"ҚЫЗМЕТКЕРI СЫБАЙЛАСТЫҚҚА ҰРЫНСА, БАСШЫСЫ ОРНЫНАН КЕТЕДI"

"ҚЫЗМЕТКЕРI СЫБАЙЛАСТЫҚҚА ҰРЫНСА, БАСШЫСЫ ОРНЫНАН КЕТЕДI"

"ҚЫЗМЕТКЕРI СЫБАЙЛАСТЫҚҚА ҰРЫНСА, БАСШЫСЫ ОРНЫНАН КЕТЕДI"
ашық дереккөзі
184

Елбасының сөзiнен кейiн шымкенттiк шенеунiктер осындай тоқтамға келдi

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 17 сәуiр күнi Үкiметтiң кеңейтiлген мәжiлiсiнде облыс әкiмдерiне бiрқатар тапсырмалар бергенi мәлiм. Экономика мен өндiрiстi өркендетiп, халықтың әлеуметтiк жағдайын жақсартуды мақсат еткен осы тапсырмаларды орындау үшiн Оңтүстiк Қазақстан облысының әкiмдiгi жоспар түзiп, оны iске асырудың нақты тетiктерiн айқындап алды. Жоспар 18 бағыттан тұрады.

Жуырда облыс әкiмдiгiнде өткен жиында облыс әкiмi Асқар Мырзахметов әкiмдерге, мемлекеттiк органдардың басшыларына жоспардың мүлтiксiз орындалуы қажеттiгiн ескерттi.

Облыста 2016 жылға қарай жалпы iшкi өнiм жан басына шаққанда кемiнде 15 мың АҚШ долларына жетуi тиiс. Бұл үшiн экономика жыл сайын 7 пайыздық өсiммен дамып отыруы қажет. Ол үшiн биыл облыстағы өнеркәсiп өнiмiнiң көлемi 350 миллиард теңгеге (109,6 пайыз), шикiзаттық емес сектордағы өндiрiлген өнiмдi 8 пайызға арттыру, ауыл шаруашылығы өнiмiнiң көлемiн 198 миллиард теңгеге (107 пайыз), тауар айналымын – 362 миллиард теңгеге (112,6 пайыз), көлiк қызметiн – 7 пайызға, құрылыс жұмыстарын 3 пайызға арттыру керек.

Өңiрдегi өндiрiстiк және арнайы экономикалық аймақтарға шетел инвестициясын тарту аталған жоспардың екiншi бағыты болып белгiлендi. "Бизнестiң жол картасы – 2020" бағдарламасы бойынша биыл кемiнде 20 жобаны жүзеге асыру, ал шикiзаттық емес секторға 94 миллиард теңге көлемiнде жергiлiктi және шетел инвестицияларын тарту көзделiп отыр.

Үшiншi бағыт – инновацияны енгiзу. Былтыр облыстағы инновациялық белсендi кәсiпорындардың үлесi 2,3 пайызды құраса, биыл оны 2,7 пайызға жеткiзу жоспарланды. Ол үшiн "Максимум" АИО" ЖШС және "Ұлттық инновациялық қор" АҚ қатысуымен венчурлық қор құру және инновациялық жобаларды жүзеге асыру және облыстық ауруханаларда жоғары технологиялық инновацияларды енгiзу мiндетi тұр.

– Оңтүстiк Арнайы экономикалық аймағында жаңа инвестиция тарту және жоғары тиiмдi технологияларды ендiру мақсатында қызмет түрлерiн ұлғайту және оның дамуына кедергi жасайтын факторларды жою, яғни бұрынғы салықтық жеңiлдiктердi қайта қалпына келтiру бойынша жұмыстар жүргiзу керек, – дедi жиында баяндама жасаған облыстық экономика және бюджеттiк жоспарлау басқармасының бастығы Ербол Садыр.

