Қайрош МАҚЫШОВ: ҚАЗАҚ БАЛАЛАРЫНЫҢ ҚАБIЛЕТI ҚАЙРАН ҚАЛДЫРАДЫ

Қайрош МАҚЫШОВ: ҚАЗАҚ БАЛАЛАРЫНЫҢ ҚАБIЛЕТI ҚАЙРАН ҚАЛДЫРАДЫ

Қайрош МАҚЫШОВ: ҚАЗАҚ БАЛАЛАРЫНЫҢ ҚАБIЛЕТI ҚАЙРАН ҚАЛДЫРАДЫ
ашық дереккөзі
360

Елiмiз соңғы кезде техникалық мамандықтарға деген сұранысты арттырып келедi. Болашақ бiлiктi мамандарды тәрбиелеуде математиканы тереңдетiп оқытатын бiлiм ұяларының орны ерекше. Сондай қарашаңырақтың бiрi әрi бiрегейi – негiзiн сонау 1972 жылы қалаған О.Жәутiков атындағы Республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған физика-математика орта мектеп-интернаты. Бүгiнде билiк тармақтарында қызмет етiп жүрген бiрқатар бiлiктi басшыларға бiлiм нәрiн сепкен мектептiң аты күллi әлемге мәшһүр. Мұнда елiмiздiң түкпiр-түкпiрiнен келген дарынды балалар оқиды. Бiз талай жүлделердi бағындырып жүрген бiлiм ошағы жайында мектеп-интернат директоры, бiлiм саласы бойынша “Тарлан” сыйлығының иегерi Қайрош Мақышовпен аз-кем тiлдескен едiк.

– Қайрош Бексейiтұлы, сiз басқарып отырған бiлiм ұясының тамыры тереңде жатқан көрiнедi. Бiлуiмiзше, елiмiзде математиканы тереңдетiп оқытатын бiрден-бiр мектеп осы екен…

– Дұрыс айтасыз. Дарынды балаларға арналған республикалық физика-математика мектебi осы шаңырақтың түлегi Орынбек Жәутiковтiң мұрындық болуымен ашылған. Ал 1990 жылдан бастап бiлiм ұясы Жәутiковтiң атында. Мұнда бүкiл Қазақстанның түкпiр-түкпiрiнен 320 бала жатып оқыса, 450-дейi қаланың баласы. Барлығы 800-ге таяу оқушы оқиды. Елiмiз дарынды балаларға барлық жағдайды жасап отыр. Мектеп мемлекеттiк болғандықтан толығымен тегiн. Бiз балаларды 8 және 9-сыныптан кейiн қабылдаймыз. Оқу бағдарламасы екi тiлде, яғни қазақ және орыс тiлдерiнде жүргiзiледi. Дарынды балаларға үлкен байқау жарияланады. Бiр орынға төрт-бес баладан келедi. Бiз ең мықты балаларды ғана таңдап аламыз. Олар математика, физика, информатика, ағылшын тiлiн тереңдетiп оқиды.

– Әрине, бұл ауылдағы дарынды балаларды тарту мақсатында ашылған мектеп екенi белгiлi. Бiлiм ұясының рейтiнгiсiн де ауыл балалары көтерiп отырған жоқ па?!

– Мектептiң рейтингiсi туралы айтқан кезде, әрине мектеп түлектерiнiң жетiстiгi ауызға оралады. Мысалы бiздiң мектептен Премьер-министр Кәрiм Мәсiмов, «Самұрық-қазына» ҰӘҚ-ның президентi Тимур Құлыбаев, Экономикалық даму және сауда министрi Қайрат Келiмбетов, Президенттiң көмекшiсi Бақыт Сұлтанов, бұрынғы Денсаулық сақтау министрi Ерболат Досаев, Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттiгiнiң төрағасы Қайрат Қожамжаров, академик Асқар Жұмадiлдаев, С.Торайғыров атындағы университеттiң ректоры Ерлан Арын, ҚБТУ-дың ректоры Искандер Бейсембетов, т.б. лауазымды тұлғалар түлеп ұшқан. Айта берсек көп. Көрдiңiз бе, мұндай мектеп дүниежүзiнде жоқ. Өз елiнде түлектерi айқын жетiстiкке жетiп жатқан мектеп бұл. Себебi Қазақстан – кiшкентай ғана мемлекет. Ресейде, Қытайда бiр мектептiң түлегi дәл осылай айшықталуы мүмкiн емес.

