БАЗАРДЫ ДҮРЛIКТIРГЕН БӘСЕКЕЛЕСТIК
БАЗАРДЫ ДҮРЛIКТIРГЕН БӘСЕКЕЛЕСТIК
Отандық нарықтағы тауар бағасының ауытқып отыруы қорқынышты емес. Бiрақ бағаны өзара бәсекелес компаниялар бiрауыздан белгiлесе, нағыз қатер осы. Осы бағытта зерттеу жүргiзген ҚР Бәсекелестiктi қорғау агенттiгi бiршама шикi жайттарды анықтап отыр. Республикадағы зейнетақы жинақтаушы қоры мен сүт өндiрушi компаниялар қитұрқылығы үшiн жазасын тартуда.
СҮТ БАҒАСЫН БЕЛГIЛЕУШIЛЕРДIҢ СУАЙТТЫҒЫ
Бүгiнде тұтынушыға сүт және сүт өнiмдерiн жеткiзу мәселесi асқынып тұр. Нарықтың тұрақсыздығынан зардап шегетiн тек тұтынушылар үшiн сүт өнiмдерiнiң бөлшек саудадағы бағасы аса маңызды. Сүттiң нарықтағы құнын кiм белгiлейдi? Алдымен осыған көңiл аударайық.
Өткен жылы отандық нарықта Ресей, Украина, Белорусьтен келген сүт өнiмдерi басым едi. Нелiктен? Себебi елiмiзде сауылатын сүттiң үштен бiр бөлiгi ғана зауыттарда өңделiп, тұтынушы қолына сапалы сүт келедi. Ал қалған тұтынушы арзан импорттық сүтке қол созады. Себебi сүт өнiмдерiне қойылатын кедендiк баж салығы төмен. Осы сарынды сылтаулар Қазақстан нарығындағы сүт бағасының өзгеруiне алып келдi.
Сондай-ақ сүт саласының дамуын шектеп отырған тағы бiр жайт бар. Сарапшылардың айтуынша, айналымдағы өнiмдi көбейту және арзан импорттық өнiм көлемiн қысқарту керек. Сонда отандық нарықтағы сүт бағасын бақылауда ұстауға болады. Дегенмен республикамыздағы сүт бағасының қымбаттауына ұсақ тауарлы өндiрiс әсер етiп отыр. Мәселен белгiлi бiр көлемдегi сүттi алу үшiн Қазақстанда үш сиыр сауу керек болса, Голландия мен Белорусьте өнiмдiлiгi жоғары бiр-ақ сиыр ұстайды. Мiне, нарықтағы сүт бағасының қымбаттауына әсер ететiн бiрнеше факторды атадық. Сонымен қатар сүт бағасын қолдан көтерiп алу фактiлерi де тiркелiп отыр.
ҚР Бәсекелестiктi қорғау агенттiгiнiң Алматы облысы және Алматы қаласы бойынша инспекциясының жүргiзген тексерiсi нәтижесiнде сүт бағасын өздерi белгiлеп және нарықта сол бағаны ұстап отыруға келiсiп, бәсекелестiкке қарсы ұйымдасқан әрекетке барған бiр топ компаниялар анықталған. Атап айтар болсақ, "Адал АӨК", "Компания ФудМастер Трейд" ЖШС, "Компания ФудМастер" АҚ, "Вимм-Билль-Данн ЦА-Алматы" ЖШС, "RG Brands Kazakhstan" ЖШС, "Danone Berkut" ЖШС және "Raimbek Agro" ЖШС, "Агропродукт Азия" ЖШС компаниялары әкiмшiлiк жауапқа тартылып отыр. Ал басқа компаниялар тексерiс барысында сүт бағасын түсiргендерiн айтқан.
Әйтсе де бүгiнгi таңда республика халқы сүт және сүт өнiмдерiмен тегiс қамтылған сыңайлы. Кейбiр мәлiметтерге жүгiнсек, 2010 жылы бiр адам бiр жылдың iшiнде 300 келi сүт және сүт өнiмдерiн тұтынатыны анықталған. Бүгiнде отандық нарықтағы сүт өндiрушi компаниялардың жағдайы асқынып келедi, ал сүт импорттайтын жеткiзушiлер күн өткен сайын көбейiп келедi. Сондықтан сүт нарығын бақылау – күн тәртiбiне қойылған келелi мәселелердiң бiрi.
ЗЕЙНЕТАҚЫ ЖИНАҚТАУШЫ ҚОРЫ КӨП. ҚАЙСЫСЫ СЕНIМДI?
Соңғы жылдары өкiлдерi ел аралап, жер аралап өз компаниясын таныстыратын зейнетақы жинақтаушы қорларының саны артқан. Өз компаниясының мақтауын асырып, кемiстiгiн жасыратын агенттер бұрмаланған мәлiметтi де жайып салады.
Жақында осындай зейнетақы қорларының бiрiнiң қызметшiсi “Қазiрден қаржыңды өзiң көбейтiп отырмасаң, болашақта зейнетке шыққанда Үкiмет тарапынан белгiленетiн зейнетақы алынып тасталды” деп соққан. Ол ол ма, отандық нарықтағы зейнетақы қорлары жалған мәлiметтi де көрсете салады екен. ҚР Бәсекелестiктi қорғау агенттiгiнiң Алматы облысы және Алматы қаласы бойынша инспекциясының мәлiметiнше, "ГНПФ" жинақтаушы зейнетақы қоры бәсекелестiк дерегi бойынша күмәндi жарнама таратқаны үшiн ("Бәсекелестiк туралы" ҚР Заңы, 21 бап) әкiмшiлiк құқықбұзушылыққа барған. Аталмыш компания "Индустриальная Караганда" және "Прикаспийская коммуна" газеттерiне өз ақпаратын жариялап, басқа кейбiр зейнетақы қорларының инвестициялық табысы туралы (салыстырмалы мәлiметтер) шындыққа сәйкес емес ақпарат жариялаған. Бүгiнде "ГНПФ" әкiмшiлiк жауапқа тартылып отыр.
P.S. Қазақстанның бәсекелестiк артықшылықтары көп. Ең бастысы – бiздiң қоғамда, нарықта тұрақтылықтың болуы, кәсiпорындардың жұмыс қабiлетiнен айрылмауы. Бiрақ осы жолда атқарылар iс шаш-етектен.
Ақниет ОСПАНБАЙ