САҚТАНҒАНДЫ САҚТАЙДЫ

САҚТАНҒАНДЫ САҚТАЙДЫ

САҚТАНҒАНДЫ САҚТАЙДЫ
ашық дереккөзі

Атам Қазақта "Бiр Жаратушымыз "Сақтансаң, сақтаймын" деп айтыпты" деген сөз бар. Сол рас. Бұл еңбектi қорғау заңдарына да тiкелей қатысты. Өйткенi заңдардың басты мақсаты – адам өмiрi мен денсаулығын жазатайым оқиғалардан сақтандыру ғой.

Облысымыздың бас мемлекеттiк еңбек инспекторы Нәсiпқали Иманғалиұлы – өзiнiң күнделiктi жұмысында 2007 жылы 15 мамырда қабылданып, күшiне енген Қазақстан Республикасының "Еңбек кодексiн" үнемi басшылыққа алып отыратын жандардың бiрi.

Н. Иманғалиұлының айтуынша, кейбiр басшылар оқыс жағдаяттардың алдын алуға жүрдiм-бардым қарайды. Мәселен жұмыс орнында еңбектi қауiп-қатерден қорғау заңдылықтарына сәйкес, мiндеттi түрде жұмысшы-қызметкерлер арнайы нұсқаулықпен оқып-танысып, соның ұдайы жүзеге асырылуын қадағалап отыруы тиiс. Сондай-ақ жұмыс орындары мен оның жағдайлары бес жыл сайын арнаулы аттестациядан өтiп тұруы керек. Ал басшылар мен еңбек қауiпсiздiгi үшiн жауап беретiн басқа да мамандар үш жыл сайын қайтадан оқу даярлығынан өтуi тиiс. Жазатайым оқиға болған кәсiпорын немесе мекеме жылына екi рет iшкi тексерiстен өткiзiлiп, оның нәтижесi жауапты адамдарға жария етiлуi қажет. Тексерiстiң тек үстiрт жүргiзiлмей, емтихан ретiнде өткенi тиiмдi.

Мәселенiң екiншi ұшы барып сол қауiптi жұмыс орындарына тiреледi. Мәселен ағаш немесе темiр өңдеу цехтарында адамдардың жұмыс iстеп тұрған тетiктерге қолын салып алу, мүгедектiкке ұшырау жағдайлары бар. Қаза табу да жоқ емес. Мұның себептерi неде? Бiрiншiден, жұмыс орнында қорғаныш (спецзащита) аспаптары болуы қажет. Екiншiден, арнаулы киiмдер мен құралдар керек. Мәселен ағаш жону мен темiр өңдеуде көзге жаңқа немесе металл ұшқыны түспеу үшiн арнайы көзiлдiрiк кию мiндеттi. Жұмысшы-қызметкердiң басында каска болуы да қажет. Айтыла-айтыла жауыр болған мәселе десек те, осы қарапайым талаптар үнемi назардан тыс қалады. Нәтижесiнде жазатайым оқиғаға жол ашылады. Былтыр облыс бойынша 14 адамның күтпеген жағдайға ұшырауы соның айғағы.

– Менiң пайымдауымша, – дейдi әрi қарай Нәсiпқали Иманғалиұлы, –сол ұжымның байырғы жұмысшылары 15-20 адамнан аспайды. Қалғандары құрылыс маусымына байланысты уақытша келiсiмшартқа отырған жалдамалылар. Яғни кездейсоқ адамдармен келiсiмшартқа отыру кезiнде еңбек қауiпсiздiгiне орай нұсқаулықтан өткiзу, қатерлi жағдайлардан сақтандыру ережелерi ескерiлмей жатады. Нәтижесi жоғарыдағыдай. Түрлi табиғи құбылыс жағдайларын ескермей, адамдарды жұмысқа жегу де қатерлi. Соның салдарынан "Гидромаш Орион" кәсiпорнында қатты желден бiр құрылысшы плитаға соғылып, өмiрден озды. Айта берсе мұндай жағдайлар жеткiлiктi.

Бас еңбек инспекторының дерегiне қарасақ, биыл да оқыс оқиғалар азаяр емес. Үш айдың iшiнде 17 оқиға тексеруден өттi. Оның iшiнде биiктен құлаған адам да, жұмыс кезiнде жүрегi ұстап, өмiрден кеткенi де, басқалары да бар. Әсiресе КПО б.в. қарасты нысанда түнгi ауысым кезiндегi жөндеу жұмысында қаза тапқан, 1986 жылы туылған Серiк Iлиясовтiң тосын өлiмi мейлiнше қайғылы. Бұл да технологиялық желiлердiң жұмыс iстемеуi, қауiпсiздiк шараларының ескерiлмеуiнен және түнгi жұмысқа әкiмшiлiк тарапынан бақылау мен қадағалаудың болмауынан туындаған.

– Әрине, пәленiң бәрiн бiрдей үнемi басшылыққа жаба беруге болмайды, – дейдi Нәсiпқали Иманғалиұлы, – Өмiрiне немесе денсаулығына қатерлi жерде жұмыс iстейтiн жандар (құрылысшылар, электриктер, токарьлар, т.б.) қашанда еңбек қауiпсiздiгi жөнiндегi нұсқаулықта белгiленген ережелер мен шарттарды жүзеге асырып отыруы қажет. Салдыр-салақтық, айтқанды тыңдамау, жұмыс орнында спирттi iшiмдiктердi пайдалану және өзге де өрескел қылықтар тек қайғы-қасiрет пен ажал әкеледi. Мысалы, жол-көлiк оқиғаларының басым көпшiлiгiне, жүргiзушiлер кiнәлi. Егер жүргiзушi тәжiрибелi және өте сақ адам болса, кез келген ауа райының "құйтырқы" мiнезiнен аман-есен құтыла алады. Бiрақ басты жауапкершiлiктiң мекеме-кәсiпорын басшылары мен жұмыс орнындағы әр адамның өз мойнында екенiн әрдайым естен шығармайық, ағайын!

Серiк ЫҚСАНҒАЛИ