АҚБӨКЕНДЕР НЕДЕН ҚЫРЫЛДЫ?..

АҚБӨКЕНДЕР НЕДЕН ҚЫРЫЛДЫ?..

АҚБӨКЕНДЕР НЕДЕН ҚЫРЫЛДЫ?..
ашық дереккөзі
346

Иә, неден қырылып жатыр? Бұл жауабы жоқ сұраққа айналды. Биыл ғана емес, бiрнеше жылдан берi. Ауылшаруашылық мамандары мен ғалымдар әртүрлi себебiн айтады. Әкiмдер де өз тұжырым-болжамдарын жасауда. Олар айналып келгенде пастереллез ауруына шалдыққан деп отыр. Ветеринария мамандары оған мынандай анықтама берген:

Пастереллез – үй жануарлары мен құстардың арасында кең таралған жұқпалы аурулардың бiрi. Бұл ауру ауыл шаруашылығына орасан зор шығын әкелуi мүмкiн. Ең қауiптiсi, бұл ауру өте тез таралатындықтан, жануарларға жеке-дара емес, үйiрiмен жұғып, үлкен шығынға ұшыратады. Адамға да жұғу ықтималдылығы жоғары. Бiрақ адамға жұғу фактiлерi мен оның клиникалық көрiнiсi әлi толық зерттелмеген, түбегейлi жiктелуi, дифференциалдық диагноз қою белгiлерi де жоққа тән. Көп жағдайларда бұл ауру өлiммен аяқталып жатады.

Аурудың анықтамасы бар-ау. Ал емi неге жоқ? Дәрiгерлер адамдарға тез тарағыш тұмаудың да алдын алып жатады ғой. Пастереллездiң де неге алдын алмасқа?! Демек бiзде ветеринария ғылымы әлi әлсiз. Сонау 1981 жылдан берi емсiз iндет бөкендердi қырып келедi. Сол жылы Торғай облысында 180 мың бас, 1984 жылы ақпан-сәуiр айларында 250 мың бас, 1988 жылы мамыр айында 500 мың бас, 2009 жылы да жаппай қырылған. Өткен жылы Батыс Қазақстан облысының Жәнiбек пен Қазталов аудандарында 18-24 мамыр аралығында 12 мың бас киiк өлiм-жiтiмге ұшырады. Ендi мiне сол Орал қаласынан 500 шақырым қашықтықтағы Жәнiбек ауданының Борсы және Жақсыбай ауылдық округтерi аумағында iндет қайталанып отыр. Өлген киiктердiң жалпы саны – 442 бас, оның 82-сi биыл туған лақ.

Өткен айдың басында ақбөкендерге жылдағыдай санақ жүргiзiлген. Батыс Қазақстан облыстық орман және аңшылық шаруашылығы аумақтық инспекциясының бастығы Қайрат Қадешев Бiлiм және ғылым министрлiгiне қарасты Зоология институты мен «Охотзоопром» РМҚК мамандарының қатысуымен жүргiзген санақтың алғашқы күнi-ақ Жәнiбек ауданы аумағынан 13 мың киiктi есепке алған едi. Соңғы үш жылда олардың саны 26,6 мыңға жеткен болатын. Өткен ғасырдың сексенiншi жылдары ақбөкендер саны Қазақстанда үш миллионның үстiнде екенi анықталған. Байырғы геолог Молдияр Серiкбаев – өткен ғасырдың жетпiсiншi жылдары Қазақстан территориясын түгел шарлап шыққан жан. Сол кiсi Бетбақдалада және Ақтөбе облысының оңтүстiгiндегi Кiшi және Үлкен борсық құмдарынан, Атырау облысындағы үстiрттен қалың ақбөкендердi жиi-жиi көргенiн айтып жүр. «Арқаның кез келген жерiнде жосып жүрушi едi жарықтық»,– дейдi ақсақал. Содан берi қыстың суығынан, осындай аурудың залалынан, броконьерлердiң оғынан қырылғаны қаншама. Қазiр олардың саны сексен мыңның үстiнде ғана. Ал мына iндеттiң емi табылмай тұр. Ресей, тiптен шетелдiк ғалымдар да күш салуда. Өкiнiштiсi, шығып жатқан нәтиже жоқ.

