«ШӘКЕН ЖҰЛДЫЗДАРЫ» СӘТТI АЯҚТАЛДЫ
«ШӘКЕН ЖҰЛДЫЗДАРЫ» СӘТТI АЯҚТАЛДЫ
"Шәкен жұлдыздары" Халықаралық Алматы кинофестивалi – жас кинематографистер мен дебюттiк фильмдердiң Орталық Азиядағы бiрден-бiр аса дәрежелi Халықаралық байқауы. Мамыр айының 11-i мен 15-i күндерi әсем қаламыз Алматыда 30-ға жуық шет мемлекеттерден келген және қазақстандық фильмдердi қосқанда, барлығы 55 ең үздiк деген фильмдер жарысқа түскен мәндi де мағыналы кино мерекесi өттi.
Жылдан жылға бұл кинофорум әлемнiң түкпiр-түкпiрiнен дарынды жастардың басын қосып, қанатын кеңге жайып келедi. Шығыс пен Батыс арасында рухани дәнекер бола отырып, кино саласындағы, әсiресе жас кинематографистердiң байқауы арқылы әлемге жаңа есiмдердi танытады. Биыл тоғызыншы рет өткiзiлген "Шәкен жұлдыздары" кинофестивалiнiң көрермен көңiлiнен шығатын жағымды жаңалықтары көп болды. Биыл конкурсқа қатысуға ниет бiлдiрген 38 мемлекеттен шамамен 600-ге жуық фильмдер келiп түстi. Жастар мен студенттiк фильмдердiң көркемдiк iзденiс формалары алуан түрлi. Келiп түскен фильмдердiң басым көпшiлiгi Еуропа, Азия елдерiнен болып отыр. Әсiресе Германия, Польша, Венгрия, Бельгия, Испания, Норвегия елдерiнен фильмдер өте көп келдi, алыс шетелдерден, сондай-ақ Америкадан, Индиядан келiп жатқан фильмдер бар. Биыл Түркиядан келген фильмдер саны көп болды. Соңғы жылдарда Түркия киносында бiршама өзгерiстер бар екендiгi байқалды. Бұл фильмдердiң сапасы жағынан әлемдiк жоғары деңгейдi көре алдық. Фестивальге қатысуға ниет еткен фильмдер санының көптiгi мен көркемдiк деңгейдегi сапасының жоғары болуы – фестиваль беделiнiң жылдан-жылға артып келе жатқандығының тағы бiр дәлелi.
Iрiктеу комиссиясының қорытындысы байқауға жiберiлген 55 фильм төрт үлкен секция: дебюттiк фильмдер (7 фильм), жастар киносы (19 фильм), студенттiк фильмдер (18 фильм), анимация (11 фильм) бойынша көркемсуреттi, деректi т.б. деп өз iшiнде тағы бiрнеше номинацияларға жiктеле отырып жарысқа түстi. Қазақстандық жас кинематографистер шығармашылығы бойынша 5 фильм биылғы байқауға қатыса алды. Олардың iшiнде жастар киносы секциясы бойынша жас режиссерлер Мақсат Оспанов пен Медет Iлгедаевтың "MENT" атты фильмi, студенттiк кино секциясы бойынша Бегалы Шiбiкеевтiң "Мөшек" фильмi, анимация секциясында қазақстандық үш анимациялық фильм жарысқа түстi. Үш анимациялық фильмнiң де авторлары – Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясының студенттерi.
Фильмдер сонау Еуропадан, Америкадан және Азиядан келiп жатқанына қарамастан, барлық фильмдерге тән ортақ тақырыптары айқындалды, ол – бас кейiпкердiң оны қоршаған ортаға тәуелсiз жағдайындағы жалғыздық сезiмi. Мұнда айтылып отырған тәуелсiз орта дегенмiз, көпшiлiк фильмдерде бас кейiпкердiң өмiр сүрiп жатқан ортасы – алып мегаполис, демек ол тура ұғымда жалғыз болуы тiптен мүмкiн емес.
