АСТАНАДАҒЫ КЕЛЕЛI КЕҢЕС БАС ҚАЛАҒА АРНАЛДЫ
АСТАНАДАҒЫ КЕЛЕЛI КЕҢЕС БАС ҚАЛАҒА АРНАЛДЫ
Елiмiздiң бас қаласы саналатын Астана бүгiнде алыс-жақын шетелдерден келетiн қонақтардың табан тiрейтiн, келбетiне тамсана да, сүйсiне қарайтын шаһарына айналған. Өзге жұртшылық үшiн де, алыс-жақын елдерден келетiн қонақтар үшiн де Астананың көз тартар көркемдiгiмен қатар, тазалығы да басты назарда болары сөзсiз.
Өткен аптада Елбасының қатысуымен Елорданы одан ары қарай дамытуға байланысты келелi жиын өттi. Үкiмет басшысы Кәрiм Мәсiмов бастаған министрлер және қалалық мәслихат депутаттары, қала әкiмi Иманғали Тасмағамбетов қатысқан аталмыш жиында Астананың қазiргi сәулетi, болашақ даму жоспары, қаланың шаруашылық саласындағы шаруалар барысы ортаға салынды.
"Сәнi мен сәулетi келiскен бiздiң елордамыз – шын мәнiнде, барлық қазақстандықтардың, қазақ даласының мақтанышы, – дедi Мемлекет басшысы, – Астана – тек қазақтың елордасы ғана емес, сонымен бiрге ол жаһандағы ауқымды әрi маңызды жиындар өткiзiлетiн Еуразияның дәл жүрегiндегi маңызды орталыққа айналды!"
– Елiмiз биыл Тәуелсiздiктiң 20 жылдығын мерекелейдi, – дедi аталмыш жиында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев. – Мен оны атап өткенде, өзiмiздiң табыстарымыз жайында айтатындығымызға сенiмдiмiн. Осы табыстарымыздың iшiнде Астана айрықша орын алады. Мемлекет басшысы Астананың ТМД аймағындағы ең қолайлы қалалардың бiрi ретiнде танылғандығын да еске сала кеттi. Сонымен бiрге, астаналар мен iрi қалалардың халықаралық ассамблеясы жүргiзген байқау қорытындысында қазақтың астанасы ТМД-ның 81 iрi қаласының iшiнде үздiк шығыпты.
Жиында Астана қаласының әкiмi Иманғали Тасмағамбетов Президентке қаланың бүгiнгi жай-күйi туралы есеп бердi. Қала әкiмi әуелгi сөздi баспана мәселесiнен бастады. Баспана мәселесi – бүгiнгi қазақтың бас ауруына айналғаны белгiлi. Әкiмнiң сөзiне қарағанда, биылғы жылдың соңына дейiн елордада 1,4 млн. шаршы метр үй пайдалануға берiлетiн болады.
– Соңғы жылдары құрылыс секторындағы қарқынды динамика әлi саябырлаған жоқ. Егер бұрнағы үш жыл iшiнде шамамен 4 млн. шаршы метр тұрғын үй салынып бiтсе, биыл тағы 1,4 млн. шаршы метр үйдiң құрылысы аяқталмақ. Мемлекеттiк қолдаудың арқасында үлескерлiк тұрғын үй құрылысының мәселелерi 95 пайызға шешiлдi. 35 мың үлескердi қамтыған 218 тұрғын үйдiң құрылысы аяқталды, – дейдi қала әкiмi. Оның айтуынша, жыл соңына дейiн 5944 үлескердi қамтитын 25 нысан тапсырылуға тиiс. – 2005-2010 жылдарға жоспарланған мемлекеттiк тұрғын үй бағдарламасы да биыл өз мәресiне жетедi,– дедi Иманғали мырза.
Елордада салынатын жаңа ғимараттарға байланысты Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қала әкiмiне ғимараттардың сапасына да мән беру қажеттiгiн ескерттi.
– Барлық салынатын ғимараттар халықаралық стандарттарға сай болу керек. Паркинг, ғаламтор сияқты игiлiктер назарға алынсын,– дедi Елбасы. Жиында сөз болған тағы бiр мәселе, шаһардағы көне үйлердiң де шешiмi табылатын болды. Тозығы жетiп, құлағалы тұрған үйлер қала картасынан алынып, олардың иелерi жаңа пәтерге көшетiн болады. Қала әкiмiнiң есебiне қарағанда, бүгiнде Астана қаласында тозығы жеткен пәтерлердiң саны 231-ге жетедi екен. Олардың iшiндегi қабырғасы қаусап, шатыры тозып, құлауға жақын тұрған 86 үй пәтер иелерi үшiн де, бейсауыт жандар үшiн де қауiптi саналады. Тозығы жетiп, құлаудың аз-ақ алдында тұрған пәтердiң орнына әкiм қаланың коммуналдық меншiгiнiң есебiнен 490 тұрғын үй салып берудi ұсынып отыр.
Құлашын кеңге жайған Астана шаһары үшiн мектептер мен балабақшалардың да орны бөлек. Қала әкiмiнiң айтуына қарағанда, әлеуметтiк нысандарды көптеп салудың арқасында соңғы бес жылдың iшiнде бiрiншi рет мектепке дейiнгi бiлiм беру орындары мен медициналық нысандардың жетiспеушiлiгi төмендеген екен. 2010 жылы 5 мың балаға арналған балабақша салынса, "100 мектеп, 100 аурухана" мемлекеттiк бағдарламасының аясында жоспарланған жетi мектептiң алтауы ел игiлiгiне берiлген. Келесi оқу жылына дейiн Ильинка кентiндегi жетiншi мектеп те дайын болмақ.
Астананың көркеюi, астананың гүлденуi – қазақ үшiн үлкен абырой. Бас қаланың гүлдене беруiне "Нұр Отан" ХДП-сының ерекше көңiл аударатыны баршаға мәлiм. Қазақтың бас қаласының шаруасын шайқалтпау, сәулетiне сәулет қосып, көркiне көрiк беру де оңай шаруа емес. Әрине, елордада кемшiлiктер мүлдем жоқ деп айтсақ, тағы болмас. Осы тұрғыдан келгенде Елбасы бiрқатар кемшiн тұстарды атап өтпей қалған жоқ.
Қалада атқарылып жатқан шаруаларға көңiлi толатынын жеткiзген Елбасы қала басшылығы мен министрлерге кейбiр шаруаларды бiрлесiп атқару қажеттiгiн де ескерттi. Елордада атқарылып жатқан игiлiктi шаралар да аз емес, жасалатын да шаруа көп. Астаналықтар "тындырымды Тасмағамбетов" деп бағалайтын қала әкiмi Иманғали Тасмағамбетовтiң тiрлiгiне қала халқы да дән риза. Қыруар шаруаны дөңгелетiп жүрген әкiмнiң әлi де атқарар iсi аз емес.
Гүлзина Бектасова