КЕЛЕМ ДЕУШIГЕ КЕДЕРГI КӨП
КЕЛЕМ ДЕУШIГЕ КЕДЕРГI КӨП
Келесi аптада Астанада басталатын Дүниежүзi қазақтарының IV Құрылтайы қазақ диаспорасы мәселесiнiң аса бiр күрделенген кезiнде өткелi отыр. Шекаралар ашылып, елмен елдiң қатынасы жақсарғанмен, Атамекенге жете алмай зар болып отырған қандастарымыздың саны күн санап өсуде. Қазақ диаспорасының iрi шоғыры болмаса да, 15 мыңдай қазақ мекендейтiн Түркiменстандағы қазақтар көшу үшiн үй-мүлкiн мемлекетке өткiзу қажет болса, 1,5 миллион қазағы бар Өзбекстандағы қазақтың басындағы мұң да сол. Бүгiнгiдей нарық заманында құр қол келiп Қазақстан қоғамында күн көрiп кету мүмкiн емес. Сондықтан да бұл – толғақты мәселелердiң бiрi.
Ал Қытайдағы қазақтардың Қазақстанға көшi мүлдем тоқтады. Қазақстан тарапы соңғы 5 жылда көшi-қон шақыруын тоқтатса, Қытай кәмелетке толмаған балаларға шетке шығуға рұқсат етпейдi. Соңғы мәлiметтер бойынша, Қытайдың Үрiмшi қаласындағы Қазақстанның паспорт-визалық бөлiмiнде 10 мың адамның кезекте тұрғанына бiр жыл болды. 3 ай бұрын кезекке тұру тоқтатылған.
Моңғолиядан келетiн қазақтар Ресей аумағын басып өтемiз деп, небiр тауқыметке тап болады. Бiр адамға 80 АҚШ долларына виза алады, ол визаның уақыты сол жолда сандалып жүргенде бiтiп қалады. Жалпы Моңғолия қазақтарының отбасында ең кемiнде 5 баладан болатынын есептесек, бұл да қалтаға түсер ауыр жүк.
Мiне, осы мәселелердiң барлығы әрбiр Құрылтай алдында көлденең тартылып келедi. Бiрақ шешiмiн тапқан ештеңе жоқ. Керiсiнше, жыл өткен сайын мәселе қиындай түсуде.
ТҮРКIМЕНСТАН ҚАЗАҒЫ МЕНШIККЕ ИЕ БОЛА АЛМАЙДЫ
Түркiменстанда "алаяқ" деген айып тағылған қазақ диаспорасының белдi өкiлi, Түркiменстандағы қазақ мәдени орталығының жетекшiсi Бисенғұл Бегдесенов 5 жылға шартты түрде бас бостандығынан айрылып отыр. Түркiменстан соты оның Түркiменстаннан Ресейге көшкен қазақтарға пәтерiн жекешелендiруге көмектескенi үшiн айыптап отыр.
16 мамырда Алматыда баспасөз-мәслихатын өткiзген Бисенғұл Бегдесеновтiң балалары Әмiр және Әлiбек Бегдесенов әкесiне тағылған айыптың астарында саяси негiз бар дейдi.
– Түркiменстанда Қазақстанға көшкiсi келетiн қазақтардың пәтерi жекешелендiрiлмейдi. Түркiменстанның арнайы заңы бойынша, Түркiменстан аумағын тастап көшетiн өзге ұлт өкiлдерi мал-мүлкiн мемлекетке өткiзiп кетуi керек. Ресей мен Түркiменстан арасында жасалған адам құқықтарын қорғау туралы мемлекетаралық келiсiмде Ресейге қоныс аударушы статусын алғандарға ғана баспанасын жекешелендiруге жол берiледi. Қоныс аударушы статусын алу үшiн Ресей Федерациясының азаматынан шақырту хат алу керек. Бегдесенов осындай шақыру хаттарды рәсiмдеумен айналысқан. Осы шақыру хаттардың негiзiнде Түркiменстандағы қазақтар үй-мүлкiн жекешелендiрiп, нарық бағасымен сатып, Ресейге қоныс аударып, Ресей арқылы Қазақстанға келiп отырған, – дейдi Бисенғұл Бегдесеновтiң үлкен ұлы Әлiбек Бегдесенов.
