ЗIЛЗАЛАНЫҢ САБАҚТАРЫ

ЗIЛЗАЛАНЫҢ САБАҚТАРЫ

ЗIЛЗАЛАНЫҢ САБАҚТАРЫ
ашық дереккөзі
246

Қанша жерден мықты болсақ та, басқа салғанды көз көредi емес пе?! Жер жаһанды күнi кешеге дейiн экономикасымен жаулаған, ал тауарларының сапасымен ешқандай ел таласқа түсе алмайтын Жапония бүгiнгi күнi ұлт болып жойылып кету қаупiн бастан кешуде. Халық санының тығыздығымен аядай жердi аялап отырған мемлекеттiң халi тiптi аянышты. Екiншi дүниежүзiлiк соғыстан кейiн iрi апатқа ұшыраған елдiң жағдайы мүшкiл. Рихтер өлшемi бойынша 8-9 баллдық жер сiлкiнiсi Жапония аралдарындағы жер асты дүмпулерiне себеп болып, жағалаудағы арал он метр биiктiкке жетiп, қаланы тасқын шайып кеткенiн кешегiге дейiн әлем баспасөзi жарыса жазды, әлi де жазуда. Бұл оқиғаны көзбен көрмек түгiлi, айтып жеткiзудiң өзi қорқынышты. Ғаламат толқындар зәулiм үйлердi қопара көтерiп, көлiктер баланың ойыншығы iспеттi ағыспен кете барған. Десек те, бұл елдiң зiлзаладан зақым көрiп отырғаны бiр бұл емес. Жапония – жер дүпуiмен көз ашқалы күресiп отырған мемлекеттiң бiрi. "Бiр айналдырғанды шыр айналдырады" демекшi, ол аз болғандай, "Фукусима-1" деп аталатын АЭС-ның үшiншi энергоблогында жарылыс болып, салқындату жүйесi iстен шығып, арты жарылысқа ұласып, атом электр станциясы цунамиден де үлкен қауiп төндi. Қазiргi кезде мамандар қаза тапқандар мен iз-түзсiз кеткен адам саны 20 мыңнан асып жығылғанын айтуда. Елге келген зардап шығыны 235 миллиард доллар екен. Бұл аз шығын емес. Елдi толық қалпына келтiруге кем дегенде бес жыл қажет деген болжамдар да бар. Зiлзаладан жапа шеккен миллиондаған халық қазiр электр жарығы мен бiр жұтым ауыз суға жарымай отыр деген ақпараттар бар.

ЗӘРЕНI АЛҒАН ЗIЛЗАЛА

Әлемдi дүр сiлкiндiрген зiлзала бiздiң елдi де айналып өткен жоқ. Мамырдың бiрiнде болған жер сiлкiнiсi елдi дағдартып қойғаны шындық. Тәулiгiне алты рет болған жер сiлкiнiсi баршаның жадында қалған оқиға болды. Мамандар жер асты дүмпуiнiң ошағы Алматыдан солтүстiк-шығысқа қарай 75, Қапшағайдан 29 шақырым жерде болғанын анықтады. Сейсмология институты өкiлдерiнiң мәлiмдеуiнше, эпицентр аймағы Еңбекшiқазақ ауданының Маловодное ауылында тiркелген.

Жалпы, Алматы қаласы сейсмологиялық апатты аймақта орналасқандығы себептi осыған дейiн де жер сiлкiнiсi көп болды. Тұңғыш рет 1887 жылы жер сiлкiнiсi болып, 236 адамның өмiрi қиылды. Бұл оқиға екi жылдан кейiн, яғни 1889 жылы тағы қайталанды. Одан соң 1911 жылдың 22 желтоқсанында 9 баллдық жер сiлкiнiсi болып, 44 адам қаза тапты.

Зәлзала болған күнi, яғни бiрiншi мамырда алматылық тұрғындардың арасында "бүгiн түнде тағы жер сiлкiнедi екен" деген сөз желдей естi. Тұрғындар бағалы заттары мен құжаттарын алып, көшеге шықты. Бiрi мәшинеде түнедi, бiрi қаладан шығып кеттi. Стадионда жиылып, зәлзаланы сөз еткен бiр топ адамды көрдiк. Мешiттi паналаған адамдар да болыпты. Қысқасы, әркiм әртүрлi әрекетке барды. Бiз мақаланы жазу барысында бiрнеше адамнан пiкiр алған едiк.