Елбасы өткен жиында кәсiпкерлiктiң дамуына тосқауыл жасайтын әкiмшiлiк кедергiлердi жоюды атап өткен болатын. Осыған орай Оңтүстiкте кәсiпкерлiкпен айналысу үшiн лицензия және рұқсат беру құжаттарының санын 30 пайызға кемiту, iскер азаматтардың бастамаларына толықтай еркiндiк беру көзделiп отыр. Ауыл шаруашылығы жерлерiне де баса назар аударылуда. Жер заңдылықтарын бұзған 2850 агроқұрылымның пайдалануындағы 61892 гектар жердi мемлекетке қайтару және облыс бойынша кәсiпкерлiк, тұрғын үй салу үшiн берiлгенiмен пайдаланылмай жатқан жер иелерiне ескертпелер беру жұмыстарын аяқтау, сонымен бiрге суармалы егiстiк жердiң құнарлығын арттыруды ұйымдастыру көзделуде.

Азық-түлiк бағасын арзандату да басты бағыттардың бiрiне жатқызылады. Облыс басшылығы әкiмдердiң бұл бағытта жүргiзген жұмыстарының төмен деңгейде екендiгiн атап өттi. Ендi алдағы уақытта қымбатшылықты ауыздықтау үшiн облыс халқының азық-түлiк өнiмдерiне деген қажеттiлiгiн анықтау, көкөнiс өнiмдерiне деген сұранысты жабу мақсатында жылыжайлар салу мен тамшылатып суару технологиясын ендiру, қосымша жер телiмдерiн бөлу, тауар өндiрушiлер мен жеткiзiп берушiлермен бағаны негiзсiз өсiрмеу жөнiнде Меморандумдарға қол қою, жәрмеңкелер ұйымдастыру керек.

Жоспарда энергия тапшылығының алдын алу, оны мейiлiнше үнемдеу амалдары да қарастырылыпты. Ол үшiн барлық бюджеттiк мекемелерде және көшелерге энергия үнемдейтiн лампаларды орнату және халық арасында энергия үнемдеу саясатын кеңiнен насихаттау қолға алынбақ.

2016 жылға дейiн мектептерде үш тiлдiк оқытуды енгiзу жоспарланды.

Осыған орай ағылшын тiлiнде сабақ беретiн мұғалiмдердiң жетiспеушiлiгiн ескере отырып, Бiлiм министрлiгiне кадрларды даярлау және қайта даярлау бойынша ұсыныс енгiзу, облыста үш тiлде оқытатын дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектептердiң желiсiн арттыру, мектеп оқушыларының тiлдердi меңгеруге деген қызығушылығын арттыру мақсатында интеллектуалдық ойындар мен конкурстар өткiзу және iрi кәсiпорындардың қатысуымен, сол кәсiпорындарға кадрларды даярлау мақсатында дүниежүзiлiк деңгейдегi колледждер құрылуы тиiс.

– Елбасы өз сөзiнде сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселесiне ерекше тоқталды. Мемлекеттiк органдар мен компанияларда қызметкерлер сыбайластыққа ұрынатын болса, сол ұйымның басшысы қызметтен кететiнi де айтылды. Осыған орай, ҚР "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы" Заңының бұлжытпай орындалуын, құқық бұзудың алдын алу, мемлекеттiк қызметшiлердiң қиянатқа бармауына жағдай жасау қажет, – дедi жиынға төрағалық еткен облыс әкiмi Асқар Мырзахметов.

Облыс әкiмдiгi сондай-ақ кадрлар бiлiктiлiгiн арттыруға, сыбайлас жемқорлықпен байланысты iс-әрекеттерге, тиiмсiз шешiмдер қабылдауға тосқауыл қоюға ықпал ететiн мейлiнше тиiмдi тетiк ретiнде кадрлар ротациясы жүйесiн белсендi енгiзу, жоғарғы оқу орындарының түлектерi, оқу озаттары (алтын резерв) арасынан кадрлар резервi жасақталмақ.

Бақытжан ӘБДIРАШҰЛЫ

Оңтүстiк Қазақстан облысы

Серіктес жаңалықтары