ТАУҚЫМЕТ ТАРТҚАНДАР ТУРАЛЫ ФИЛЬМ
ТАУҚЫМЕТ ТАРТҚАНДАР ТУРАЛЫ ФИЛЬМ
Өткен аптада Шәкен Айманов атындағы "Қазақфильм" киностудиясының Тон студиясында "Жерұйық" фильмi тұсауын кестi.
Халықтық драманың режиссерi – Тәуекел Сламбек. Сценарий авторы Лаврентий Сон: "Бұл – қасiреттi жылдарда басына түскен небiр тауқыметтерге қарамастан кәрiстер, немiстер, шешендер, түрiктер, күрдтер және басқа да халықтарды шын ықыласымен қарсы алған қазақтарға деген алғыс-фильм", – дейдi.
"Жерұйық" фильмiнiң түсiрiлiмi 2009 жылдың қарашасында басталып, 2010 жылдың желтоқсан айында аяқталды. Жылдың төрт мезгiлi көрiнiс тапқан бұл фильм 58 күн түсiрiлген көрiнедi.
Түсiрiлiм Алматы облысы, Талдықорған қаласының Үштөбе ауданында жүргiзiлген. Бұл түсiрiлiмге тек кәсiби бiлiктi актерлер ғана емес, сонымен қатар жергiлiктi тұрғындар да қатысты. Аталмыш фильмнiң шығыны 3 млн. теңге төңiрегiндегi қаржыны құрапты.
Елiмiз аумалы-төкпелi аласапыран, зұлмат жылдарды бастан кештi.
Қазақ халқы 30-жылдары қазақ халқының басына түскен зор нәубет, ашаршылық кезеңi, одан кейiнгi сталиндiк репрессия жылдары, тiптi зұлмат соғысқа да бой берместен өзге ұлт өкiлдерiне пана бола бiлдi. Олардың Отанына, нағыз "Жерұйығына" айналды.
Қайсар қазақ сан қилы қасiреттердi бастан кешiре отырып, өзiнiң ұлттық болмысынан – шынайы адамгершiлiгi мен қарапайымдылығы, мейiрiмдiлiгi мен күш-жiгерiнен айрылған жоқ. Фильм кейiпкерлерi Орынбай ата (рөлiн сомдаған Болат Әбдiлманов) және оның жары Сәлима (Назгүл Қарабалина) осынау алапат қырғында қолындағы барынан айрылып, бiр үзiм нансыз қалған бейкүнә халықты бар ықылас-пейiлiмен қарсы алады.
Оқиға "Светлый путь" колхозында өтедi. Фильмнiң бiр көрiнiсiнде 1937 жылдың қысында ауылға кәрiстер жер аударылып көшiп келедi. Басшылар жергiлiктi халықты кәрiстердiң "кiсiжегiштер" екенiне иландыруға барын салады. Алайда әдiлдiктi ұстанып, iзгiлiктi ту еткен Орынбай ата оларды жылы жүзбен қарсы алып, жылындыру үшiн қайнаған су ұсынады.
Бұны тек қайнаған су емес, қазақ халқының құшағының ыстығы деп сезiнген кәрiстер Орынбай атаның кеңпейiлдiлiгiне тәнтi болады.
Тарихи шындыққа негiзделген бұл халықтық драмада жүректi шымырлатар, көңiлдi құлазытар сәттер де аз емес. Халықтың қырылып жатқаны республика басшылары, партия ұйымдары мен совет қызметкерлерiне еш әсер етпеуi, қиналғандардың жанынан табылып, қолқанат болып жүретiн Орынбай атаның жалғыз баласының соғыста шейiт болуы, өзiнiң жаралануы мен жер аударылуы – бәрi-бәрi жанды күйзелтiп, ерiксiз көзге жас үйiредi.
Қазiргi таңда қатыгездiкке толы экшн-фильмдер көбейiп кеттi. Адам бойындағы нәзiк сезiм, ар-намыс, адамдық, адалдық, кеңпейiлдiлiк сынды iзгi құндылықтар мұқтаждыққа айналуда. Көрерменге ең қажет құндылықтар – iшкi мәдениет пен рухани байлық туралы толымды кино туындылар саусақпен санарлықтай.
Ал "Жерұйық" фильмi – әсерлi де тың туынды. Ол "қазақпын" деп соққан әр жүректе мақтаныш сезiмiн тудырып, жас ұрпаққа үлкен тәрбие берерi хақ. Соғыстың сұмдықтарын, ашаршылықтың азабын көрмеген жастарға бұл туынды айрықша әсер етiп, оларды мейiрiмдiлiк пен iзгiлiкке жетелейдi деп сенемiз.
"Жерұйықты" тамашалай келе, бұл фильм – көпұлтты мемлекетiмiздiң қалыптасуы, нақақ бейкүнә кеткендердiң әруағын тiрiлту, өткен тарихты сыйлау, тату-тәттi ұлтаралық қатынастар маңыздылығының бiр көрiнiсi деген ой түюге болады.
Ботагөз Дастанқызы, ХҚТУ-дiң 3-курс студентi