Нұржамал, ана:

– Жексенбi күнгi жер сiлкiнiсiнен балаларымызбен шошына ояндық. Үйдегi ыдыстар тасырлап, өзiм бiршама уақытқа дейiн ес жия алмай, аузыма түскен "биссмилләнi" қайта-қайта айта берiппiн. Түске жақын жер қайта сiлкiнген соң, ағайын-туыстарымызбен хабарласып, кешкiсiн осы жайттың қайталанатынын естiдiк. Қажеттi құжаттарды алып, бала-шағамызбен алаңға шығып, таңды ұйқысыз атырдық. "Апат айтып келмейдi" демекшi, өзiмiз Жапониядағы жағдайды теледидардан көрiп отырмыз. Қаншама адамның тағдыры қиылып, бүтiндей бiр мемлекеттiң жойылып кетуiне шақ қалды. Апат қайдан және қашан келетiнiн ешкiм бiлмейдi. Оған қарсы ешкiм тұра алмайды. Мәселен дамыған деген жапон елi кешегi болған жер сiлкiнiсiне дайын ба едi? Жоқ. Ал осындай тосын жағдайларда халық өзiн қалай ұстау керек, соны бiз арнайы ақпарат құралдары арқылы аптасына, не болмаса айына бiр рет көпшiлiкке түсiндiрiп отыруымыз керек. Жалпы, "тiрi нәрсенiң тiрi нәрсеге әсерi бар" деп жатады ғой. Қоғамда болып жатқан жайттардан қара жер де хабардар.

Талғат, кәсiпкер:

– Соңғы кездерi жер сiлкiнiстерi жиi қайталануда. Мұны табиғаттың "тосын мiнезi" деуге жарамас. Қазақта "Құдайсыз қурай да сынбайды" деген сөз бар. Себепсiз ештеңе жоқ. Өздiгiнен ештеңе пайда болмайды. Демек апат – Алладан. Әлемде табиғат апатынан қаншама адам көз жұмып, қалалар қираса да, бiр орнында бұзылмай тап сол қалпында қалған мешiттер болған. Күнi кеше Қызылағаштағы болып өткен осы жайт әлi есiмiзде. Бүгiнде көптеген елдер табиғи апаттар: жер сiлкiну мен цунамиден зардап шегiп отыр. "Мүмкiн бұл – Алланың күнәһар адамдарға ес жиғызып, тәртiпке салу үшiн тарттырған азабы ма?" деген сұрақ менi мазалайды. Ал қасиеттi Құран Кәрiмде: "Бастарыңа келген бiр ауыртпашылық, қолекi iстегендерiңнiң салдарынан болады" ("Шура" сүресi, 30-аят) делiнген. Демалыс күнi болған зiлзала кезiнде отбасыммен Орталық мешiттi барып паналадық. Аллаға мiнәжат етiп, кешiрiм сұраумен болдық.

Қуандық, студент:

– Мереке жексенбiге сай келген соң, достарымызбен тауға шыққанбыз. Түс мезгiлiне қарай жердiң сiлкiнгенiн сезгендей болдық. Осы оқиға кешкi алтылар шамасында тағы да қайталанған соң, қала сыртындағы ата-анамызға қарай бет алдық. Жай күннiң өзiнде Алматы қаласында көлiк тығынынан жүре алмаймыз. Ал алты баллдық жер сiлкiнiсiнен асса, тиiстi орындар газ бен электр энергиясын автоматты түрде желiден айырады. Мәселен кеше халық үйлерiн тастап қашты. Бұл олардың жер сiлкiнiсiне жеткiлiктi түрде дайын емес екендiгiн көрсеттi. Алдын ала жер сiлкiнiсi жайлы жеткiлiктi түрде хабарланған жоқ. Халық аяқ астынан жер сiлкiнiсiн сездi де, өзара бiр-бiрiнен естiген лақап хабармен дүрлiгiп кеттi. Ең болмаса, бiр рет болса да дауыс зорайтқышымен тұрғын үйлердi аралап, халықты тыныштандыруға шақырса, мұның өзi үлкен көмек болар едi.

ҚҰДАЙСЫЗ ҚУРАЙ ДА СЫНБАЙДЫ

1999 жыл. 17 тамыз. Түркияның Измит қаласында жер сiлкiндi. Рихтер өлшемi бойынша – 9-10 балл. 17 217 адамның өмiрi қиылды. 43 959 адам ауыр жарақат алып, 500 мыңнан астам жан баспанасыз қалды. 120 мың ғимарат қайта жөндеуге жарамай қалған. Апатты аймақ 25 млрд долларға шығындалды. Алайда жер сiлкiнiсiнiң қуаты жергiлiктi мешiт пен медресенi құлата алмаған.

2004 жыл. 26 желтоқсан. Индонезияда цунами Суматра аралындағы елдердiң тас-талқанын шығарды. Бұрын-соңды болмаған iрi апаттан үндi мұхиты маңайындағы мемлекеттер 300 мыңдай адамынан айырылды. Алайда апат ондаған мешiт мұнарасын да майыстыра алмады. Жергiлiктi мешiттiң бас имамы Тиен Као Әлидiң айтуынша, цунамиден қорыққан жүз адам мешiтке тығылып жан сақтап қалыпты. Апаттан аман қалған он мешiттiң бiрi ағаштан жасалыпты. Көз көргендердiң сөзiне қарағанда, тек мешiт қана құламаған. Ал оның айналасы тып-типыл болған.

