PR ИНДУСТРИЯСЫ – ЖАН-ЖАҚТЫ САЛА

PR ИНДУСТРИЯСЫ – ЖАН-ЖАҚТЫ САЛА

PR ИНДУСТРИЯСЫ – ЖАН-ЖАҚТЫ САЛА
ашық дереккөзі
482

Тәуелсiздiкпен бiрге жасап келе жатқан салалардың бiрi – PR туралы қоғамда жүйелi пiкiр қалыптасқан жоқ. Әлi күнге оны маркетинг не жарнамамен шатастыратындар көп. Биыл жетiншi рет өткiзiлген PR форумда аталған саланың күнгейi мен көлеңкесi және оның көтеретiн жүгi сарапталды.

Отандық мамандар пiкiрiнше, әлемдiк экономикалық дағдарыс PR саласының дамуына да айтарлықтай әсер еткен көрiнедi. Өткен аптада Алматыдағы дәстүрлi "Қазақстандағы PR күндерi" шеңберiнде өткiзiлген VII Халықаралық PR форумға қазақстандық PR мамандарына қойылатын талаптар мен мiндеттер арқау болды. Аталған шараның басты қолдаушыларының бiрi саналатын "PG Communications" агенттiгiнiң бас директоры Әсел Қарауылованың айтуынша, форумда жыл сайын қоғам үшiн өзектi саналатын тақырыптар талқыға салынады. Биыл қаузалған тақырып – "Қазақстанның PR индустриясы: өткен күнге көзқарас және ертеңгi күннiң талаптары".

Форум барысында қатысушылар назарына Қазақстандағы PR индустрияның даму тарихы туралы фильм ұсынылды. Отандық PR-индустрия ел тәуелсiздiгiмен бiрге дамып отырды: 90-жылдары PR мамандары мен PR бөлiмдерiнiң қызметiне қойылатын алғашқы талаптар шетелдiк инвесторлар тарапынан түссе, қазақстандық нарыққа дүниежүзiлiк деңгейдегi консалтингтiк агенттiктер ендi. Уақыт өте келе жергiлiктi PR компаниялар құрылып, саналуан пiкiрталас алаңдары ашылды. Осы орайда, Ұлттық қоғаммен байланыс қауымдастығы мен коммуникация саласы мамандарының басын бiрiктiретiн бейресми ұйым – "PRшы" Клубының iргетасы қаланып, студенттер PR мамандығы бойынша бiлiм ала бастады. Бiр-бiрiмен кәсiби тұрғыда тәжiрибе алмасып, PR саласының iлгерi өрлеуiне үлес қосуды көздейтiн клуб мүшелерi өз мамандықтарының қоғамға пайдалы әрi тиiмдi болғанын қалайды. Осы себептi, жыл сайын форум шеңберiнде жас мамандарға арнайы мастер-класс өткiзу қарастырылған. Биыл украиналық "Hoshva PR" агенттiгiнiң директоры Оксана Гошваның "Жаппай диджитализациялану дәуiрiндегi PR: талаптар ма, әлде мүмкiндiк пе?" және отандық телеарналар продюсерлерiнiң қатысуымен, "Телевизиялық продюсерлерден Insight: телевизияға жаңалықтарды қалай ұсыну керек?" тақырыптары таңдалыпты. Сондай-ақ форумды қорытындылау барысында корпоративтiк басылымдар арасында ұйымдастырылған байқаудың жеңiмпаздары анықталды.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары