МИГРАНТТАРДЫ ШАҚЫРЫП, БIЛIКТI МАМАНДАРДАН АЙРЫЛАМЫЗ БА?

МИГРАНТТАРДЫ ШАҚЫРЫП, БIЛIКТI МАМАНДАРДАН АЙРЫЛАМЫЗ БА?

МИГРАНТТАРДЫ ШАҚЫРЫП, БIЛIКТI МАМАНДАРДАН АЙРЫЛАМЫЗ БА?
ашық дереккөзі
197

Қазақ елi – жатты жарылқап, құшағына сыйдырып отырған мемлекет. Соңғы жылдары жан-жақтан ағылған еңбек мигранттарын арнайы құжатпен заңдастырып, тiптi оларға тегiн медициналық көмекке дейiн ұсындық.

Алыс-жақын шетелден нәпақа табуға келген мигранттардың тiркелмегенi қаншама. Елiмiзде емiн-еркiн ойқастаған босқындарды тексерiп жатқан мекемелер жоқтың қасы. Кейде жылына бiр-екi рет арнайы рейд ұйымдастырып, құжатсыз, заңсыз жүрген жатжұрттықтарды қармайды. Солардың кейбiрiн ғана өз елiне қайтарса, көбiсi айыппұл төлеп бостандыққа шығады. Әрине, Қазақстанның босқындарға жасап отырған ерекше қамқорлығы мен бауырмалдығында күмән жоқ. Тiптi мұны БҰҰ-ның Жоғарғы комиссары басқармасының Орта Азиядағы босқындар iстерi жөнiндегi аймақтық өкiлi әрi үйлестiрушiсi Сабер Азам мырза да жасырған жоқ. «Қазақстан Үкiметiне қамқорлық iздеген босқындарға көрсетiп келе жатқан көмектерi үшiн алғысымды айттым. Қазақстанның босқындарға көрсетiп отырған қамқорлығы өзге елдерге үлгi боларлықтай», – деген-дi ағынан жарылып. Еңбек мигранттары мен босқындардың орталығына айналған Алматы қаласын Өзбекстаннан бас сауғалап келген өзбек босқындары да паналап қалғысы келген. Өзбекстанда дiни көзқарасы үшiн қуғындалған азаматтарға Қазақстан тарапы саяси пана беруден бас тартты. Өзбекстанның бас прокуратурасы бұған дейiн «өз Отанында ауыр қылмыс жасаған» бұл өзбек мұсылмандарды елiне қайтару туралы Қазақстан жағына өтiнiш жасаған. Алматыда қамауда жатқан 29 өзбек азаматы босқын мәртебесiн алу үшiн тиiстi органдарға қаншама рет шағымданғанмен, сот мұны қанағаттандырусыз қалдырған-ды. Алайда олар: «Қазақ елiнiң бiзге босқын мәртебесiн бермеуi – автоматты түрде Өзбекстанға экстрадициялаумен пара-пар немесе басымызды өлiмге тiгу» дегендi айтып отыр.

Ресми мәлiмет бойынша, Қазақстандағы босқындар саны 603 адам немесе 230 отбасын құрайтын көрiнедi. Олардың 506-сы Алматы қаласында, қалғаны Оңтүстiк Қазақстан мен Алматы облыстарында тiркелген.

