ЗҰЛМАТ ЖЫЛДАР ТУРАЛЫ ЗЕРТТЕУ

ЗҰЛМАТ ЖЫЛДАР ТУРАЛЫ ЗЕРТТЕУ

ЗҰЛМАТ ЖЫЛДАР ТУРАЛЫ ЗЕРТТЕУ
ашық дереккөзі
369

Қазақстан тәуелсiздiгiнiң 20 жылдығына орай 30 мамырда Ұлттық кiтапхананың көрме залында "Қазақстан тарихи демографиясындағы ақтаңдақтар" атты дөңгелек үстел өттi.

31 мамыр – Саяси қуғын-сүргiн құрбандарын еске алу күнi қарсаңында ұйымдастырылған басқосуға демограф-ғалым Мақаш Тәтiмов, жазушы Смағұл Елубай, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтынан Мәлiк Хантемiрұлы бастаған бiр топ тарихшы-ғалымдар қатысты.

Белгiлi демограф Мақаш Тәтiмов: "Ашаршылық, зұлмат, соғыс жылдарында 3 млн. 850 мың қазақ қырылды. Қазақтың саны ашаршылық жылдарына дейiн сол тұстағы мөлшерiнен әлдеқайда көп болатын. Оған себеп 1897 жылғы санаққа көшпендiлердiң 20 пайызы, жартылай отырықшы елдiң 15 пайызы, отырықшылардың 10 пайызы iлiнбедi. Жас балалардың үштен екiсi есепке енгiзiлмей қалған", – деп, тың деректемелер келтiрдi.

Ашаршылық жылдары туралы алғаш болып көркем дүние жазған жазушы Смағұл Елубай да құрбан болған көп қазақтың есепке iлiнбегенiн тiлге тиек еттi.

Жиында академик Мақаш Тәтiмовтiң екi бiрдей монографиялық еңбегiнiң тұсаукесерi өткiзiлдi.

"Зұлмат пен зардап" ("Мешiн" жылғы демографиялық апат туралы тарихи талдау және саясаттанымдық зерттеу) атты монографиясының таныстырылымын жасаған автор көптеген тың деректер мен статистикалық мәлiметтер келтiрдi. Зерттеу 1931-1933 жылдардағы қазақ халқының ашаршылықтан қырылу себептерiне терең талдау жасаған. Ұлттық психологиялық тұрғыдан баға берген.

Тәтiмов: "Демографиялық зұлматтың зардабы жетi-сегiз ұрпаққа кетедi. Ашаршылық болмағанда қазақтың саны 25 млн.-ға, ал әлем бойынша 30 млн.-ға жететiн едi" дей келiп, ашаршылықтан қазақтардың 42 пайызы қырылғанын айтты.

Екiншi кiтап "Жаһандану демографиялары" деп аталады. Әлеуметтану, демография, саясаттану жөнiндегi жазылған бұл оқу құралы күрделi ғылыми-зерттеуге құрылған.

Екi монография да қазақ, орыс, ағылшын тiлдерiнде жарық көрiп отыр.

Iс-шара барысында ұлттық кiтапхана қызметкерлерi тарапынан "Тәуелсiз Қазақстанның демографиясы " атты көрме ұйымдастырылды. Онда келушiлер назарына халық санағы жөнiнде жазылған қазақ, орыс, ағылшын тiлiндегi 200-ден астам кiтаптар ұсынылды.

Көрменiң екiншi бөлiмiнде саяси қуғын-сүргiн құрбандары болған алашордашылар және Ә. Бөкейханов, М.Дулатов, А. Байтұрсынов бастаған қазақ зиялыларының еңбектерi, оларға арналған әдебиеттер қойылған.

Жәнiбек Нұрыш, ХҚТУ-дың 3-курс студентi

Серіктес жаңалықтары