АЛАШ YНДI АЗАМАТ ТУРАЛЫ АЗ СӨЗ

АЛАШ YНДI АЗАМАТ ТУРАЛЫ АЗ СӨЗ

АЛАШ YНДI АЗАМАТ ТУРАЛЫ АЗ СӨЗ
ашық дереккөзі
377

Хасен Өралтайды еске алу

Әр адам өзiнiң кiмге қандай сүйкiмi бар екенiн бiледi. Оның iшiнде ағайынды алыстан шалатын шырмауығы мен шырматуы бар, "қарға тамырлы" қазақтың бiр бармағы басулы, бiр күрмеуi iшiнде жүредi. Танысуымыз ұзақ, табысуымыз тез болған Қалибек хакiмнiң ұлы Хасен Өралтай – мен үшiн сондай әрi алыс, әрi етене тұлға болды. Мүмкiн кiндiгi ежелден байласып, тағдырдың бiр жiбiнiң ұшығы күрмелiп жатқандықтан да ата-бабамыздың аңсары тоғысқан сарынның жаңғырығы болар, бiрден төс түйiстiрiп, алғашқы екi ауыз сөз алмасқаннан кейiн, әзiлiмiз жарасып, ымымыз ортақтасып кеттi. Жалпы олардың бостандық iздеп, Аланай мен Бұланай асқан көшiнiң тағдырын ес бiлгелi естiп өскендiктен де, аңғарым бар болғанымен, "Азаттық" радиосы арқылы естiлген дауысы мен астарсыз сөзi қайым ойдың қайымын қайырып, тегi жақын, естiлуi таңсық "Азаттық" деген аңсарлы жүлгеге жөргеп жiберетiн. Оның бүркiттiң шаңқылындай таза дауысын алпыс тоғызыншы жылдың қарашасында көз байланған кезде Рымғали Нұрғалиұлының кiшкене ғана үнтартқышынан естiсем керек. Алаш үндi азаматтың алғашқы дауысы маған осылай жеттi.

Тұрақты тыңдаушы болдым дей алмаймын, алайда зиялылардың өзара пiкiр алмасуынан, сексенiншi жылдары Ғалым Ахмедов дегдардың айтуымен, "Азаттықтың" әр түрлi хабарлары мен пiкiрлерiн естiп қалып жүрдiм. Чернобыль мен Желтоқсан оқиғасы туралы алғашқы шындықтан да сол дегдар арқылы құлағдар болып едiм. Араға сегiз-тоғыз жыл салғанда Шығыс Түркiстанның тағдырына етене қанығып, сол майданда болған Жағда Бабалықұлы, Балқаш Бафин, Бұқара Тышқанбаев, Қалдыбай Қанафин, Әнуарбек Төгiсов, Ахметқали Бiтiмбаев, Сейiт Итмемiров сияқты майдан офицерлерiнiң әңгiмесiн тыңдап, Аланай мен Бұланай асқан Қалибек хакiм мен Құсайын тәйжiнiң, Тәкiманның көшi, Оспан көтерiлiсi туралы бiр пара мәлiметтерден тәп-тәуiр мағлұматым болды. Жетпiсiншi жылдың аяғынан сексенiншi жылдардың ортасына дейiн Балхаш Бафиннiң Қалибек хакiммен, Қамза Ұшармен жазысқан хаттарын оқып, Түркиядағы көшкен елдiң тағдырынан хабардар болдым. Хасен ағамыздың жөнiн де бiлдiк.

Кейiн Еуропаның әр қаласында Өралтаймен кездесiп, пiкiр алысқан адамдардың мiнездеме беруiнше, сымбатты, сырбаз, аңғарлы, сергек және өжет, нағыз күрескер әскери полковниктiң кейпiнде көз алдыма елес бердi. Желтоқсан оқиғасы мен Алаш туралы еңбектерi жарияланды. Оның өзi келдi, жұрт барды, Қабдеш Жұмәдiлұлымен, Мұхтар Мағауинмен, Рымғали Нұрғалиұлымен етене араласты, тiптi бiздiң қатарластарымыз қарға тамырланып та кеттi. Бiрақ бетпе-бет танысудың орайы келмедi. Мен ол кiсiмен оңаша, еш куәсiз және ашық сөйлескiм келдi. Неге екенiн бiлмеймiн, әйтеуiр түркиялық қандастарымызбен етене танысудың, не араласудың орайы келмедi. Құрылтайлардың тұсында да ол кiсiлермен алыстан сыйластық. Тек Мысырдан қайтар жолда Станбұлдағы Бұхарбай атты елшi азаматтың ырқыменен Мансұр тәйжiнiң шаңырағынан дәм татып шыққанымыз бар.