2010 жыл. 12 наурыз. Алматы облысы Ақсу ауданы Қызылағаш ауылы. Су қоймасы арнасынан тасып, тоғанды шайып кеттi. Долы су үш жарым мың адамы бар ауылды тегiстеп өттi. Соңғы ресми деректер бойынша, апаттан опат болғандар саны 44-ке жеттi. Қызылағаш тауынан құлдилаған алапат тасқын таудың иiнi, құдды қолтық iспеттi қыратқа соғылып, шалқалай қарсы бетке ұрылған. Сөйтiп, қарсы алдында жатқан бейiтке қарай арындаған. Бейiттiң тура түбiне жеткенде, су екiге жарылып жолындағы ауылды жайпап өткен. Зират дiн аман қалған. Ал ауылдың қақ ортасында мешiт қасқайып тұр. Айналасындағы үйлер қираған. Көз көргендердiң айтуынша, мешiттегi Құран титiмдей де бүлiнбеген.

Алла бетiн ары қылсын, жаман айтпай жақсы жоқ, зiлзалаға дайындық жұмысын неден бастауымыз керек? Апаттан кiм не түйдi? Осындай сұрақтар төңiрегiнде мамандардың пiкiрiн бiлген едiк.

Абдулазиз АБДУЛЛАЕВ, Алматыдағы Сейсмология институтының меңгерушiсi, геология-минералды ғылымдар докторы, Төтенше жағдайлар қызметi мекемеаралық комиссиясының мүшесi:

ЖАПОНИЯ ҮЛГI БОЛУЫ ТИIС

Жексенбi күнгi жер сiлкiнiстерi елiмiздiң қауiптi қатерге алдын ала дайын емес екендiгiн көрсеттi. Бiрнеше рет қайталанған зiлзала қала тұрғындарының үрейiн тудырғанына куә болдық. Ал қала басшылығының тым кеш әрекет етуi ол үрейдi өршiте түскендей. Бүгiнгi таңда халық дер кезiнде мұндай жер дүмпулерi жайында немесе төтенше жағдайлар туралы толық ақпараттан хабарсыз болғаны себептi, қандай әрекет жасау керек екенiн бiлмей дал болады. Сонымен қатар, Алматы қаласы тұрғындары үлкен үйлердiң жоғары дәрежедегi жер сiлкiнiстерiне төзе алмайтыны жайында бiле бермейдi. Түрлi бағытта жер апаттарын бақылап, болжап, қауiпсiздiк шараларын ұйымдастырып отыратын орталықтар да жоқ. Алғашқы жер сiлкiнiсi болған аумақта болжам жасаудың өзi қиын. Өйткенi ол жерлерде сейсмикалық станса былай тұрсын, ешқандай геофизикалық, геохимиялық, гидрогеологиялық бақылау бекетi жоқ. Дегенмен қазiр ғалымдар сiлкiнiс ошағын зерттеуде. Белсендiлiк азайып, афтершоктар сөне бастады. Дүмпулердiң тереңдiгi бiртiндеп жердiң үстiне көтерiлуде. Дегенмен болжау стансалары қатердiң алдын алу (сейсмотұрақты құрылыс және мүлiктi сақтандыру), сондай-ақ тез арада шешiм қабылдай отырып, қауiпсiздiк қызметкерлерi мен ғылым, қоғам және сейсмологияға байланысты ведомстволардың арасында тығыз байланыс орнату басты нысанаға алатын мiндет болып отыр. Мәселен кiшкентай ғана Жапония елiнде бес мыңнан астам сейсмостансалар бар, ал елiмiзде олардың саны – 56. Сондай-ақ аталмыш мемлекетте жер сiлкiнiсiн қабылдап, оны сейiлтетiн ғимараттар салынған. Ал сейсмикалық зерттеу орталықтары бұл елдiң әр қаласында бар десе болады. Ол жерде апат кезiнде қалай қимылдау керек екенiн үйретедi. Халық арасында түсiндiру курстары өтiп тұрады. Жер сiлкiнiсi жиi болып тұрған соң арал халқы да соған бейiмделген. Жалпы, бiзге бұл халықтың сейсмикалық қауiпке көзқарасы, сейсмикалық төзiмдi құрылыс жасау бағыты үлгi болуы тиiс. Қазiргi кезде қаламыздың сыртында орналасқан мониторинг орталықтары ескiрiп қалған. Сейсмо болжауды анықтайтын орталықтарды салу және оны қаржыландырып тұру мемлекет тарапынан қамтамасыз етiлуi шарт. Бақылау стансаларын салып, жаңа технологиямен қамтамасыз ету мол қаражатты талап етедi.

