ХАЛЫҚ ҚАСIРЕТIН ҰРПАҚТАР ҰМЫТПАЙДЫ
ХАЛЫҚ ҚАСIРЕТIН ҰРПАҚТАР ҰМЫТПАЙДЫ
Алматы қаласындағы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында зұлматты жылдардағы саяси қуғын-сүргiн құрбандарын еске алуға байланысты кездесу болып өттi. Қазақ ұлты үшiн, қазақ мүддесi үшiн құрбан болған асыл азаматтардың ерлiгiн кейiнгi жастарға үлгi ету шарасына студенттер де қатысты.
Кездесу барысында кеш қонақтары "Әдiлет" тарихи-ағартушылық қоғамы басқармасының мүшесi Сәуле Рахымқызы, философия ғылымдарының докторы Әли Жандосов және Қызғалдақ Жұбанова осы күнге дейiн тарихта тiптi атын атауға тыйым салынған азаматтар жайлы қызықты да тың мәлiметтердi жария еттi. Ең алғаш сөз кезегiн алған Сәуле Рахимова бастан кешкен оқиғаларын айтып, студенттермен пiкiр алмасты. Жастар тарапынан қойылған сан түрлi сауалға жауап берген ол: "Бiз қуғын-сүргiн кезiнде өзiн құрбан еткен мыңға жуық азаматтарды ұмытпауымыз қажет. Әрбiр тарихи сәттi қадiрлей бiлу керек. Тарихи естелiксiз адам адам болудан қалады" – дегендi айтты. Ал Әли Жандосов: "Сталин билеген тұста билiктi зиялы қауымның 32 пайызы ғана қолдаған. Мұның өзi сол кездегi билiктiң қоғам алдындағы мәртебесiн көрсетедi" десе, Қызғалдақ Құдайбергенқызы да сол заманның отбасына әкелген зардабын айта келе, әкесiнiң қалай қуғынға ұшырағанын айтып, сыр бөлiстi. Кездесу соңы концерттiк бағдарламаға ұласты.
Кәмила Дүйсенова, ҚазҰУ-дiң журналистика факультетiнiң 1-курс студентi