“ХАЛАЛ” СӨЗIНIҢ ҚАДIРI

“ХАЛАЛ” СӨЗIНIҢ ҚАДIРI

“ХАЛАЛ” СӨЗIНIҢ ҚАДIРI
ашық дереккөзі
242

Кез келген қоғамда, мемлекетте болсын халықтың әл-ауқатына қоса салауатты өмiр салты, яғни денiнiң саулығы бiрiншi орында тұратыны анық. Қоғамды құрайтын, елiмiздiң болашағын қалыптастыратын сол қарапайым халық дер болсақ, сапалы да саналы денi сау ұрпақ тәрбиелеу – әрине, парыз.

Сондықтан да халқымыз деннiң саулығын зор байлыққа балаған. Бiрiншi байлық денсаулық екенiн шегелей отырып, бастың екеу болуын, ал сол өскен-өнген жанның пейiлiн де сол шексiз байлықтың бiр пұшпағы деп санаған. Таза ауа, қысы-жазы жайлы атамекенiнде, даланың кермек желiмен жарыса шауып, астың құнарлысын, сусынның дәмдiсiн iшiп, бойына сiңiре бiлген ата-бабаларымыз, шын мәнiсiнде аса сергек ғұмыр кешкен ғой. Талғампаз, кiрпияз, астындағы сәйгүлiгi секiлдi таңдап iшкен асы мен сусыны бойындағы анау-мынау сырқатқа дес бермей, ұзақ та саналы ғұмыр жасаған. Аналарымыз да дәрiгер атаулының бет-жүзiн көрмей-ақ, тiптi дүниеге келгеннен кейiн де нешеме екпе дәрiлердi сәби бойына дарытпай-ақ, қол-аяғы балғадай ұрпақ әкелiп жатты емес пе?! Ал бүгiнгi тiрлiк ше?..

Денсаулық дегенде, халықтық және дәстүрлi медицинаға тәуелдiлiк қайда апара жатыр, ересектердi былай қойғанда, дүние есiгiн шырылдап жаңа ғана ашқан сәбилердiң болашағы қалай болмақ?! Тiптi жүрек талмасы, бүйрек, қант диабетi сияқты сырқаттармен қатар, бүгiнде мүгедек болып туылу деректерi елiмiздiң кез келген өңiрiнен табылары анық. Шетелдiк дәрiлер мен дәрумендер қазақстандық ем-шараларды ысырып тастап, ел асып, жер асып барып ем-дом iздеп жатамыз. Қалтаң көтерсе, қаражатың болса кез келген дәрiханалардан iздегенiңдi қиналмай табасың. Дегенмен осы бiр тәуелдiлiктен қалай құтылуға болады, жанымызды жадыратып, көңiлiмiздi сергiтетiн басқа амал-айла жоқ па, осы бiр жағын ойлансақ деген мақсатпен қолымызға қалам алдық. Салауатты өмiр салтын қалыптастыру жолында тек қана емдiк шаралардан гөрi мәдени-емдiк тәсiлдердi де естен шығармаған жөн болар. Бұл ретте, ең бастысы таза ауа, сумен де көптеген сырқаттарды емдеп жазатынын көпшiлiгiмiз iштей мойындасақ та, жүзеге асыра бермеймiз. Мәселен таза ауада көп серуендеу керек екенiн, әсiресе таңғы және кешкi мезгiлде жаяу жүрудiң пайдалы екенiн жергiлiктi дәрiгерлер де жиi ескертiп жатады.

Адамзат өмiрiнде таза ауамен күнделiктi тұтынатын судың да маңызы жоғары екенiн әрбiр пендеңiз түсiнедi. Тiптi апта сайын бармай қалсақ денемiз iздеп тұратын, шыққаннан соң рахат бiр сезiмдi бастан кешiрер монша қандай ғажап?!. Булаудан бүткiл денеңiзбен бiрге санаңыз сергiп, анадан жаңа туғандай күйге енесiз.

Бүгiнгi сөз бұл туралы да емес, бүгiнде тағамға да, тұзға да қосарлана беретiн "халал" деген тiркес жайлы болмақ. Қаламыздың кез келген көшесiнен көзге ұрып тұрар осы бiр тiркестiң азық-түлiк түгiлi, дүкендерге iлiне бастағанына да бiраз жылдардың жүзi болды. Халықтың көңiлiнен шығатын тауарлар түрiмен қоса сол сатушыларыңыздың адал қызметiне де кейде дән ризасың. Ал әлгi "халал" сөзiнiң күнделiктi тұтынатын дүниелердi былай қойғанда қазiр төсек-орын сататын шағын супермаркеттердiң де маңдайшаларынан мықтап орын алғанын көрiп таңқалмасқа шара жоқ. Әсiресе, қаламыздағы қаптаған халал-сауналарды көргенде түсiнiксiз бiр ойдың жетегiне ерерiңiз анық.

"Сонда қалай?" деп ойлайсыз ғой, сенбесеңiз, қалаға ерiнбей саяхат жасап көрiңiзшi?!

Бiздi қызықтырған да осы бiр сұрақ болатын. Сондықтан да Әуезов ауданы әкiмшiлiгiнiң iшкi саясат бөлiмiне хабарласқанымызда, мән-жайды қалалық тiлдер басқармасынан жете бiлуiмiзге болатынын жеткiздi. Ондағылар "Алматыжарнамаға" хабарласуымызды "қиыла" өтiнген соң, тағы да телефонның ар жағынан жауапты қызметкермiн деп таныстырған Мәдина есiмдi бойжеткен қалалық мәдениет басқармасына сiлтедi. Шетi ұстатпайтын қоңырау шалу…

Ал Ақсай мөлтекауданындағы "Халал-саунаның" басшылары "Басқа қоғамдық сауықтыру орындарындағыдай емес, бiзде арақ-шарап iшуге, темекi тартып, "жынойнаққа" рұқсат жоқ, сондықтан да осылай атауды жөн санаған едiк", – айтады.

Сонымен ұшы-қиыры жоқ бiраз телефондаудың арқасында "егер мүмкiндiктерi болып, жергiлiктi салық төлемдерiн уақтымен төлейтiн кез келген мәдени орынның қалай аталып, қалай жазылатыны жекеменшiк иесiнiң өз құқығы" деген жауап алдық-ау. Сонда турасын айтқанда, ластан арылатын, мүмкiн олай атауға да болмайтын шығар, дегенмен көпшiлiк жуынатын, жас та, кәрi де, бала да, шаға да келетiн мұндай қоғамдық орындардың өз затына лайық атауы болғаны да дұрыс қой. Халал-сауна дегенiңiзбен, оның iшiндегi тiрлiк бiр Аллаға ғана аян дер болсақ, мүмкiн күпiрлiк те болар. Қалай жұқартсақ та, осы бiр тiркестiң қисынсыз жерге килiгiп тұрғаны көрер көзге ұрып-ақ тұрған жоқ па?

Осы ойымызды "Ақсай" мешiтiнiң имамы Жеңiс мырзаға да қойғанымызда:

– Халал сөзi – адал сөзiнiң баламасы екенiн түсiнерсiздер, ал адалдық бұл жерде тек тағамға байланысты айтыла салмағаны тағы белгiлi. Егер жаратылысқа, шариғат заңына қайшы, терiс тiрлiк болмаған жағдайда, адамзат баласына тән тiрлiк неге әбес болсын. Көпшiлiк моншадағыдай ашық-шашық емес, ұятты дене мүшелерiнiң сырт көзден сақталуына байланысты халал-сауналарға үрке қарауға болмас, – дегендi айтты.

Десек те кейбiр жағдайларда елiктегiш, әсiресе қайталауларға жаны жақын тұратын көрсеқызар қасиетiмiздiң бар екенiн қынжыла айтып жатамыз. Базбiреулердiң тек жақсылығына ғана жармасып, кемшiлiктерiн көре бермейтiн пәндәуи әдетiмiз қанымызға сiңген ғой. Осы бiр жайсаң мiнез көп ретте алды-артымызды ойлауға, пайымдауға да мұрсат бермей жататыны да сондықтан болар. Жылт еткен жаңалықты көре бiлген де дұрыс. Солай болса да, сөздiң төркiнiн бiлетiн, шешен де қағылез қасиетiмiздiң осындай ұсақ-түйек деп қарайтын тiрлiкте керi әсерiн де тигiзiп жататынын осы бiр жоғарыда әңгiме етiп отырған жайдан да аңғаруға болатындай.

Жаһанданудың, жаңаланудың, жаңашылданудың мәнi осы екен деп, асыл сөзiмiздi көрiнген тесiктiң жыртығын жамауға пайдаланбауымыз қажет шығар. "Халал" сөзiнiң де түп төркiнi адалдықты, тазалықты дәрiптейдi. Әрбiр сөздiң киесiн ойлап, жан-дүниемiздiң ғана емес, тiлiмiздiң де шұбарланбауына, ой-санамыздың да шынайылығын қалыптастырудағы рөлiн дұрыс пайдалансақ деген наздан туған ойларымызды сiзбен бөлiскендi жөн санадық, оқырман.

Таңсұлу Алдабергенқызы

Серіктес жаңалықтары