Биыл Назарбаев университетiнiң ашылуына байланысты «Болашақ» бағдарламасындағы бакалавриатты тоқтатып тастады. Тек магистратура мен PhD докторлары бойынша ғана бара алады. Бұл екi шығын болмасын дегеннен туған шешiм болар. Қазiргi жас буынның амбициясы өте жоғары. Былтырғы жылдың өзiнде Назарбаев университетiне бөлiнген 500 гранттың 33-iн бiздiң мектеп бiтiрушiлер жеңiп алса, биыл 52 оқушы үмiткер. Сондай-ақ дүниежүзiндегi ең қымбат оқу орны –АҚШ-тың Массачусет университетiне соңғы алты жылда екi қазақстандық түссе, екеуi де бiздiң шәкiртiмiз. Бұл – 80 шақты Нобель иегерi жұмыс iстейтiн техникалық оқу орны. Одан басқа АҚШ-тың Гарвард, Калифорния (Беркли), Джорджия, Ұлыбританияның Кембридж, Оксфорд, Лондон экономикалық мектебiнде, Ресейдiң ММУ, Бауман атындағы ММТУ, ММХҚИ, Қытай, Сингапур, Канада, Германияның жетекшi университеттерiнде де бiлiм алып жатөқан студенттерiмiз бар. Былтыр Йель университетiне (АҚШ) Назерке деген қызымыз түстi. Қазақ балалары егемендiктiң арқасында талай елдi асып жатыр. Мәселен 1970-80 жылдардағы мектеп түлектерiнiң бар ойы – математика мен физиканы терең меңгерiп, ғалым болу едi. Мықтыларының өзi әрi кетсе Мәскеу, Новосiбiр, Ленинградқа баратын. Қазiр ондай емес. Бүгiнгi жастар таза математик, ғалым болам демейдi. Заманның ағымына сай сұраныс та өзгере бередi екен. Қазiр шетелдiң қалаған оқу орнына баруға мүмкiндiк мол. Мектеп түлектерi неғұрлым бiлiмi күштi оқу орнына түссе, мектептiң рейтингiсi де соғұрлым жоғары болуы керек деп ойлаймын. Былтыр 74 бiтiрушi «Алтын белгi» алды. Биылдың өзiнде 81 түлек «Алтын белгiге» үмiткер ретiнде ұсынылуда. Құдай қаласа, олар «Алтын белгiнi» қорғауға тырысып жатыр.

– Яғни мектептi бiтiрген түлектердi «Оқуға түспей қалам-ау…» деген ой мазаламайды дейсiз ғой…

– Бұл мүмкiн емес. Бiздiң мектепте оқыды екен, олардың қалтасында Қазақстанның оқу орындарының гранты бар деген сөз. Оның үстiне елiмiздiң үздiк жоғары оқу орындарының өкiлдерi келiп, бiздiң оқушыларды шақырып жатады. Мысалы ҚМЭБИ биылғы жылдан бастап интернаттың балаларына жалпы гранттан тыс 5 грант беретiн болды. ҚБТУ да олимпиада өткiзiп, мектеп түлектерiне 50 пайыздан бастап қаржылай жеңiлдiк жасайды. Былтыр Халықаралық IТ университетiне 51 бiтiрушi грантпен түстi. Былай қарасаңыз, балалардың көбi ауылдан келген. Ата-аналары да қалталы емес. Ең бастысы, дарынды баланы қалтасына қарап емес, математика, физикаға деген қабiлетiне қарап аламыз.

