"ҚАЗАҚ ТIЛI" ҚОҒАМЫ – ҚЫРҒЫЗСТАНДА

"ҚАЗАҚ ТIЛI" ҚОҒАМЫ – ҚЫРҒЫЗСТАНДА

"ҚАЗАҚ ТIЛI" ҚОҒАМЫ – ҚЫРҒЫЗСТАНДА
ашық дереккөзі
327

Жақында Халықаралық "Қазақ тiлi" қоғамының басқарма мүшесi, экономика ғылымдарының кандидаты, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетiнiң доцентi Жетпiсбай Бекболатұлы және аталған қоғамның белсендiсi, көсемсөзшi, ауылшаруашылық ғылымдарының кандидаты, Қазақ ұлттық аграрлық университетiнiң доцентi Мұханбет-Шәрiп Кенжебай Бiшкекке келген сапарында Қырғызстан халық ассамблеясының құрамындағы Қырғызстандық қазақтардың ассоциациясында болып, қазақ диаспорасының өкiлдерiмен кездесу өткiздi.

Ассоциацияның үйлестiру iстерi бойынша жауапты қызметкерi Үмiтхан Бралкиева қонақтарға Қырғызстандағы қазақ қоғамдарының жай-жапсары және қазақ тiлiн өркендету бойынша ассоциацияның атқарып жатқан iстерi жөнiнде мағлұмат бердi. Ассоциацияның жанында қазақ тiлiнiң жексенбiлiк курсы жұмыс iстейдi. Онда жоғарғы сынып оқушылары және студенттер қазақ тiлiн үйренуде. 24-29 наурыз аралығында Қазақстан Республикасының Бiлiм және ғылым министрлiгi, "Дарын" республикалық ғылыми-практикалық орталығы алыс және жақын шет елдердегi қазақ диаспораларының дарынды балалары үшiн қазақ тiлi мен әдебиетi пәндерiнен Алматы қаласында өткiзген "Қазақстан – ата жұртым, қасиетiм – ана тiлiм" атты VIII Халықаралық олимпиадаға қырғызстандық оқушылар да қатысып, 11-сыныптың оқушысы Рысалиева Нуризат III дәрежелi дипломмен марапатталды.

Қазақстанның Қырғызстандағы елшiлiгi және Дүниежүзi қазақтары қауымдастығы қазақ қоғамдарын қазақ тiлiндегi әдебиеттер және мектеп оқулықтарымен қамтамасыз етiп келедi. Сонда да қазақ тiлiн өздiгiнен үйренуге арналған оқу кiтаптары, түрлi сөздiктер тапшы болып отыр.

"Қазақ тiлi" қоғамының белсендiлерi Қазақстанда мемлекеттiк тiл – қазақ тiлiн дамыту бағытында жүргiзiлiп жатқан келелi iстердi баяндап, Қазақстан Республикасының Президентi – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы жылғы халыққа Жолдауында ана тiлiмiздi өркендетуге баса көңiл аударғанын тiлге тиек еттi. Жетпiсбай Бекболатұлы биылғы қыркүйекте "Қазақ тiлi" қоғамының құрылтайы өткелi жатқанын хабарлап, соған қырғызстандық қазақтардың өкiлiнiң қатысуын сұрады.

Назарбек БАЙЖIГIТОВ

Серіктес жаңалықтары