АРЫСТЫҢ СҮЙЕГI ЖЕР-АНАНЫҢ ҚОЙНЫНА БЕРIЛДI

АРЫСТЫҢ СҮЙЕГI ЖЕР-АНАНЫҢ ҚОЙНЫНА БЕРIЛДI

АРЫСТЫҢ СҮЙЕГI ЖЕР-АНАНЫҢ ҚОЙНЫНА БЕРIЛДI
ашық дереккөзі
363

Алаштың арда азаматы, Алаш қайраткерi, қазақтың тұңғыш ағарту министрi болған арысымыз Смағұл Сәдуақасұлының сүйегiнiң күлi араға жетпiс жетi жыл салып туған елiне оралғандығы туралы бұқаралық ақпарат құралдары жарыса жазған едi. Зиялы қауым өкiлдерi тарапынан бабамыздың сүйегiнiң күлiн салтанатпен жерлеу рәсiмi керектiгi де сан мәрте айтылған болатын.

Смағұл Сәдуақасовтың сүйегiнiң күлiнiң елге оралуына ұйытқы болған азаматтардың бiрi Сабыр Қасымов газетiмiзге берген сұхбатында: "Соңғы айтайын дегенiм. Бiздер мен сiздердi саяси және адамгершiлiк сын сағаты күтiп тұр. Бiз Смағұл Сәдуақасовтың мәйiтiн Қазақстанға алып келдiк. Ендi туған жерiнде салтанатты түрде, биiк дәрежеде жерлей аламыз ба?! Бұл бiзге ғана сын емес, бұл – бiздiң мемлекетiмiз үшiн сын сәтi, нақты айтсақ, бiздiң мемлекеттiк идеологиямызға сын", – деген болатын. Ендi мiне, 77 жылдан соң, Алаштың ардақтысының сүйегiнiң күлi туған елiнде мұсылман әдет-ғұрпымен жер қойнына берiлдi.

Қоғам қайраткерiн ақтық сапарға шығарып салу рәсiмiне арыстың туған-туыстары, жақын-жұрағаттары, Парламент депутаттары, қалалық әкiмдiк өкiлдерi, зиялы қауым өкiлдерi мен жастар ұйымдары, қоғамдық бiрлестiктер, саяси партияның өкiлдерi жиналды.

Алаштың ардақтысының сүйек күлi Астрахань тас жолындағы мұсылман зиратханасында жерлендi. Әуелде зиялы қауым өкiлдерi тарапынан арысымыздың сүйегiнiң күлiн Қабанбай батырдың кесенесiнiң жанындағы ұлттық пантеонға немесе Жастар ауданындағы Кенесары батырдың сарбаздары жатқан зиратханаға жерлеу мәселесi де айтылған едi.

Смағұл Сәдуақасовтың сүйек күлiнiң туған елiне оралуының басы-қасында жүрген азаматтардың бiрi, алаштанушы ғалым Дихан Қамзабекұлы бұған қатысты пiкiрiн былай бiлдiрiптi. "Қазiр кейбiр азаматтарымыз "Смағұл сүйегi үлкен пантеонға неге қойылмады?" деген сын айтып жүр. Бұның да басты себебi бар. Оған пантеон әлi дайын емес. Сондықтан мұсылман ғұрпымен, ел дәстүрiмен жер қойнауына тапсырылды. Мықты қайраткер қай жерде жатса, сол жер қадiрлi емес пе?! Бұл елдiң үлкен имандылық шарасы деп есептеймiз. Дiндар азаматтарымыз "ешқашан да бiр кiсiнi бiр кiсiден төмендетуге болмайды" деп жатады. Хан да, қарапайым адам да Алла алдында пенде ғана. Бiрақ зайырлы мемлекет ретiнде айтсақ, бiз ұрпаққа ұлттық тәлiм-тәрбие беру үшiн елге қызмет еткен мықты азаматтардың зиратын көрнекi етiп қойғанды дұрыс көретiн жайымыз бар", – дейдi Дихан Қамзабекұлы.

Бабамыздың жаны туған топырағында мәңгiлiкке тыныштық тапты. Қалай болғанда да, ең басты игiлiктi дүние – Алаштың азаматының рухының туған жерге оралғандығы. Арысымыздың сүйегi туған жерде жатқандығы жанға демеу, көңiлге жұбаныш. Мәселе – Алаш арысының қай қабiрстанға жерленуiнде емес, мәселе – туған жерден топырақ бұйыруы. Ендi туған жерiнде қазақтың басын қосуда, қазақтың ел болып қалыптасу жолында шейiт болған, ұлтының азаттығын аңсаған, ұлты үшiн құрбан болған азаматтың қабiрiне ұрпақтары бас иiп, тағзым ете алады.

Гүлзина Бектасова

Серіктес жаңалықтары