"АБАЙ ЖОЛЫНЫҢ" АУДИОКIТАБЫ ЖАРЫҚ КӨРДI

"АБАЙ ЖОЛЫНЫҢ" АУДИОКIТАБЫ ЖАРЫҚ КӨРДI

"АБАЙ ЖОЛЫНЫҢ" АУДИОКIТАБЫ ЖАРЫҚ КӨРДI
ашық дереккөзі
177

27 мамырда Алматыдағы ҚР Ұлттық кiтапханасында Мұхтар Әуезовтiң "Абай жолы" роман-эпопея аудиокiтабының тұсаукесер рәсiмi болып өттi.

Шыңжаң халық радиосында дыбысқа салынып, Пекиндегi ұлттар дыбыс-кескiн баспасында басылған "Абай жолы" роман-эпопея аудиокiтабы қытай елiнде 3 мың данамен таратылды.

Аудиокiтап "Анық Абай" және "Абай жолы" атты екi бөлiмнен тұрады. Бiрiншi бөлiмi – қазақтың бас ақынының шынайы өмiрi жөнiндегi нақтылы деректер мазмұндалған деректi фильмге, екiншi бөлiмi – "Абай жолы" роман-эпопеясының толық нұсқасы бойынша дайындалған аудиокiтапқа негiзделген.

80 сағаттан тұратын тың дүниенiң шығуына мұрындық болған Жәнәбiл Сымағұлұлы, Мұратбек Тесебайұлы, Манен Зейнелұлы, Серiк Әбiлұлы, Жеңiсқан Нүсiпұлы, Қайрат Нәбиұлы сияқты азаматтарымыз. Демеушiсi – Тарбағатай аймағының әкiмi Манен Зейнелұлы.

Тұсаукесер рәсiмiне аудтокiтаптың құрастырушылары, ақын-жазушылар, өнер қайраткерлерi, сондай-ақ кiтапханашылар мен бiлiмгерлер қатысты.

Белгiлi ғалым Мұрат Әуезов және елiмiздiң зиялы азаматтары аудиокiтапты шығаруға атсалысқан Қытайдағы қандастарымызға алғыс айтып, еңбектерiне ризашылық сезiмдерiн бiлдiрдi.

Жиналған қауым игi бастаманың жалғасын табуы және елiмiзде де сатылымға түсуi жайында ұсыныстар айтып, өз ойларын ортаға салды.

Кiтапты құрастырушы, белгiлi публицист Қайрат Нәбиұлы: "Алдағы уақытта осы iспеттес құнды дүниелердi шығарамыз деп жоспарлап отырмыз. Мәселен "Қазақтың мың әнi" топтамасын қытай елiне таныстыру мақсатында әйгiлi күйшi, сазгер Нұрғиса Тiлендиевтiң мұраларын қолға алу ойда бар. Болашақта Қазақстан Үкiметi тарапынан немесе үкiметтiк емес ұйымдардан "Абай жолы" роман-эпопея аудиокiтабын шығаруға ұсыныс түссе, бiз басып шығаруға дайынбыз", – дедi.

Шара барысында "Абай жолы" аудиокiтаптары Орталық кiтапхана мен қаладағы өзге де кiтапханаларға табыс етiлдi.

Қытайдағы қандастарымыздың тәуелсiздiгiмiздiң 20 жылдық мерейлi мерекесiне сыйға тартқан бұл тарту тыңдармандарын Мұхтар Әуезов әлемiнiң тұнығына батырып, рухани байыта түсерi күмәнсiз.

Ботагөз Дастанқызы, ХҚТУ-дiң 3-курс студентi

Серіктес жаңалықтары