СЕНАТОР СЫН АЙТҚАНМЕН, ҚҰЖАТ ҚАБЫЛДАНДЫ

Жақында ғана Парламент қабырғасында мигранттарға байланысты екi бiрдей құжат талқыға түскен болатын. Оның бiрi – Қазақстан, Ресей, Беларусь арасындағы еңбек көшi-қон мәселесiн реттеу. Яғни үшiншi елдердiң заңсыз еңбек миграциясына қарсы шаралар, заңсыз еңбек мигранттарын елден шығару, Кеден Одағы елдерiнiң заң бұзушыларына Қазақстанға кiрудi шектеу шараларын жетiлдiру жазылған. Кедендiк одаққа кiрмей тұрып-ақ, төрт құбыласын түрiк ұстаған қазақтың жерiне кiмдер келiп, кiмдер кетпедi. Ендiгi жағдайдың қалай өрбитiнiн ойлаудың өзi қиын. Қазақстан-Ресей шекарасындағы кедендiк шаралардың жойылғаны – есiгiмiздiң айқара ашылуы iспеттес. Бұл – бiр. Екiншiден, Одаққа кiрген үш елдiң аумағындағы кедендiк кедергiлердiң алынып тасталуына байланысты онсыз да бiлiктi маманға тапшы елiмiздiң кәсiби мамандары сыртқа ағылмауына кепiл жоқ. Негiзiнен Парламент қабылдаған құжат Қазақстан, Ресей және Беларусь елдерiнiң мамандарына Кедендiк аймақта емiн-еркiн жұмыс iстеуге мүмкiндiк бередi. Аталмыш келiсiмдi тәптiштеп түсiндiрген Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрi Гүлшара Әбдiқалықова: «Қазiргi кезде әр мемлекет өзiнiң iшкi еңбек нарығын қорғау мақсатында жұмыс iстеуге арналған тәртiптерiн, квота белгiлеу шараларын қолданып жүр. Бұл – аталған үш елдiң жұмысшыларына қаннен-қаперсiз жүруiне кедергi келтiруi мүмкiн. Сол себептен келiсiм негiзiнде бiздiң елден шетелдiк жұмыс күшiн тартуға рұқсат алу талаптары жойылады. Демек Қазақстан, Ресей, Беларусь өз арасындағы шектеулердi алып тастауды көздеп отыр», – дегендi бiлдiрдi. Министр ханым сондай-ақ Кедендiк одаққа кiретiн екi ел – Ресей мен Беларусь мемлекетi еңбек күштерiнiң Қазақстанға келетiндерi аз екендiгiн әрi ешқандай қауiптiң жоқтығын алға тартып, халықаралық келiсiм аясында ұлттық мүддемiздiң жоғары тұратындығын жеткiздi.

Жаңа құжат бойынша, бұдан былай ресейлiктер мен белоруссиялықтар елiмiзде тiркеусiз 90 күн бола алатын көрiнедi. Ал өзге ел өкiлдерiне 30 күнге ғана рұқсат берiледi. Бiрақ олар 5 күннiң iшiнде тiркелуi мiндеттi. Айта кететiн тағы бiр жайт – Кедендiк Одаққа мүше көршi елдермен бекiтiлген келiсiм – еңбек мигранттарына Қазақстанға отбасын алып келуге мүмкiндiк бередi. Сенатор Ғани Қасымов мырза аталмыш келiсiмдегi кейбiр түйткiлдерге қарсы шығып, жұрттың назарын аударды. «Беларусьтi қайдам, келiсiмде Ресеймен ынтымақтастық туралы әдемi жазылыпты. Алайда орыстың Қиыр Шығысындағы проблемаларға бiр сәт назар аударайықшы. Онда визасыз тәртiппен екi күнге шекарадан кiрiп-шығуға рұқсат қарастырылған. Бұл бұған дейiн Ресейдiң өзiнiң мәселесi болып келсе, келешекте бәрiмiздiң ортақ бас ауруымызға айналатыны рас. Бiрақ келiсiмде бұл көрiнiс таппаған», – дедi сенатор. Сенатор мұнымен қоса Қазақстанның көшi-қонына жауапты органды тiкелей Елбасына бағынышты ету керектiгiн баса айтып, бiрқатар дамып кеткен елдердiң заңсыз миграциямен күрес тәжiрибесiн алға тартты. «Келiсiмнiң 2-бабында еңбек мигранттарын ғана емес, олардың отбасыларының да әлеуметтiк құқын қорғау шаралары қарастырылған екен. Ресейдi түсiнуге болады. Оларға қазiр 2 млн. жұмыс күшi керек. Ал бiзге не керек? Қолына күрегiн ұстап келген Тәжiкстан азаматы әйелi мен бала-шағасын, қаптаған туған-туысын ерте келедi. Шетелден жұмыс iздеп келгендерге мiндеттi әлеуметтiк қамсыздандыру беруге тиiспiз бе? Әуелi өз азаматтарымызға жағдай жасамай тұрып, сырттан келгендердi жарылқағанымыз қалай? Менiңше, осы бапты алып тастау керек», – деп жетерге жеткiзе айтқанмен, министр Гүлшара Әбдiқалықова ханым оған құлақ аса қоймаған сыңай танытты.

Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрi депутаттар тарапынан айтылған сын-ескертпеге тек ресми көрсеткiшпен жауап беруге тырысты. «Бiзге Ресейден орта есеппен алғанда – 1,5 мың адам, Беларусь елiнен 100-ақ адам келедi. Ал Қазақстаннан осы елдерге баратындар саны 10 мыңға дейiн жетедi. Ендеше, кiмге тиiмдi? Сонымен қатар бiзге керегi – бiлiктi мамандар. Маңғыстау, Ақтау портында теңiз флоты қызметкерлерi мүлдем жоқтың қасы. Сондықтан Ресейден мамандар шақырамыз, олар өздерi қалаған мерзiмге келiп, отбасымен осында тұруы керек. Сондай-ақ бiздiң елде тұрған уақытында әлемде қалыптасқан тәжiрибелер бойынша әлеуметтiк тетiктер iске қосылмаса болмайды», – деп қысқа қайырды. Айта кету керек, статистика еңбек мигранттары бiр айға, ең көп дегенде жарты жылға келетiнiн және өзiмен бiрге бала-шағасын алып келуi тиiмсiз екендiгiн көрсетiп отыр. Өйткенi өтемақы тек Қазақстанда тұратын шетелдiктерге ғана берiледi.