ТЕХНИКАЛЫҚ МАМАНДЫҚТАРҒА ГРАНТТЫҢ КӨПТЕП БӨЛIНУI – ЗАМАН ТАЛАБЫ

– Кейiнгi жылдары нарық талабына сәйкес, заңгер, қаржыгер болам дейтiндер көбейдi. Бұл олқылықтың зардабын ендi тартып жатқан сияқтымыз ба, қалай?

– Тәуелсiздiк алған жылдары, яғни 1991 жылдары елiмiзде түбегейлi өзгерiстер болды. Кеңес заманындағы жоспарлы экономикадан нарыққа бiр күнде көштiк. Бiздiң елiмiз де, ТМД мемлекеттерi де бұл ауыртпалықты сезiндi. Халықтың әлеуметтiк жағдайы күрт төмендеп кеттi. Нарық экономикасына көшуге байланысты жұрттың бәрi заңгер, қаржыгер боламын деп кеттi. Кейбiр ата-ана баласын бар тапқан-таянғанымен заңгердiң оқуын оқытты. Оның себебiн өзiм де түсiнбеймiн. Соңғы төрт-бес жылда ғана қаптаған заңгердiң жұмыссыз сенделiп жүргенiн көз көрдi. Ал елiмiз соншама қаржыгер мен заңгердi не iстейдi? Бiзге құрылысшы, инженер секiлдi техниканың тiлiн бiлетiн мамандар керек. Бұл – айқын нәрсе. Техникалық мамандықтарға гранттың көптеп бөлiнуi – заман талабы. Математиканы терең бiлмесең, экономист те, инженер де, маркетолог та болмайсың. Сондықтан да қазiр бiлiм ұяларында ең алдымен математиканы, содан кейiн жаратылыстану пәндерiн күшейтiп отыр. Мұны елiмiздiң бiлiм саласында қолға алып жатқан саясатынан да байқауға болады. Мәселен қазiр «Болашақ» бағдарламасы арқылы бiлiм алып жатқан жастардың көбi техникалық мамандық бойынша бiлiм алуда.

– Шетелге балаларды түрлi сайыстарға бастап апарасыз. Басқа елдiң оқушылары мен бiздiң математиктердiң деңгейiн салыстырып қарайтын шығарсыз. Жалпы, қазақ балаларының математикаға деген беталысы қалай?

– Бiр айта кетерлiгi, бүкiл дүниежүзiн аралап, математика саласында қай мемлекет не iстеп жатыр дегендi бiлгеннен көп нәрсе шықпайды екен. Әр мектептiң өз мақсаты бар. Сол мақсатқа сай, қаржылық мүмкiндiгiне қарай жұмыс iстейдi. Бiз өзiмiздi ТМД елдерiмен салыстыра аламыз. Жыл сайын халықаралық Жәутiков олимпиадасын өткiземiз. Биыл жетiншi мәрте өттi. Бiз бұл олимпиадаға өзiмiз сияқты мамандандырылған мектеп оқушыларын шақырамыз. Ресейден, Украинадан, Болгариядан, Моңғолиядан, барлығы 16 елден келедi. Соның iшiнде екiншi орын алдық. Соңғы бес жыл қатарынан Мәскеу мемлекеттiк университетiнiң жанындағы физика-математика мектебi бас жүлденi жеңiп алып жүр. Одан кейiнгi бiрiншi, екiншi орындарды бiздiң мектеп бермей келедi. Жалпы, жетiстiгiмiз жаман емес. Балалар тәжiрибе алмасады, бiлiмiн жетiлдiредi.

Қазақ халқы математикаға өте жақын халық. Қазiргi жастардың математикаға деген қабiлетi жоғары. Америкада, Англияда оқып жатқан студенттердiң iшiнде ТМД мемлекеттерiне қарағанда қазақтың жастары көп.