Киiк iндетi мамыр айының бел ортасынан асқанда-ақ көрiнiс бере бастаған. Алғашқыда Төтенше жағдайлар жөнiндегi министрлiктiң Орман және аң шаруашылығы инспекторлары киiктердiң өрiсiн шолып жүрiп, 200-ден астамының өлiмiне кездеседi. Содан олар дабыл қаққан. Ауыл шаруашылығы министрлiгiне қарасты Орман және аңшылық шаруашылығы комитетiнiң төрағасы Ерлан Нысанбаев мамырдың 20-сы күнi арнайы комиссиямен тексеруге шығып, облыстың Айдарлы, Жұмаш, Борсы, Вышка, Қайдар, Шалаш елдi мекендерi аумағынан жаппай қырылған киiктердi көредi. Олардың жалпы саны жобаман 2 мыңға жуықтаса керек. Е.Нысанбаев: «Қырылған киiктердiң iштерi кеуiп, ауыздарынан жасыл көбiк ағып жатыр. Бұл – уланудың белгiсi. Қазiргi таңда олардың нақты неден уланғаны анықталуда», – деп мәлiмдейдi.

Суыт хабар Батыс Қазақстан облысының әкiмшiлiгiне 27 мамыр, жұма күнi жетiптi. Ертеңiне облыс әкiмi Бақытқожа Iзмұхамбетов жанына бiрнеше мамандар алып, тiк ұшақпен iндет жайлаған жерге барған. Киiктер жылда сол жерге келiп төлдейдi екен. Әкiм «Охотзоопром» РМКК-ның Батыс Қазақстан аймақтық филиалының бас инспекторы Нұрлан Тәжiғалиевке: «Киiктердi бұл жердiң аумағына кiргiзбеңдер деп былтыр тапсырып едiк қой. Неге кiргiздiңдер?» – деп сауал тастады. Ол: «Киiктердi бұл жерден қанша қусақ та қайтып келе бередi. Олар жылда осы жерде төлдейдi», – деп жауап бердi. Жалпы киiктердiң көп мөлшерде мекендейтiн жерi Қазақстанның батыс өңiрi. Көршi Өзбекстан мен Ресей республикаларының аумағына да кiре бермейдi.

Нұрлан Тәжiғалиев комисия мүшелерiне: «Жәнiбек ауданының Борсы өңiрiнде биыл 4 мыңның үстiнде аналық бас киiк болған. Мамырдың 7-17 аралығында барлығы бiр жерге жиналып, төлдеген көрiнедi. Бiз оларды алыстан бақылап жүрдiк. Он күн бойы үйiр бiр жерде болды. Тiптен су iшуге де барған жоқ. Лақтары әбден аяқтанып, үйiр орын ауыстырғанда ғана бiз сол жердi барып көрдiк. Ешқандай патология байқалмады. Өлген киiк жоқ. Жалғыз ғана лақ шетiнептi. Оның өзi де тiрi туған секiлдi. Ересек киiктiң көбi былтыр қырылды ғой. Биыл төлдегендерi былтырғы лақтар. Мамырдың 19-ына дейiн киiк үйiрiнiң саны лағын қосқанда шамамен 9 мыңға жеттi. Биыл маса көп. Жануарлар желдiң бағытымен бiр жерде тұрақтай бермейдi», – деген.

Облыс әкiмi Бақытқожа Iзмұхамбетов: «Мұндай жайсыз оқиғаның бiр жерде, бiр мезгiлде қайталануы жануарлар әлденеден уланған жоқ па деген күмәнға жетелеп тұр. Бәлкiм, осы жерде дәл осы уақытта жеуге жарамсыз, улы болатын шөп бар шығар. Сондықтан бұл мәселенi жете зерттеу керек секiлдi. Бiр тәуiрi биылғы өлген жануарлар саны аз. Жаңа ғана өздерiңiз көрдiңiздер, жетiм қалған лақтарды ересек киiктер iздеп келiп, ертiп әкетiп жатыр. Былтырғыдай жаппай қырылмай, аман қалар деген үмiттемiз», – дейдi. Таң қаларлық бiр жайт – киiк қырғыны басталысымен-ақ үлкен үйiр тез ыдырап, 200-250-ден шағын топтарға бөлiнiп кеткен. Тәжiғалиев: «Бұл киелi жануардың өзiн-өзi сақтау инстинктi болар», – деп болжам айтты.