Тәуелсiздiк алған жылдарда Түркiменстанда 50 мыңдай қазақ болса, қазiр онда 10 мыңдай қазақ қалған. Қалғандары өткен ғасырдың 90-шы жылдарында Қазақстанға, Түркiменстанмен iргелес жатқан Маңғыстау облысына ат басын тiреген.
Бисенғұл Бегдесеновке Ресейге көшкен сегiз қазақ отбасының пәтерiн сатуға көмектескенi үшiн айып тағылып отыр. Қазiр ол бостандыққа шығарылып, "шартты" түрде 5 жыл бас бостандығынан айрылды. Осы бес жылдың iшiнде ол 8 пәтердiң құнын мемлекетке өтеуi керек. Түркiменстандағы пәтердiң құны орта есеппен 20 мың АҚШ доллары болады екен. Демек Бегдесеновтiң мойнына жүздеген мың доллар салық салынып отыр. Алайда Бегдесеновтiң туғандары бұл соманың одан да әлдеқайда өсiп кетуi мүмкiндiгiн айтады.
– Жақында тағы да 18 қазақтың пәтерi жекешелендiрiлуi тиiс. Егер бұл процесс бойынша тексеру жұмыстары жүргiзiлсе, әкемiздiң мойнына тағы да 100 мыңдаған доллардың қаржысы мiнуi мүмкiн, – дейдi Әмiр Бегдесенов.
Арнайы баспасөз-мәслихатын өткiзген Бегдесеновтер Қазақстан билiгiнiң өздерiнiң жан айқайына құлақ асуын сұрап, барлық құжаттары тәркiленген және мойнына мiнген қаржыны өтеп шықпайынша Түркiменстаннан шығуға тыйым салынған әкелерiне көмектесулерiн өтiнген.
ҚЫТАЙДАҒЫ ҚАЗАҚТЫҢ КӨШI ТОҚТАП ТҰР
Осы мәселеге орай редакциямызға бас сұққан "Жебеу" қоғамдық бiрлестiгiнiң атқарушы директоры Рахым Айып пен "Балдырған" журналының қызметкерi Ауыт Мұқибекұлын әңгiмеге тартқан едiк.
– Жалпы, Қытай мен Қазақстанның өзара қарым-қатынасы жыл өткен сайын жақсарып келедi. Бiрақ қатынас жақсарған сайын ол жақтағы ағайындарымыздың келуi сиреп барады. Қазақстан тарапы Қытай билiгiне ондағы қазақтарды кедергiсiз көшiру жайлы мәселенi неге қоймайды екен?
Рахым Айып:
– Мәселенi Қытайдағы қазақтарды жаппай көшiрiп алу тұрғысынан қою жаңсақтық. Жалпы көшi-қон мәселесi жайында кезiнде Қытайдың сол кездегi төрағасы Цзян Цзе Минь мырза: "Мен ұлттардың Қытай елiн тастай көшкенiн қаламаймын. Бұл шекарадағы аймақта тұрақсыздық тудыруы мүмкiн. Бiрақ әлемде бөлiнiп-жарылған отбасылар деген ұғым бар. Сiздер осы ұғым бойынша туған-туысқандарыңызды шақырып алыңыздар", – деген болатын. Бұл – консулдық департамент деңгейiнде шешiлетiн мәселе. Консулдық департаменттер арқылы Қазақстандағы қазақтар Қытайдағы ағайынына кепiл болып шақыру жiберуi керек. Бiз жиырма жыл бойы осының тетiгiне жете алмай қойдық.