Өкiнiшке қарай биыл байқауға Қазақстан атынан қатысушылардың тiзiмi өте аз. Бұл – киноның бiр шетiнде жүрген киносыншыларға да, режиссерлерге де, киноға қаржы-қаражат жинастыратын продюсерлерге де, жалпы кино саласында жүрген барлық мамандарға үлкен сабақ. Биыл iрiктеу өте қатал талаптармен өткiзiлгендiктен, шетелден келiп жатқан жақсы фильмдердiң биiгiне бiздiң фильмдердiң деңгейi жете алмады.
Студенттiк фильмдер секциясында жарысқа түскен "Мөшек" фильмi – Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының "Кино және ТВ" факультетiнiң студентi Бегалы Шiбiкеевтiң дипломдық жұмысы. Бұл фильмдi де осы секция бойынша сайысқа түсетiн шетелдiк кез келген фильммен тең дәрежедегi сәттi фильм деп бағалап отырмыз. Аталмыш фильмнiң басты ерекшелiгiне көңiл аударғанымызды айтқым келiп отыр. Көп жылды араға салып ескi достар кездеседi. Бiрi – қалада тасы өрге домалап тұрған жiгiт болса, екiншiсi ауылда – тағдырына өкпелi. Бұл кейiпкер сипаттары екеуiнiң арасындағы үзiк-үзiк әңгiме арқылы жай сырғытылып қана сездiрiледi. Кенеттен жүрдек поездан аяқасты топ ете қалған бiр мөшек ақша осы екеуiнiң бұдан былайғы қарым-қатынасына соншалықты әсер бердi. Асып бара жатқан керемет сюжеттiк тармақтар, шиеленiс фильмде мүлдем жоқ. Дегенмен де өте терең мағыналы тәрбиелiк мәнi бар ұстаным бiрден байқалады. Осы фильм арқылы жас режиссер бүгiнгi қоғамдағы белең алған терiс әрекеттердiң түп тамыры жеке мiнездегi жаман қасиеттердiң басымдығынан екендiгiне назар аудартады. Сонымен 5 күнге созылған кинофестивальдiң нәтижесiнде "ЖАСТАР КИНОСЫ" секциясы бойынша: "Көркемсуреттi кино, қысқа метр" – үздiк фильм – "Ханой-Варшава", режиссер Катаржина Климкиевич (Польша). "Көркемсуреттi кино, толық метр" – үздiк фильм "Қанат қатайғанша", режиссер Саваш Байкал (Түркия). "Деректi кино, қысқа метр" – үздiк фильм – "Аско", режиссер Мохаммад Нашемзери, (Иран). – "Деректi кино, толық метр" – үздiк фильм – "Ел және мемлекет", режиссерлар: Т. Абылкасымов, Ч. Абубакиров, Э. Исмаилов, Ж. Акматалиев, Эрмек Ибраимов (Қырғызстан) үздiк атанса, "ДЕБЮТ" секциясы бойынша: "көркемсуреттi дебют" – үздiк фильм – "Бөтен аспан", режиссер Дмитрий Мамулия (Ресей.) "деректi дебют" – үздiк фильм – "Аиша", режиссерлар: Ошри Хаюн, Хила Коэн (Израиль) топ жарды, ал "Студенттiк кино" секциясы бойынша: көркемсуреттi кино" – үздiк фильм – "Өз үйiнде бөтен", Лена Либерта, (Германия) "деректi кино" – үздiк фильм – "Бақыт бесiгi", режиссер Асель Жораева (Қырғызстан) жеңiмпаз атанды. Сондай-ақ "АНИМАЦИЯ" секциясы бойынша – үздiк фильм "Баспалдақтар", режиссерлер: Эмли Ной, Инбар Ротштейн, Том Мадар, (Израиль) үздiк деп танылды. Фестивальдiң Бас жүлдесiн түрiк режиссерi Селим Гюнештiң "Аппақ қардай" фильмi жеңiп алды. Арнайы жүлделерге ие болған фильмдер "MENT" фильмi (Қазақстан) – "Нұр-Отан" партиясының арнайы жүлдесi және "Қазақфильм" киностудиясының жаңа фильм түсiруге арнайы гранты "Ойын шебiнде" (Ресей) – Журналистердiң тәуелсiз қазылар алқасының жүлдесi "Бабель" (Франция) – ҚР Кинематографистер одағының арнайы жүлдесi.
Гүлжан Құрманғалиқызы, кинотанушы