Ел iшiнде киiктердiң қырылуы туралы әртүрлi пайымдаулар бар. Солардың бiр парасы «Капустин Яр» полигонының залалы» дейдi. Көне көздердiң айтуына қарағанда, полигоннан бұрын киiктер мұндай iндетке ұшырамаған. Басы жыл сайын көбейiп отырған дейдi. Ал Батыс Қазақстан облыстық табиғат қорғау прокуроры Молдағали Уапов: «Биылғы киiктердiң өлiм-жiтiмiне Капустин Яр полигонының қатысы жоқ. Өлген жануарлардың белгiсi тура былтырғыдай. Яғни пастереллез деген сөз. Бiрақ соңғы сөздi жан-жақты сараптама нәтижесiне сүйенiп, мамандар айтуы тиiс»,– дейдi. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлiгi Агроөнеркәсiп кешенiндегi мемлекеттiк инспекция комитетiнiң Облыстық-аумақтық инспекциясының бастығы Лавр Хайретдинов: «Пастереллез вирустары малда, жануарлардың бойында, соның iшiнде киiкте әуелден болады. Тек ағза әлсiрегенде немесе қосымша сыртқы факторлар әсер еткенде ғана бас көтерiп, күш алады. Жәнiбектегi киiк өлiмiне биылғы ұзақ қыс әсер етуi мүмкiн»,–дейдi. Жәңгiр хан атындағы аграрлық-техникалық университетiнiң аға оқытушысы Балдай Ходжанова: «Жалпы, жылдың белгiлi бiр кезеңiнде бойына у жинайтын өсiмдiктер болады. Былтыр да осындай болжам айтылып қалған едi. Дегенмен арнайы сараптама қажет-ақ»,– деп отыр.

Ал министрлер не дейдi?

Қазақстан Ауылшаруашылығы министрi Асылжан Мамытбековтың пiкiрi:

– Ақбөкендер осы уақытта төлдейдi. Сол кезде олардың иммунитетi төмендеп, әртүрлi ауруларға және вирустарға шалдығу мүмкiндiгi өте жоғары. Осы уақытта ауырып, өлетiн жануарлардың саны көбею мүмкiндiгi де жоғары.

Қазақстан Республикасы Қоршаған ортаны қорғау министрi Нұрғали Әшiмовтiң пiкiрi:

– Бұл – эппизотия деген ауру. Ешқандай экологиялық мәселе жоқ. Қазiр мынау санитарлық қадағалау, сосын денсаулық сақтау министрлiгi, Төтенше жағдайлар министрлiгi, ауылшаруашылығы қызметкерлерi бiрiгiп, арнайы комиссия құрып, зерттеу жұмыстарын жүргiзiп жатыр.

Киiктер iндетiнен елге миллиондаған шығын келгенi белгiлi. Әсiресе төлдейтiн бiрыңғай ешкiлердiң қырылуы, олардың тұқымының өсiмiне зор қауiп келтiруде. Көктем мезгiлiнде пастереллез ауруына шалдыққан жануар әрi десе бес тәулiктен соң өледi. Мамандардың айтуына қарағанда бұл iндет үй жануарлары арқылы адамдарға да жұғуы мүмкiн екен. Бұрын ондай да фактiлер кездескен.

Биология ғылымдарының докторы Тоғжан Мұқашева:

– Пастереллез ұлпаны зақымдайтындықтан, ол емге көне бермейдi. Әсiресе ауруды антибиотиктермен емдеу нәтиже беруi екiталай. Аурудың жануарлар арқылы адамға жұғуы әбден мүмкiн. Мәселен өлген жануар денесiн ұстаған адам пастереллез жұқтырып алуы ықтимал. Бұл iндет сирек тарайды, жануарлардан жұғатын болғандықтан, халқымыз бұл ауруды да оба деп атаған, – дейдi.

Сонымен әкiмдердiң де, министрлердiң де, мамандардың да пiкiрлерi әрқалай. Өкiнiшке қарай, дала еркесi ақбөкендерге келген iндеттiң емi табылмай отыр. Дұрысы алдын алу әрекетi жоқ. Сондықтан жыл сайын қайталануда. Ал киiктердiң iндет себебiн айтар тiлi жоқ.

Қымбат ӘШIМЖАНОВА

Серіктес жаңалықтары