Содан Абайдың жүз елу жылдық тойынан қайтып бара жатқанда Күшiкбайдың бұлағының басында ат шалдырып, сусап тұрғанда Рымғали Нұрғалиұлы таныстырды. Костюмiн желбегей жамылған, кеудесiн кере ұстаған, бәрiмiздiң төбемiзден қарап тұрғандай боп өзiн паң ұстады. Рымғали ағаның еркiнсiген сөзi әсер еттi ме, жоқ екеумiз екi түрлi көңiл-күйде тұрғандықтан ба, бiр-бiрiмiздiң атымызды бiлетiнiмiздi ғана айтып, сыпайы бұрылып кеттiк. Сөз тоқтасатын жер емес, тойдың екпiнi де мойын бұрғызбайды. Дегенмен бiр сөйлессем деген тiлек бұрынғыдан гөрi беки түстi.

Жылдар өттi. Астанаға ауыстық. Хасен ағаның мiнезi мен жүрiс-тұрысы, еңбегi, Iзмiрдегi саяжайы, көзi тiрiсiнде өзiнiң қабiрiнiң орнын дайындап қойғаны, қымыз ұстаған, киiз үй тiккен түркиялық қандастар туралы Рымғали аға сүйсiне баяндап жүрдi. Хасен аға да Астанаға бiрнеше рет ат басын тiредi. "Елiм-айлап өткен өмiр" де қолға тидi, Рымғали аға оның Мюнхендегi архивiн Ұлттық академиялық кiтапхананың қорына әкеп өткiздi. Сонда да жолымыз тоғыспады. Содан, ұмытпасам, осыдан үш жыл бұрын Астана қалалық тiл департаментiнiң бастығы Оразгүл бегiм "Хабар" телеарнасында Хасен Өралтаймен бiрге пiкiр алмасуға шақырды. Студияға кiрiп келе жатқан өр тұлғасы есiмде, ағамыз алғаш көрiнгендей екпiндi емес, өжет емес, басылып қалғандай. Сөйтсем, инфаркт алып, сақтанып жүрген кезi екен. Ендi шегiнетiн де, тосаңситын да жер жоқ, сәлемнен бастап, жөн сұрасқанға жетер-жетпестен, нағашылы-жиендi болдық та шықтық. Үш-төрт қайырымнан соң астарлай табысып, шым-шым шымшысып, жұмсақ та биязы әзiлге көштiк. Маған сол тұста ол сондай бiр нәзiк мiнезiмен көрiндi. Жан жылуы сыртына шығып тұрғандай әсер бердi. Мен: "Қазiр тiкелей эфирден өзiңiздiң арманыңызды ашық айтыңыз", – дедiм. Ол: "Мен шетелдiң азаматы болғандықтан да, iшкi мәселе туралы пiкiр бiлдiргенiм сыпайылыққа жатпас. Бiрақ қазақ тiлi мәселесi алаңдатады … Тәуелсiздiктi көрдiм, ендi "made in kazaнhstan" деген өнiмдi көрсем, арманым жоқ", – дедi әдеппен.

