"ДАРАБОЗ" ДАРАЛАРДЫ АНЫҚТАДЫ
"ДАРАБОЗ" ДАРАЛАРДЫ АНЫҚТАДЫ
Қазақстан Жазушылар Одағында "ZHERSU" инвестициялық-өнеркәсiптiк корпорациясы 1 маусым – Халықаралық балалар күнiне орай алтыншы рет өткiзiлiп отырған халықаралық "Дарабоз" бәйгесiнiң жүлдегерлерiн салтанатты түрде марапаттады.
Жетiсу өңiрiнде 1899 жылы Мамания мектебiн ашқан Мамановтар әулетiнiң кенжесi Есенқұл қажы 1913 жылы роман бәйгесiн жариялап, оған 2 мың сом ақша тiккен. Ол бәйгеде Сұлтанмахмұт Торайғыровтың "Қамар сұлу" романы мен Тайыр Жомартбаевтың "Қыз көрелiк" шығармасы бас бәйгенi иеленген болатын.
"ZHERSU" корпорациясының басшысы Бауыржан Оспанов: "Болашақ үлкен, жарық, ашық болсын десек, онда негiздi оған бүгiн салуымыз керек. Мына балаларға жазып жатқан шығармалар – болашақ жарыққа бастайтын жолдың бiреуi. Өйткенi әл-Фараби бабамыз: "Адам бiрiншi тәрбие алуы керек. Одан соң бiлiм алуы керек. Тәрбиесiз бiлiмнен қорқу керек", – деген. …Намысы бар ұлттың болашағы да жарқын болады. Ол бiлiмде, спортта, қай салада болсын бiрiншi болады. Сондықтан оған көбiрек көңiл бөлiп, ұлттың салт-дәстүрi жайлы көбiрек жазсаңыздар. Бүгiнде қазiргi заманға сай салаларды да көбiрек жазсаңыздар. Осы арқылы бiздiң болашақ үлкен болады деп ойлаймын және алдағы уақытта қазақ әдебиетi Қазақстанмен шектелмейдi. Шетелдегi қазақтармен интернет арқылы бәйге ұйымдастырамыз деген жоспарымызда бар" деген ұсыныстарымен бөлiстi.
Биылғы байқауға 670 шығарма келiп түссе, оның 41-i жарамсыз деп есептелген. Сонымен қатар, "Дарабоз" бәйгесiнiң бас жүлде иегерi Есенқұл қажы Мамановтың атындағы сыйлықтың иегерi болып саналады. Бәйге қорытындысының нәтижесi бойынша, бас бәйге – 1 миллион теңге "Жанталас" хикаяты үшiн Жеңiсбек Дулатбекұлына бұйырды. Ал бiрiншi орын "Ақтабан" әңгiмесiмен Бейбiт Сарыбай мен "Бiздiң ауылдан шыққан Лионель Месси немесе мен ұятпен қалай кездестiм" хикаяты үшiн Көсемәлi Сәттiбайұлына берiлдi. Екiншi орынды Сәкен Иманасовтың "Бiрiншiге бардың ба?" және Ертай Ашықбаевтың "Мен қалада тұрамын" өлеңдер топтамасы иемдендi. Үшiншi орынға Жаңабай Кемелдiң "Шөлдеген шағала" хикаяты, Райхан Мәженқызының "Есiктi қаққан еңбек", Есей Жеңiсұлының "Мынау ғазиз дүние" хикаяттары лайық деп танылды. Ал ынталандыру сыйлығына "Әже әлдиi" (Ауыт Мұхитбек), "Мен қазақ екенмiн" (Тұрлыбек Мамасейiтов), "Қаладан келген қағiлез" (Алтынай Амангелдi) шығармаларына берiлдi.
Ұлт ертеңi бұлыңғыр болмасын десек, онда балалар әдебиетiне бүгiннен бастап қолдау бiлдiруiмiз керек. Байқауда берiлген жүлде – бiр адамға берiлiп жатқан сыйлық емес, бұл ұлтқа жасалып жатқан қамқорлық. А.Байтұрсыновтың: "Балам дейтiн жұртым болмаса, жұртым дейтiн баланы қайдан табамыз" сөзi осы жерде айтылса керек. Кеш соңында, осыған дейiн жеңiмпаз атанған Е.Айғали, К.Қамзин, Е.Дәутайұлы, Қ.Баянбайларға "Дарабоз" бәйгесiнiң арнайы төсбелгiсi табыс етiлдi.
Мәншүк Ахметова