– Былтыр 98 мемлекет қатысқан олимпиадада бiздiң математиктер 5-орынды олжалады. Математикадан ұлттық құрамамыз үш алтын, екi күмiс медальдарын жеңiп алыпты. Сонда да бiлгiмiз келетiн бiр сұрақ бар. Қай мемлекеттiң оқушылары қазақ математиктерiмен деңгейлес?

– Салыстыру өте қиын. Ресей мен Қытай балаларды арнайы халықаралық олимпиадаға дайындап, елiнiң көрсеткiшi жоғары болуына тер төгедi. Ал кейбiр дамыған елдердiң көбi ол жағына көңiл бөлмейдi. Жүйелi түрде дайындамайды. Тiптi шетелдiң кейбiрiнде арнайы мамандандырылған мектептер аз. Мысалы Американың атынан шығатын оқушылардың құрамында Қытайдың балалары бар. Көп ел дарынды балаларға көңiл бөлiп, оларға ақша берiп, жағдай жасап жатқан жоқ. Әрине, өздерiнiң бұрыннан келе жатқан жақсылы-жаманды бiлiм жүйесi бар. Мысалы бiлiм саласындағы көшбасшы ретiнде Сингапурды, Финляндияны, Норвегияны мақтайды. Экономикасы да мықты. Қазақстан да олардан кем емес. Бiз сол мемлекеттердi зерттеп, арнайы iс-шараларды қолға алудамыз. Жақында Елбасы бiлiм саласын дамытудың 10 жылдық мемлекеттiк бағдарламасына қол қойды. Сонда жаратылыстану-математика пәндерiнiң орны ерекше көрсетiлген. 98 елдiң iшiнен 5-орын алу – үлкен көрсеткiш. Бiздiң оқушылар да шама-шарқынша Қазақстанның атын шығаруға атсалысып жатыр. Бiр оқу жылының iшiнде 16-17 елде өтетiн 31 халықаралық олимпиадаға барамыз. Министрлiкке қарасты «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы мемлекеттiк бюджетте оқып жатқан оқушыларды жарыстарға iрiктеп, дайындап апарады. Халықаралық олимпиадалардан қоржынымыз бос қайтқан емес. Бiздiң мектеп жыл сайын 83 медальға қол жеткiзедi. Мұның бәрi Қазақстанның имиджiн көтеретiнi сөзсiз.

– Ауылды аймақтағы математикаға қабiлетi күштi кейбiр оқушылар мұндай мектептiң барын да бiлмейтiн шығар. Қалаға келейiн десе, қаражат жағы қол байлайды дегендей. Сiздер облысты, ауданды аралап, дарынды балаларды iздемейсiздер ме?

– Мектеп республикалық «ФизМат» байқауын өткiзедi. Бүкiл тестiлеу орталығында 8-9 сыныпта оқитын 13 мыңдай бала қатысады. Оларға тапсырмасын поштамен жiберемiз. Ұлттық тестiлеу орталығы нәтижесiн жинап, бiзге бередi. Сөйтiп ең үздiк деген 700 баланы Бiлiм және ғылым министрлiгiнiң арнайы дипломымен марапаттаймыз. Ал солардың iшiндегi ең үздiк дегендерiн мектепке шақырамыз. Қысқасы, бұл дарынды балаларды iздеудiң таптырмас жолы. Осы мақсатпен «ФизМат» байқауын бесiншi мәрте өткiздiк. Байқауға қатысушылар дұрыс жауап берсе, шақырту қағазын жiберемiз. Осы жағы ұтымды.