Ауыт Мұқибекұлы:
– Неге екенiн бiлмеймiн, соңғы бес-алты жылдың iшiнде Қытайдан келетiн көш тоқтап қалды. Оның нақты себебiн қолмен қойғандай айтып берген ешкiм жоқ. Мен өзiм нақты бiр жұмыс жасадым. Мәжiлiс депутаты Бекболат Тiлеухан өз ауылына 10 отбасына кепiл болып, көшiрiп алмақ болды. Бұл iстi мен мойныма алып, артта қалған елге сәлем айтып, шақыруға өтiнiш жiберулерiн сұрадым. О жақтан он емес, 140 отбасыдан өтiнiш келiп түстi. Содан берi үш жыл болды сандалғаныма, шақыра алмай жүрмiн.
– Күнi кеше ғана осы мәселе бойынша Бекболат Тiлеухан Iшкi iстер министрi Қалмұхамбет Қасымовқа арнайы хат жазды. Бәлкiм ендi бiр айдың iшiнде нақты жауап алып қалармыз.
Рахым Айып:
– Мен осы 140 отбасының тiзiмiн жазып Аслан Мусиннiң атына, Сенат пен Мәжiлiс спикерлерiнiң атына, Сыртқы iстер министрi – Мемлекеттiк хатшы болған Саудабаевтың атына, Премьер-министр Кәрiм Мәсiмовтiң атына, "Нұр Отан" партиясының төрағасы Нұрлан Нығматуллиннiң атына хат жаздым. Бәрiнен келетiн жауап бiреу – Көшi-қон комитетiне сырғыта салу (ол кезде Көшi-қон комитетi тарамаған). Олар Қытайға тiзiмдi жiберiп, хат жаздық, жауап жоқ деген хат салады. Қытайға керегi тiзiм емес қой, Қазақстанның көшi-қон шақыртуы ғой. Демек бiздегi билiкте оның нақты механизмдерi жасалмаған.
Сол секiлдi виза беру тәртiбi де қиындап кеттi. Мәселен Қытайдан келетiндерге Қазақстан тарапынан берiлетiн виза бұрын көп мәртеге берiлiп, жылына бiр ақ рет созылатын, қазiр әрбiр үш ай сайын созу тәртiбi енгiзiлдi. Қазiргi виза бiр мәртеге ғана берiлетiн болды. Бiр мәрте үш айға немесе үш мәрте үш айға берiледi. Сондай-ақ, Қазақстаннан сыртқа шығып қайта кiргенде Көшi-қон полициясы виза беретiн едi. Қазiр ол берiлмейдi. Оның үстiне тағы бiр қитұрқы қосылды. Бұрын мен Бейжiңде жүрiп-ақ, ондағы Қазақстанның бас елшiлiгiнен Қазақстанға виза рәсiмдеуге мүмкiндiгiм бар едi. Қазiр СУАР-да тiркелген адамдар тек қана Үрiмжiдегi паспорт және визалық консулдықтан виза алуы керек деген тәртiп енгiздi.
Ауыт Мұқибекұлы:
– Қазiр тiркеудiң өзi қиындап кеттi. Мысалы мен бұрын Қазақстанға келiп азаматтық алғанша, 7-8 ай тiркеуiмдi создырып жүре берушi ем, қазiр оның мүмкiндiгi жоқ. Былтырғы 31 наурызда енгiзiлген жаңа тәртiпке сәйкес, Қазақстанға оралған қазақ диаспорасы өкiлдерiнiң қазақ екендiгi расталса да, шетелдiктермен бiрдей қаралады. Егер олардың виза уақыты аяқталса, өзге шетелдiктермен бiрдей шетелге шығарылады. Осының салдарынан мыңдаған адам керi қайтып кеттi. Квотаның орындалмай жатқанының салдары да осы.
P.S. Биылғы Дүниежүзi қазақтарының IV Құрылтайы осындай толғақты мәселелердiң басын ашуы тиiс. Бұған дейiн 3 Құрылтай өттi. Ол Құрылтайлардың алдына қойылған мiндеттердiң денi де осы болған. Бiрақ одан шешiмiн тапқан ештеңе жоқ. Сондықтан да әлемде тарыдай шашылған қазақ диаспорасы бұл жолғы Құрылтайдан нақты шешiм күтедi.
Есенгүл Кәпқызы