Жұмаш ЕЛЕМЕСОВ, Қазақ ұлттық аграрлық университетiнiң "Агрохимия және топырақтану" кафедрасының доцентi:

ЗIЛЗАЛАҒА КИIЗ ҮЙ ТӨЗIМДI

Кез-келген жердiң қозғалысын анықтау үшiн – жердiң астындағы қабаттардың қалыңдығын бiлу шарт. Елiмiзде жер асты құрылғыларын орнату iстерi қолға алынбай отыр. Алматы таулы аймақ болған соң жерге 8-10 шақырымға дейiн құрылғылар орнату керек. Шетелден инвестиция тартып, ол жақтың құрылысшыларының келуi, сондай-ақ жобалау инженерлерi бiзбен жұмыс iстеуi үшiн жаңа карта жасалуы қажет. Бiздегi карталар кеңестiк әдiс-тәсiлмен жасалған. Бiрақ ол карта қазiргi құрылыс жұмыстарының қоятын талабына жарамайды. Бұл кезек күттiрмейтiн стратегиялық маңызы зор iс. Әр облысқа жеке карталар қажет.

Өлiм және жер сiлкiнiсi кезiндегi алған жарақаттардың себебi – жер асты дүмпуi емес. Өлiмдердiң көбi ғимараттардың қирауы, сынықтар мен пеш мұржаның және көшедегi жарықтандыру бағананың сынықтары және т.б. сияқты заттардың құлауы нәтижесiнде пайда болады. Ғимараттарды 9 баллдық жер сiлкiнiсiне лайықтап салу керек. Жердiң толқынына қарсы тұруға киiз үй төзiмдi. Сондай-ақ жастарды осы ғылымға тарту керек. Өкiнiшке қарай, олар бұл салада жалақы аз болғандықтан, келе бермейдi.

Ернат ӘБДIРАҚОВ, Алматы қаласындағы "Фатима" мешiтiнiң наиб имамы:

АУЫРМАЙТЫН БАСТЫҢ АЛЛАМЕН IСI ЖОҚ

Халықтың көпшiлiгi бiрiншi мамыр күнi түнгi сағат он екiге дейiн сыртта жүргенiн көргенде таң қалдым. Әрине, "жер сiлкiнiсi 8-9 балл болады" деген жалған хабарды естiген жұрттың дүрлiгерi жәй нәрсе емес. Десек те кейбiр кiсiлер отбасымен мешiттi паналап, Аллаға дұға тiлеумен болды. "Ауырмайтын бастың Алламен iсi жоқ" демекшi, жай күндерде мешiтке қадам баспайтын кейбiр бауырларымыздың апат алдында Алланы еске алуы ерсiлеу көрiндi. Оған да шүкiр деймiз. Бұл да – бiр Алланың ескертуi. Құранның "Юныс" сүресiнде Алла Тағала бiзден бұрынғы дәуiрдегiлердiң зұлымдық қылғандықтары және пайғамбарлары келтiрген ашық дәлелдерге иман келтiрмегендiктерi үшiн жоқ етiлгенiн, яғни оларға түрлi апат келгенiн айтады. Осылайша күнәһар қауымға жаза берiлетiнi баяндалады. Осы сүренiң 44-аятында: "Расында Алла адамдарға еш зұлымдық қылмайды. Бiрақ адамдар өздерiне-өздерi зұлымдық қылады", – делiнген.

Нұх пайғамбардың кезiнде бүкiл бiр қауымның топан су астында қалғанын жақсы бiлесiздер. Ал Ад қауымына келген жетi түн, сегiз күн соққан жойқын жел оларды жермен жексен еттi. Сондай-ақ, Самуд халқының ащы дауыстан кеуделерiндегi жүректерi тоқтап, Лұт елiн перiштелер жоғары аспанға көтерiп, кейiн аударып жермен жексен еткен. Мен мұны сiздердi қорқыту үшiн айтып отырған жоқпын. Еске салу, тәубеге келу үшiн айтып отырмын. Әрине, өмiр – өткiншi. Мысалға алып қарайтын болсақ, қаншама адамдар дүние жинаса да, жер сiлкiнiсi болған күнi оның түк пайда бермейтiнiн көрдi. Күнәлардың келтiретiн кесапат-қасiреттерi осымен шектелiп қалмайды. Күнә пенденiң жеке басына да, жанұясына да, өмiр сүрiп жатқан ортасына да, iшкi-сыртқы дүниесiне де көптеген зардаптарын тигiзетiнi сөзсiз. Күнә – адамның көз алдын тұмандатып, жүрегiн бекiтетiн зұлмат, қараңғылық. Осыны ұмытпайық.

Гүлжан СЫДЫҚОВА

Серіктес жаңалықтары