Бiз оқушыларды 8 немесе 9-сыныптан кейiн қабылдаймыз. Үш жыл оқиды. 39 жыл тарихы бар дарынды балаларға арналған республикалық мектеп. Әсiресе ауылдағы дарынды балалар осындай тегiн мектептiң бар екенiн бiлсiн. 10-20 маусым аралығында құжаттардың тек көшiрмесiн ғана қабылдаймыз, ал 20-26 маусым аралығында қабылдау емтиханын тест түрiнде аламыз. Барлық жағдай жасалған. Төрт мезгiл тамақ берiледi. Киiмдерiн де жуып бередi. Елiмiз осындай жағдай жасап жатқанда, олар тек қана бiлiм алуды ғана ойлауы керек.

– Естуiмше, сабағы нашарлап кеткен, яғни үштiк баға алған оқушылар үлкен қиындықпен түссе де, мектептен шығарылады екен…

– Әрине, былтыр 60 бала оқи алмай шығып кеттi. Бiзде жылдық қорытындыдан үштiк баға алса болды, мектептен шығарылады. Бұл мектептiң жарғысында жазылған дүние. Бәрiне жоғары талаппен қараймыз. Мысалы 1500 бала байқауға қатысса, соның iшiнен 250 бала таңдап алынады. Тек кiл мықтылар ғана қалады.

– Жақында «Қазақстан мектептерiнде математикалық бiлiм беру iсiн дамыту: қазiргi жай-күйi мен даму болашағы» тақырыбында Қазақстан Республикасы математика пәнi мұғалiмдерiнiң I съезi өттi. Онда көтерiлген мәселелер қаншалықты маңызды?

– Қазақстан математика пәнi мұғалiмдерiнiң I съезiне бiздiң мектептен 10 мұғалiм барып қайтты. Математика сабағын беру мәселесi жан-жақты қарастырылды. Бiрiншiден, бiзде мұғалiм жетiспейдi. Соны нақты шешемiз деп жатыр. Қандай жолдар бар, сол туралы ұсыныс айтылды.

Нұржан Сағынғалиев, мектеп түлегi:

– Ақтөбе облысынан келдiм. Интернатта жатып оқимын. Физика пәнi бойынша бiлiм сайыстарына қатысып келемiн. 10-сыныпта Қызылорда қаласында өткен республикалық байқауда қола медальдiң жүлдегерi, ал биыл халықаралық Жәутiков олимпиадасында 2-орынға, яғни күмiс медалiне қол жеткiздiм. «Алтын белгiге» үмiткермiн. Құдай қаласа, Қазақ-Британ техникалық университетiнде бiлiм аламын деген мақсатым бар. Ауылдағы дарынды балалар осындай мектептiң барын бiлсе екен. Мұнда бiлiм алуға мүмкiндiктiң бәрi бар.

Күшiбар Қайсар, мектеп түлегi:

– Оңтүстiк Қазақстан облысы, Сарыағаш ауданынан боламын. Әкем бiр баласының осы мектепте оқығанын армандапты. 10-сыныптан осында оқып келемiн. Информатика пәнi бойынша халықаралық Жәутiков олимпиадасының үшiншi орын жүлдегерi, Қостанайда өткен республикалық олимпиадада қола медалiн алдым. Әлбетте, алғашқыда бiлiм сайыстарына қатысудың өзiн мәртебе санадық. Жеңiс тек жеңiлiс арқылы келедi екен. Соның арқасында шыңдала түсесiң. Болашақта ауылды көркейтуге атсалысамын деген үлкен мақсатым бар.

Бекзат Мадияров, 10-сынып оқушысы:

– Маңғыстау облысы, Жаңаөзен қаласынан келдiм. Математикаға деген талпынысым өте жоғары болғандықтан, осы мектептi таңдадым. Әрине, бұл мектепке түсу оңай емес. Жоғары дайындықтың арқасында сынақтан сүрiнбей өттiм. География пәнi бойынша Қостанайда өткен республикалық олимпиададан бiрiншi орын алдым. Бұл жетiстiкке ұстаздарымның арқасында жеттiм.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары