталмыш орталық бiр жылдан соң жұмысын тоқтатқан. Мәскеудегi қазақ диаспора өкiлдерi үшiн тиiмдi жобаның сұйылып кетуiне не себеп? Бұл сауалға Мәскеудегi «Қазақ тiлi» Басқарма мүшесi, «Қазақ тiлi» газетiнiң редакторы Орынбасар Қуандықов та жауап iздемек боп, мәселенi Астанада өткен Дүниежүзi қазақтарының IV құрылтайы аясында өткiзiлген дөңгелек үстелде көтерген. Ол мұны Байланыс және ақпарат министрлiгiндегi басқосуда айтса да, министрлiктегiлер: «Бұл сауалыңыз Сыртқы iстер министрлiгiне қатысты екен, сонда жiберемiз» деп жылы жауып қойған көрiнедi. Iле-шала бұл «Қазақ тiлi» газетi мен веб-сайтында жарияланып, оқырмандардың талқысына түсiп үлгердi. Әлi күнге Қазақстан Үкiметi тарапынан ешқандай ресми жауап келмегенi жергiлiктi қазақ диаспора өкiлдерiн алаңдатып отыр.

Бiр таңданарлығы, дана ақынымыз Абайдың атын иемденген институттың басшылығына Евгений Бекметов деген бұрын Қазақстанда тұрған бiр азаматты тағайындапты. Қазақ тiлiн бiле қоймайтын бiреуге «Абай институтын» сенiп тапсырудың өзi ақылға сыйымсыз емес пе?! Институттың директоры Евгений Бекметов баспасөзге берген бiр сұхбатында: «Мұндай институтты ашудың астарында Қазақстан Республикасы Президентi Нұрсұлтан Назарбаевтың Жолдауындағы негiзгi басымдықтарды жүзеге асыру, яғни ТМД бойынша бiрыңғай бiлiм кеңiстiгiн қалыптастыру бағыты жатыр» деп кеңiнен көсiлген едi. Орталық әуелде Мәскеу қалалық психологиялық-педагогикалық университетi мен Мәскеу экономика және құқық институтымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс iстеген. Одан бөлек орталықты мектеп оқулықтары, анықтама және көркем әдебиетпен қамтамасыз етiп тұру үшiн ҚР Бiлiм және ғылым министрлiгiмен, «Мектеп», «Атамұра» баспаларымен өзара келiсiм жасалған. Тiптi «Абай институты» осы мақсатта ғылыми-ақпараттық орталық пен бiлiктiлiктi арттыратын арнайы курстар ашуды да қарастырған екен. Қысқасы, бұл Мәскеудегi қазақ диаспорасы үшiн таптырмас жобаға айналары сөзсiз едi. Алайда көптiң күткен қуанышы ұзаққа созылмаған сияқты.

Мәскеудегi «Қазақ тiлi» қоғамы Басқарма мүшесi Орынбасар Қуандықовтың айтуына қарағанда, институт қазақ тiлi сабағын алғашқыда «Белорусская» метро стансасы ауданында жүргiзiп тұрған. «Одан соң «Қазақ тiлi» қоғамының кеңсесiнде өткiзiлдi. Демек бiр жерден екiншi жерге көшiп-қонып жүру ненi бiлдiредi? Бұл – институтты қаржыландыру қысқарды деген сөз. Сол кезде қазақ диаспора өкiлдерiнiң арасында: «Ұлы ақын, ағартушы-демократтың атын пайдалану арқылы салық төлеушiлердiң ақшасын қайырымсыз мақсатта жымқыруда» деген гу-гу әңгiме тарап үлгердi. Әрине, екi елдiң елшiлiктерi қолға алған жобаға үлкен үмiт артқанымыз рас. Өкiнiшке қарай, небәрi бiр жылға жуық жұмыс iстеген орталық жабылып қалды», – дейдi мәскеулiк қандасымыз.

Бiр айта кетерлiгi, бұдан кейiн бұл оқыту мекемесi жайлы ешкiм тiс жарып ештеңе айтпаған. Тiптi «Бұл орталық қалай және қандай көлемде қаржыландырылды, нелiктен әу баста негiзге алынған Елбасының Жолдауына немкеттi қарады?» деген мәселенi ортаға салып, талқылаған жан болмаған. Бүгiнде жергiлiктi қазақ диаспорасын мазалайтын сұрақ көп. «Егер бұл жекеменшiк жоба болса, оған «Абай» атын кiм бердi?». Мұндай халықаралық жобалар неге көзбояушылық пен науқандық шараға айналуы тиiс?» дейтiн мәскеулiк қазақтар жобаның жұмысына мониторинг жүргiзiп, оны БАҚ-та жариялап, дер кезiнде халықты хабардар етiп отыру керектiгiн айтады. Осы мәселеге мәскеулiк қазақтар атынан үн қосушы Орынбасар Болатұлы: «Егер «Абай институты» бүгiнге дейiн жұмысын тұрақты түрде жүргiзiп отырса, оны Мәскеудегi қазақ диаспорасы ғана емес, Қазақстан халқы бiлетiн едi. Бiз немiстердiң әйгiлi Гете институты мен испандардың Сервантес институтының үздiксiз жұмыс iстеуiне қызғана да, қызыға да қараймыз. Шетел мәдениетiнiң бұл орталықтары елшiлiк қызметкерлерiнiң балаларын ғана оқытпайды, сонымен қоса белсендi түрде ақша таба отырып, өз ұлтының диаспорасын кең қамтуға тырысады. Өкiнiштiсi сол, Мәскеудегi «Абай институты» атына заты сай болмай шықты. Бiлсеңiздер, бұл жергiлiктi қазақ диаспора өкiлдерi үшiн ұят нәрсе», – дейдi ашынып.

Ол Ресей аумағында үлкен Қазақ мәдени орталығын ашуға ешқандай ұмтылыстың жоқтығын айтады. Экономикалық даму жағынан кейiнгi жылдары қарыштап өскен Қазақстан ТМД елдерi iшiнде Ресеймен достық ымырада бола тұра Мәскеуде болмаса Ресей өңiрiнiң қазақтар көп шоғырланған басқа өңiрiнде қазақ диаспорасының басын бiрiктiретiн орталықты салуға неге қаржы бөле алмайды? Бұл да ескi жараның бетiн тырнаумен бiрдей. «Қазақ тiлi» қоғамының Басқарма мүшесi Орынбасар Болатұлы: «Мәскеудiң ескi Арбатына ат басын бұрсаңыз, Украина мәдени орталығының зәулiм ғимаратын көзiңiз шалады. Ал «Қытай-қала» метро ауданына барсаңыз, Арменияның мәдени орталығы мен Мәскеу армян театрына ұшырасасыз. Құдды зәулiм сарай дерсiз. Бұл аз десеңiз, Мәскеу экс-мэрi Юрий Лужковтың қол қоюымен қазiр Мәскеудiң оңтүстiк-батысында 1 гектар жерге Ресей-корей мәдени орталығын салуға байланысты құрылыс жұмысының жобалық-сметалық жұмыстары тәмамдалып қалыпты. Ал 1992 жылдың қазанынан берi екi ел арасындағы дипломатиялық қатынас ынтымақтастық ретiнде оң жолға қойылса да, неге Ресей астанасында Қазақ мәдени орталығы ашылмайды? – дей келiп пiкiрiн одан әрi былайша сабақтады, – Негiзi Мәскеуде Қазақстанның мәдени орталығын ашу 2004 жылы жоспарланған болатын. Бұл нәтижеге қол жеткiзу Ресейдiң сол кездегi президентi В.Путиннiң Астанаға келу iс-сапарында анықталған едi. Есесiне «сыйға-сый, сыраға-бал» саясаты бойынша, Алматы қаласында «Ресей» мәдени орталығы құрылмақшы. «Қазақ» мәдени орталығында 600-дей адам сиятын көпфункциялы залдан бөлек, адам жанына қажеттiнiң бәрi шоғырланған кешендi бөлмелер (банк, қонақүй, сауда орталығы, спорт-сауықтыру, т.б.) болады. Ресейде ауқымы жағынан көлемдi мұндай нысан басқа елдер елшiлiгiнiң бiрiнде жоқ. Ал жер телiмi «Москва-сити» ауданынан берiледi» дегенiне 7 жылдың жүзi болса да, қам-қарекет жоқ. Соған қарамастан, 2004 жылы Ресей сыртқы iстер министрлiгi жанындағы Ресей халықаралық, ғылыми-мәдени орталығы Қазақстаннан өз өкiлдiгiн ашса, жақында Астана қаласында «Русский центр» тұсауын кестi. Және осы iспеттес орталық Өскемен, Ақтөбе қаласында да бар», – дейдi.

Р.S. «Абай институты» деп аталған бiлiм беру орталығы жұмысын неге тоқтатты? Бiлуiмiзше, жабылып қалу себебiн екi елдiң елшiлiктерi де жiтi тексермей, жылы жауып қойған сияқты.

Ал мәскеулiк қазақ диаспора өкiлдерi: «Қазақстан Республикасы Президентi Н.Назарбаевтың Жолдауы негiзiнде ашылған «Абай орталығының» қазiргi таңда жабылып қалғанын қазақстандық билiк бiле ме екен?!» деген тосын сұраққа жауап алғысы келедi.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары