ЖЕТIГЕННIҢ ЖҮРЕК ШЫМЫРЛАТАР ҮНI

ЖЕТIГЕННIҢ ЖҮРЕК ШЫМЫРЛАТАР ҮНI

ЖЕТIГЕННIҢ ЖҮРЕК ШЫМЫРЛАТАР ҮНI
ашық дереккөзі

Қазақтың көне аспаптарының бiрi жетiген бұл күнде халыққа кеңiнен танылып отыр. Сиқыр үндi аспапты советтiк идеология тұсында жоғалтып ала жаздадық. Әсерлi үнiмен тыңдаушысын баурап алатын аспап 1965-1966 жылдары ғана қайтадан халыққа кеңiнен таныла бастаған екен. Аталмыш аспаптың сүйемелдеуiмен ән орындау бүгiнде сәнге айналса да, оны шебер орындаушылардың саны аз. Сиқырлы аспаптың қыр-сыры жайында "Тұран" этно-фольклорлық ансамблiнiң мүшесi, ХII Халықаралық Шабыт фестивалiнiң лауреаты Қорлан Кәртенбаевамен сұхбаттасудың сәтi түстi.

– Жетiген – қазақтың ең көне шектi аспабы. Бұл аспап туралы аңыз-әңгiмелер көп-ақ. Десек те жетiген аспабы жайында толықтай мағлұмат аз. Жалпы бұл аспаптың шығу тарихы қандай?

– Жетiген – қазақ халқының ең көне, төл аспаптарының бiрi. Ол туралы құнды деректер халқымыздың жадында аңыз – әңгiмелер арқылы сақталып келген. Пазырық қорғандарынан бiздiң заманымызға дейiнгi 5-4 ғасырларында арфа тектес екi iшектi аспап табылған. Содан келе-келе жетiген аспабы пайда болған. Кейiн келе бұл аспапты жарыққа шығарып, халқымен қауыштырған этнограф-ғалым Болат Сарыбаев. Сол ағамыздың аянбай еңбектенуiнiң арқасында көптеген көне фольклорлық аспаптармен қатар жетiген де халық арасынан кең орын алып, дамып келедi. Жарыққа қайта шығып, таныла бастаған аспаптың орындаушылары саусақпен санарлықтай болатын. Бүгiнде жетiгенге қызығушылық байқала бастады. Фольклорлық оркестр, ансамбльдер құрамынан бұл аспап көрiнiп жүр.

– Ал өзiң бұл аспапты орындауды қалай үйрендiң?

– Ахмет Жұбанов атындағы музыка мектебiнде қобыз класында оқыдым. Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының қабырғасында да қобызды терең меңгердiм. Алайда жетiгеннiң сиқырлы үнi менi өзiне баураған сияқты. Менiңше, бұл аспаптың адамның жан-дүниесiн тыныштандырар ерекше қасиетi бар. Көне Шумер елiнде жетiген тектес аспаптар хан сарайларында орындалып, нәзiк, ұяң үнiмен тыңдаушысына әсер етiп, жан сезiмдерiн тербеген. Аспаптың ғажайып сиқырлы үнiнде көк пен жердi тiлдестiретiн қасиетi бар деп сенген. Азия елдерiнiң аспаптары да көне заманда көпшiлiк ортада емес ақсүйектер мен бiлiмдi шағын топқа ғана арнайы орындалған екен. Нұргүл Жақыпбек есiмдi ұстазымның арқасында аспапты меңгергенiме де көп бола қойған жоқ, бар-жоғы 3 жыл болды.

– Жақында ғана "Сырлы, сазды – Жетiген" атты жеке есеп беру концертiңдi өткiздiң. Бұл жетiген орындаушыларының елiмiздегi тұңғыш концертi екен. Есеп беру кешiң туралы айтып өтсең…

– Қазiргi таңда көне аспаптарға қызығушылық туындап отыр ғой. Аспапты жастарға кеңiнен насихаттау, жетiген туралы толық мәлiмет беру мақсатында концерт ұйымдастырдық. Кеште бiрқатар әншiлер жетiгеннiң сүйемелдеуiмен ән орындады. Өзiмнiң жеке әндерiм де орындалды. Сондай-ақ классикалық дүниелер де, орыстың гусли аспабына, гитараға арналған композициялар да жетiгеннiң үнiмен шырқалды.

– Ұлттық аспаптарды эстрадаға әкелу сәнге айналды ғой. Бұл үрдiске қалай қарайсың?

– Қазiр жастардың бәрi жаппай эстрадаға ден қояды. Егер ұлттық аспаптарды эстрадаға әкелмесек, халқымыздың мұрасы саналар аспаптарымыз насихатталмай қалар едi. Сондықтан бұл дұрыс деп ойлаймын. Домбыра, қобыз, жетiген сияқты аспаптар қазаққа ғана тән. Сол себептi ұлттық аспаптарды эстрадада қолдану барысында Батыстың ырғағына шектен тыс бой ұрып, қазақилықтан алыстамау керек сияқты.

– Ж.Елебеков атындағы эстрада-цирк колледжiнде ұстаз екенсiң. Жетiгенге қызығушылар көп пе? Аспапты үйретуде қиыншылықтар болмай ма?

– Күрделi болса да, жұрттың жетiгенге қызығушылығы басым. Жастар былай тұрсын, егде тартқан адамдар да келiп, жетiгенде ойнауды үйретуiмдi сұрап жатады. 6-7 жасар кiшкентай бүлдiршiндер де бар. Оқушылардың көбiсi жетiгеннiң сүймелдеуiмен ән айтуды да меңгерiп жүр. Оның үстiне қазiр заман ағымына сай, аспаптың түрлi формалары шағарылуда. Бұрын жетiгеннiң тек 7 шегi болса, қазiргi жетiгеннiң шектер саны 25-тен асады. Сол себептi аспаптың үнi де әрқилы болып құбылып тұрады. Алайда жетiгендi үйрететiн оқу құралдары жоқ десек те болады. Қазiр Нұргүл Жақыпбек осы мәселенi қолға алып, жеке кiтап шығару үстiнде.

– "Тұран" этно-фольклорлық ансамблiнiң белдi мүшесiсiң. Ансамбльдiң құрылғанына көп болған жоқ. Дегенмен халық арасында кеңiнен танылып жүр. Ансамбльдiң алдағы жоспарлары қандай?

– Бұл ансамбль Құрманғазы атындағы Ұлттық консерваторияның жанынан құрылған. Ансамбльдi құрғандағы мақсатымыз – жастардың бойында патриоттық рухты қалыптастырып, ұлттық аспаптарды меңгеруге жетелеу. "Тұран" ансамблiн шетелдерге жиi шақырып тұрады. Құрылған сәттен бастап Американың бес штатын араладық, Германия, Франция, Израиль, Түркия елдерiнде болдық. Жеке жинағымызды да дайындап қойдық. Алайда жинақты сапалы түрде шығару үшiн қаржылай көмек қажет. Сондықтан бұл жоспарымыз кейiнге ысырылып тұр.

– Ансамбльдi шетелдерде қалай қабылдайды?

– Бөгде елдер үшiн бiздiң аспаптарымыз таңсық қой. Қайсыбiр елге барсақ та жұрт таңырқап, таңғалып жатады. Тiптi қасымызға келiп, аспаптарымызды ұстап көрiп, "Ноталарың бар ма? Бұл аспапты қалай меңгередi?" деп сұрайды. Дегенмен өз елiмiзде Батыстың рок, поп жанры сананы улап жатқан мына заманда ұлттық аспаптардың насихатталу деңгейi әлi де төмен сияқты.

Әңгiмелескен Әйгерiм ДОСЫМ