Сөйтiп, екеумiз студиядан қолтықтасып шығып, дәлiзде жарты сағаттан астам оңаша сөйлестiк. Арамызда ешқандай дық, түсiнiксiздiк мәселе қалмасын деп келiсiп алдық та, ұзақ жылғы жинақталған сауалдарымызды тез қойдық, ол да қысқа әрi түсiнiктi, шын жауапты бердi. Сенiскен адамдардың арасында ғана айтылатын бiр-екi мәселе жөнiнде өзiнiң де қатысын бiлдiрiп кеттi. Ол жауаптарға мен сендiм. Әрине, арасында "шымшыласып" отырдық. Мен Балқаш Бафиннiң толық жинағын құрастырып шығарғанымды, соның iшiне ол кiсiнiң Қалибек хакiммен, Қамза Ұшармен алысқан хаттарын жариялағанымды айтып ем, қуанып кеттi. Жинақты Алматыдан, Балқаш ағаның жамағаты Никар апайдан алатынын бiлдiрдiм. Кейiн Әбубәшәр жеткiзiп бердi. Сонда әкесiнiң туғанына жүз жыл толуына орай Алматыда конференция өткiзiп, жинақ шығару туралы мәдениет министрi Мұхтар Құлмұхамедпен келiскенiн, Шығыс Түркiстандағы ұлт азаттық қозғалысы туралы үш том құрастырып жатқанымды бiлiп, соған орай арнайы бiр басбаяндама дайындауымды өтiндi. Соңын ала: "Атыңды оқып, затыңды естiп жүрушi едiм. Өзiң бiр ашық пiкiрлi, ертерек танысатын жiгiт екенсiң. Жаманнан да жақсы туады екен-ау", – дедi. Мен: "Сонау Iзмiр мен Алтайгөйге сүйретiп тастамай жүрген киiз үй де ағашына тартады емес пе. Сүзiлiп барып бiр шыбықтың шыққан жерiн қарамайсыз ба?", – дедiм. Бұл сөздердiң әдiбiн жазбай-ақ қояйын, әйтеуiр аяқ астынан нағашылы-жиендi болдық та қалдық.

Кетер-кеткенше, қайда болса да, қай үйде отырса да, "шайтанқұлақпен" хабарласып, бiр-екi шымшып үлгередi. Кейде жауап берiп үлгерем, кейде үлгере алмай қаламын. Бiрақ бiр-екi сағаттан кейiн тағы хабарласатынын бiлiп, "сыбағасын дайындап" қоямын. Ертiп жүргендер: "Хасекеңнiң мұндай құрдасы жоқ сияқты едi. Кiм екен?", – десiп Әбубәшәр сияқты iнiсiнен сұрайды. Ол кезде бауырымызбен бауыр баса қоймаған кез, менi қайдан бiлсiн… Қаржаубай Сартқожаұлы Хасекеңдi Қояндыдағы қалың керейге алып барып, ондағы бесiктегi кезiнде айттырып, ес бiлер-бiлместен көз жазып кеткен қалыңдығына жолықтырғанын, екеуiнiң дәстүр бойынша көрiскенiн бiлген соң, тiлiм қышып кетiп, "шайтанқұлақтан": "Қалыңмалыңызға не қосайын?", – дедiм. Сонда босаңсып кетiп: "Тағдыр ғой, тағдыр. Әкемнiң бiр аманат өмiрi сияқты едi. Дәстүр бойынша әке-шешеме жоқтау айтты… Тағдыр ғой…", – деген босаңсыған дауысы әлi құлағымда. Екеумiздiң әзiлсiз қайырған бiр сөзiмiз осы болды-ау деймiн.

Содан бастап ол кiсi Түркиядан, Мюнхеннен он-он бес күнде бiр "шайтанқұлақ" соғып тұрады. Екi-үш ауыз сөзден кейiн: "Жә, бiр керейсiтiп тастадың ғой. Аман бол. Сенiң шығының шықпасын, өзiм хабарласып тұрамын", – деп байланысты үзедi. Хабарласудың да сырын бiлiп, бiр рет өзiм хабарласып, таң қалдырғаным бар. Сол жиi соғылған "шайтанқұлақтың" денi жоғарыда айтылған Қалибек хакiмнiң туғанына жүз жыл толуына орай өтетiн конференция мен жинақтың төңiрегiнде болды. Тендер деген сол жылдары кешiгiп шығатын едi де, әлгi жинақтың жоспарға енуi созылып кеттi. Соның жай-жапсарын ашық түсiндiргенiмде, жағасын ұстағандай боп таңдана сөйлейтiн.

Ақыры iс жыл аяғына қарай сәтiмен бiтiп, Алматыда ғылыми конференция ұйымдастырылды. Ұйымдастырушыларға да, өзiме де конференцияға қатысуымды қатты қадағалап тапсырды. Конференция салтанатты, салиқалы, мазмұнды өттi. Құран-хатымға, мәжiлiске жиналған адамдардың саны өте көп болды. Қазақстанның, Түркияның, Қытайдың, Моңғолияның, Германияның қазақтары басын қосқан алқалы алғасу деңгейiнде өттi. Сол жолы түркиялық қазақтармен де, Хасен ағамыздың үйiндегi Хадиша жеңгемiзбен, Ғалия апаймен, Әбуақап Қарамен, Мариям Қырымлымен, Шүкiрәлимен, Әбубәшәрмен және өзге туыстарымен де, жеңге, келiндерiмен жақындау таныстым. Бұл ендi, емiн-еркiн алғасу, құшаққа тарту, бауырға басу, идiрiп-тартып әзiлдесу, ыммен де емеурiн араласқан жарасты күндер болды.

Хасекеңнiң бiр өжет мiнезi сол конференцияда көрiндi. Нәбижан жүргiзiп отырды. Мәмбет Қойгелдi жақсы баяндама жасады. Қабдеш ағамыз бен Мұхтар Шаханов сөйледi. Министрдiң құттықтауы оқылды. Содан кейiн әлдебiр әншi әлдебiр жаққа асығыс ұшып бара жатқандықтан да, конференцияны қысқартып, концертке орын берiлетiн болды. Әлгi асығыс әншi "Атамекенiн" айтып болған соң Хасекең сахнаға шықты да: "Бұл – ғылыми конференция, концерт тыңдауға емес, жұрт пiкiр тыңдауға жиналды. Сондықтан асыққан әншiлер кете берсiн, бiрiншi ана Тұрсынға сөз берiңдер. Астанадан сол үшiн келдi…", – дедi. Жұрт та қолдап, күн тәртiбiн тақырыпқа бейiмдедi. Бiзде кейде осындай еркiнсу мен еркелiктердiң жөнсiздiкке бастайтыны да бар. Мен "Алаш идеясы және Шығыс Түркiстан ұлт азаттық қозғалысы" деген тақырыпта баяндама жасадым, кейiн оны жоғарыда аталған үш томдықтың алғысөзi ретiнде жарияладым. Ондағы айтылған пiкiрге, көтерiлген мәселеге көңiлi толып, арқамнан қақты. Бұл ендi бiлген адамға тәп-тәуiр баға.

Конференциядан кейiн Мәдениет министрлiгiнiң Хасекең мен туыстарына арналған дастарханы бар екен. Әлдебiр жақындығымызды байқап қалған Мәдениет министрлiгi мен "Қазақ тiлi" қоғамының жiгiттерi сол кештi жүргiзiп берудi тапсырды. Сол мәзiрдi бейне бiр мен ұйымдастырғандай, Хасекең мәз боп қалды. Жоғарыда аттары аталған, аталмаған түркиялық апа-жеңгелермен сонда етене таныстым. Бәрi де еркiн әрi әдептi мiнез көрсеттi. Қазақы инабат, мұсылмандық ибаны сонда анық байқадым. Хасекең өзi қатарлас достарымен еуропалық дәстүрде еркiн отырды. Сол кеште "әкелерi дос болған" Балқаш ағаның жамағаты Никар бегiм сөйлеп, көп өмiрдiң көмескi беттерi ашылатындай болғасын, Хасен аға: "Бiз ағаның үйiне мiндеттi түрде Құран бағыштап шығамыз", – дедi. Бұл ендi бiзге де бiр жүктеулi мiндет, құрметтей көрiнiп, уағдамен той тарқады.