Ал Iшкi iстер министрлiгiнiң мәлiметiне жүгiнсек, 2010 жылы Қазақстанда 50 мың заңсыз еңбек мигранты тiркелген. Олардың 12 мыңы Ресейден, 46-сы Белоруссиядан. Ал қалғандары Қырғызстан, Тәжiкстан және Өзбекстаннан келген келiмсектер. Соңғы 5-7 жылда Қазақстанға келген шетелдiң жұмыс күшi шамамен үш-төрт есеге өскен.

Сөйтiп, сенатор Ғани Қасымов халықаралық келiсiмнiң кем-кетiгiн айтудай-ақ айтқанмен, құжат сол күйiнде мақұлданып кете барды. Неге екенi белгiсiз, бiзде үнемi осы.

РЕСЕЙ – МИГРАНТТАР ҚАЛАСЫ

Дәл қазiр ресейлiк мамандар елдегi мигранттардың көбейiп кетуiне орай тежеу салу керектiгiн айтып дабыл қағуда. Әлеуметтанушы Владимир Малахов: «Қоғам мұны мойындамаса да, соңғы он жылдан берi Ресей мигранттардың мемлекетiне айналып кеттi. Ресейлiк билiк миграциялық көшi-қон мәселесiн уақытша жағдайға теңеп, босаңсытып алды», – дегендi бiлдiрген.

Мұны түсiнген Ресейдiң Федералды миграциялық қызметi еңбек нарығы саясатын қайта жасақтауды қолға алып, уақытша тұруға және мигранттарға квота берудi алып тастауды қарастырып отыр. Бұдан былай аталмыш мекеме еңбек мигранттарының денсаулығын да баса назарда ұстамақшы. Ол үшiн Денсаулық сақтау министрлiгi еңбек күшiн тартуда үкiмет жүктеген тапсырмаларды орындап, квотаны жөн-жосықсыз бермеудi қадағалайды. Мәселен 2011 жылға бағытталған квота бойынша 1,7 млн. адам тарту көзделген. Ал Федералды миграциялық қызметiнiң мәлiметiне сүйенсек, бүгiнде Ресейде 4 млн.-ға жуық мигранттар заңсыз еңбек етiп жүр. Бiр қызығы, Ресейге 2020 жылы 20 млн. еңбек мигранты ауадай қажет көрiнедi. Соған қарамастан, 2010 жылы миграциялық көрсеткiш 2009 жылға қарағанда 11 мың адамға қысқарған екен. Былтырғы санақ бойынша, 1989-2011 жыл аралығында миграциялық ағым 8 млн. адамды құраса, яғни Ресей тұрғындарының табиғи өсiмiнiң 12 млн.-ы осы мигранттардың есебiнен өсiп, кемiп отырған.

Айтпақшы, жаңа құжатқа байланысты Мәскеуде мигранттарды бұдан былай туған-туысындай қарсы алмақшы. Оларды бiр айдың iшiнде 1000 рубльмен-ақ заңдастырып бермек. Тiптi, Ресейге келген еңбек мигранттары пойыздан түспей жатып жұмыс iстеуге рұқсат етiлген арнайы патентке ие болатын көрiнедi. Ресейдiң көшi-қон саясатына жауапты тұлғалардың айтуынша, бұл тәртiп елге заңды мигранттардың келуiне жол ашады. Еңбек күшiнiң қай компанияда, кiмнiң қоластында жұмыс iстейтiндiгi туралы мәлiметтiң бәрi патентте жазулы. Мәселен былтырғы жылдың шiлдесiнен бүгiнге дейiн 75 мың патент берiлсе, нәтижесiнде бюджетке шамамен 150 миллион рубль түсiм түсiптi.

P.S. Қазақстанның да, Ресейдiң де еңбек мигрантына байланысты қолға алып жатқан шаралары қордаланып қалған мәселенi шеше алмайды. Тәжiрибе көрсеткендей, бiлiктi мамандар Қазақстанда ғана емес, Ресей мен Беларусьта да тапшы. Өз iсiн жетiк бiлетiн маман қайда жалақы көп болса, сол жаққа баруға құқылы. Тiптi ресейлiк мамандар да шетелден ағылған еңбек күшiне бұлайша бақылау жасау – көшi-қон саясатын бiржола реттей алмайды дегендi жасырмайды.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары