ҚАЗАҚСТАН ӘЛЕМДIК БЕСТIКТЕН ОРЫН АЛСА...

ҚАЗАҚСТАН ӘЛЕМДIК БЕСТIКТЕН ОРЫН АЛСА...

ҚАЗАҚСТАН ӘЛЕМДIК БЕСТIКТЕН ОРЫН АЛСА...
ашық дереккөзі
140

Елiмiздiң әлемдiк саяси аренадағы беделi өсiп келедi. Жуырда "Самұрық-қазына" Ұлттық әл-ауқат қорының басқарма төрағасы, "KAZENERGY" ассоциациясының төрағасы Тимур Құлыбаев Қазақстан әлемдегi 5 iрi мұнай экспорттаушы мемлекеттердiң қатарынан орын алады деген сенiмiн бiлдiрдi.

Парижде өткен ТМД-ның мұнай және газ жөнiндегi ХI Саммитiнде сөз алған Тимур Құлыбаев: "Әлемдiк нарыққа ТМД елдерiнен шығарылатын мұнай мен газдың тасымалдауының жылдық деңгейi бiр жарым есеге көбейдi. Яғни барлық құбыр желiлерi жобаларының орындалуы мен құбыр бойынша жеткiзiлетiн көмiрсутектерiнiң жаңа көлемiн жүзеге асыру жағдайында 2010 жылы 237 миллиард шаршы метр газ тасымалданды. ТМД елдерi, яки Каспий жағалауы елдерi мен Ресей тек қана батыс бағытында кем дегенде 2 жаңа мұнай құбырын салып, iске асырылып жатқан екi мұнай құбырының өткiзгiштiк деңгейiн ұлғайтуды көздеп отыр. Ал шығыс бағытында қолда бар инфрақұрылым арқылы айдалатын мұнайдың көлемiн ұлғайтпақ ниеттемiз", – дедi. Тимур Құлыбаевтың айтуынша, қолда бар құбыр желiлерi жобаларының бiраз бөлiгi жүзеге асырылса, елiмiз әлемдiк мұнай экспорттаушы елдердiң алғашқы бестiгiне енедi. Сәйкесiнше, бұл көрсеткiш ТМД-ны Парсы шығанағынан кейiнгi iрi мұнай шығарушы аймақ ретiнде дамытады. "Парсы шығанағы елдерiнде шетел инвесторлары үшiн бизнес жүргiзу мүмкiндiктерi шектеулi, ал ТМД елдерi кей тұстар ескерiлсе, өз ресурстарын меңгеруде шетел инвесторларын кеңiнен баулиды", – дедi Тимур Құлыбаев.

Сондай-ақ, "KAZENERGY" ассоциациясының төрағасы: "Еуразияның, жалпы әлемнiң энергетикалық нарығындағы ТДМ-ның рөлiн арттыру; энергия көздерiн экспорттау бойынша ТМД-ға мүше мемлекеттер арасында серiктестiктi әрi қарай дамыту мен жандандыру; ТМД елдерiнде экспорттық бастамалар мен жоспарларды жүзеге асыру үшiн ұйым iшiнде серiктестер таңдаудың кең ауқымы болуы" сияқты энергетикалық нарықтағы белгiленген тенденцияларды да атап өттi.

Әйгерiм БАҚЫТҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары