ҚЫЗДЫҢ ТАҒДЫРЫ – БIЗДIҢ ТАҒДЫРЫМЫЗ

ҚЫЗДЫҢ ТАҒДЫРЫ – БIЗДIҢ ТАҒДЫРЫМЫЗ

ҚЫЗДЫҢ ТАҒДЫРЫ – БIЗДIҢ ТАҒДЫРЫМЫЗ
ашық дереккөзі
380

Бұл – жазылмай жүрген жаңалық, айтылмай жүрген әңгiме емес. Дегенмен қозғаушысы бар да, қорытындысы жоқ дүние. Аузы бар айта алатын, тәртiбi бар тәрбиелей алатын, қолы бар қорғана алатын қоғамымыздың бесiгiнiң берекесiне, ошағының отына жауапты жандардың қадiрi қаншалықты?

Жаулығын жау қолына тастамай, тұғырыңды тұман, ғұмырыңды күмән баспасын деп бақыттың балын, сордың сорпасын iшкен де солар. Кешегi бойжеткен – бүгiнгi ана, ертеңгi әже емес пе? Бөбегiне бесiк жырын айтатын анамен, немересiне ертегi айтатын әженiң тағдыры бүгiнгi бойжеткенге тәуелдi. Қылығын қырық жанға жүк қылатын қызғалдақ қыздарымыздың бағыт-бағдары да, бет-бедерi де белгiлi. Темекiнi терiс демей, түтiннiң түбiн көрiп, сыраның сырын ұғып, арақты айрандай, коньякты қымыздай жұтатындары да аз емес. Түнгi клубта кiндiк ашып, кiмдi ғашық қылары да белгiсiз. Ақыл айтсаң ақымақсың. Жалғандағы жалаңаш қыздардың көптiгiне қарап, жаныңды түсiнетiн жар табудың өзi қиын. Моншақты да модасына сай тағатын сұлулардың сұлбасына қарап, тұрмыс тұлғасын да аңғарасың. Көлiгiн көрiп, өмiрiн танисың. Адалына дәулетiн салып, отауына жанын салып, қазан алдында қаз-қатар тұрып, ақтық демi таусылғанша аянбай қызмет атқарған әжiм беттi әжелерден үлгi алуға тиiстiмiз. Атасының алдында артық сөйлемей, енесiнiң алдында еңкейе бiлетiн, босағаңды босатпай, шаңырағыңа шаң жуытпай, керегеңдi алтыннан қалайтын келiндер керек.

Қыз өссе қылықты болсын деп, бұрымын бұраңдатып, шолпысын шолақ қылмай, сәукелесiн сәндi етiп кигiзетiн халқыңның дәстүрiн дамытып, тектiлiгiңдi танытып жүр, қазақ қызы. Қазақтың келер келешегi, болар болашағы сенiң мойныңда. Ұлттың ұрпағы үшiн мойныңдағы жүкке мойымай, қу тiрлiкке қуыршақ болмай, арыңды кiрлетпей, бағыңды құрметтей жүр. Жеңiл сөзден жел соқтырмай, бос сөзбен боран тұрғызбай, тектiлiгiңе терең бойлап, тiк тұрып тура сөйле. Басы аман, бауыры бүтiн бүлдiршiннiң өмiрге келуi өздерiңе тiкелей байланысты. Қол бастайтын батырлар мен сөз бастайтын ақындардың аналары да сендерсiңдер. Шығыстың шырмауынан, батыстың батпағынан шығып, болашақ алдындағы борышыңды өте, бойжеткен!

Әдептi қыз әдемi гүл сияқты көркi көзден, жұпары мұрыннан кетпейдi. Қызына қырық жерден тыйым салған халқымыздың мiнезiнен мiн таба алмас, сымбатына сын таға алмас сұлулары көп болсын. Патша тағына лайықты парасатты перзенттiң анасы болып, әрбiр үйден әлдидiң үнiн үзбеңдер!

Бұрынғы бұрымыңды сақта, үлгiлi тәрбиеңдi қадiр тұт. Тал бесiктегi тәрбиеңдi жер бесiкке жеткенше сақта!

Рауан Қайдаров, ҚазҰУ-дiң журналистика факультетiнiң 1-курс студентi

Серіктес жаңалықтары