Никар бегiмнiң дастарханы басында Хасен аға Башпай, Қалибек, Тәкiман, Оспан туралы көп әңгiме айтып, Балхаш аға Башбайдың хатын Құлжа қаласындағы Әлихан төреге әкелген жолғы әңгiменiң iшiнде Қалибек хакiмнiң де болғанын, сондағы уағдаластықтың соңы бостандық iздеген азаттық көшiне ұласқанын бәрiмiзге түсiндiрiп бердi: "Сондықтан да бұл үй Қалибек хакiмнiң де үйi, ата дастарханымыз. Сыйласып өтiңдер", – деп Ғалия апай бастаған туыстарына аманат еткендей болды. Бұл жолы Хасен ағамен кәдiмгi бауыр ретiнде сөйлескiм келiп әзiлден қашқақтай берiп ем: "Ей, қабырғалай салып қайқайып барасың ғой. Мұныңды қой. Бұрын да әзiлдi көп естiгемiз жоқ, оған мүмкiндiк болмады, ендi ескi сөздер есiме түсе бастағанда, қайқаңды қой. Ендi қашанғы сол сөздi естимiз", – дедi. "Е, керей жапырақ, әлем тапырақты" сағынып қалған екенсiз ғой", – деп үйреншiктi жорғамызға бастық. Үй-iшiмiз де араласып, менiң Назым атты қызымды кәдiмгiдей бауырына тартып, хабарласқан сайын атын атап, сәлем айтып жатады: "Екеумiз бiр апталап, ай жатып оңаша әңгiмелесуiмiз керек екен. Мен сенi өзiм шақырамын. Түркияны да, Мюнхендi де аралаймыз. Iзмiрде саяжайым бар, өзiм хабарласамын", – дедi қоштасарда.

Тағдыр содан кейiн көрiсудi жазбады. Бiрақ айтқан уәдесiнде тұрып, Түркияға шақыртып, өзi күнiне үш рет хабарласып: "Әй, батыр… Мен шын ауырып қалдым. Дәрiгер рұқсат етпедi. Сенi күту үшiн сонау Салихлыдан бауырыңды алдырдым. Еркiн арала. Мұндай мүмкiндiк қайтып бола бермес. Саған уәдемдi орындап қалайын деп асықтым. Алдағы күннiң нәсiбi бiр Алладан", – дедi. Шындығында да бұл бiр ғажайып сапар болды. Оны осы Түркiстанда" жарияланған "Жолы болған жолаушы" атты күнделiгiмде барынша қанық әрi өзiнiң тiрi кезiндегi лебi сақталғандықтан да, қайталап жатудың қажетi бола қоймас.

Мiне, осындай қимас сезiмдерге құрылған бауыр басқан бауырластығымыз ұзаққа созылмады. Екi-үш рет "шайтанқұлақ" арқылы сөйлесiп, жарияланған күнделiктерiмдi Әбуақап пен Мариям арқылы жiберiп, мәз болып жүргенде Мариям Хасен ағаның ауырлап жатқанын айтты. Ғалия апай да Мюнхенге кетiптi. Екi-үш рет шайтанқұлақпен хабарластым, бiрақ, тiлiмiз әртүрлi шыққандықтан, Хасекеңнiң өзiмен сөйлесудiң ретi келмедi. Бiр күнi Мариям Қырымлыдан "Хасен ағай дүниеден өттi" – деген суыт хабар жеттi. Салихлыға денесiн әкелген күнi телефон арқылы барлық туысқандарына көңiл айттым. Сөзiм кiмге жеттi, кiмге жетпедi, бiлмеймiн.

Асыл аға, Хасен аға, қазақтың туын желбiреткен жалаңтөс жiгiт, алмас қылыш сияқты өткiр азамат едi. Ол туралы Р.Нұрғалидiң шәкiртi Қ.Байтанаева докторлық диссертация жазып бiтiрдi. Барлық қызметi сонда айтылғандықтан да, пенде ретiндегi бiр қырына тоқталдым. Үлкен әңгiме алда. Мiне, Рымғали аға екеуiнiң бiрiнiң дүниеден өткенiн екiншiсi бiлмей, қатарласа бақиға аттанғанына да жыл толмақ. Осы шағын сөз Хасекеңнiң қабiрiне салған бiр уыс топырағым болсын. Алла жазса, Салихлыға қалайда бiр соғып, үлкен парызымды сонда орындармын деп ойлаймын.

Сөз соңында, дүниеден өткенiне жыл толып қалған асыл азамат туралы Түркиядағы Қазақстан елшiлiгi мен М.Қырымлы, Ә.Қара сияқты зиялы қауымның, ағайындарының ұйымдастыруымен халықаралық конференция өткiзу жоспарланып отырғандығын, оның азаматтық, қайраткерлiк тұлғасы сонда кеңiнен сөз болатындығын қаперге iле отырып, қадари қауымға ескерте кетудi жөн көрдiм.

Тұрсын ЖҰРТБАЙ

Серіктес жаңалықтары